Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Тамыз айында Құрылтай сайлауы өтеді, грант конкурсының нәтижесі жарияланады, көлік жүргізушілеріне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енеді
АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Тамыз айында қазақстандықтар маңызды таңдау жасайды. Соған қарай бір палаталы парламент – Құрылтайға өтетін партиялар анықталады. Ал дауыс беретін ең жас сайлаушыларды оған дейін тағы бір маңызды күн күтіп тұр. 10 тамызға дейін грант конкурсының нәтижесі жарияланады. Бұдан бөлек, көлік жүргізушілеріне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Сосын биылдан бастап 30 тамызда Конституция күні тойланбайды. Сондықтан бір күндік демалыс берілмейді. Sputnik Қазақстан тамыз айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.
Сайлауда кімге дауыс береміз?
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына жеті партия қатысады. Орталық сайлау комиссиясы оларды бюллетеньде орналастыру тәртібін де бекітті.
1.
"Әділет" партиясы2.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы3.
Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы4.
Қазақстанның Халық партиясы5.
"Ауыл" партиясы6.
"Ақ жол" Қазақстанның Демократиялық партиясы7.
"Respublica" партиясыСондай-ақ сайлау бюллетенінде "Барлығына қарсымын" деген графа да болады.
Сайлаудың нәтижесінде 145 депутаттық мандат жиналған дауыстың санына қарай партиялар арасында үлестіріледі. Әрбір саяси ұйым Құрылтайға партиялық тізімнен кімнің баратынын өзі шешеді.
Емханада медициналық көмек көрсету ережесі өзгереді
3 тамызда емханада медициналық көмек көрсету ережесі өзгереді. Атап айтқанда, учаскелік терапевттен жолдаманы қайта-қайта алудың қажеті болмайды. Бұдан былай пациент невролог, кардиолог немесе эндокринолог сияқты бейінді дәрігердің қабылдауына барса, сол мамандар қосымша тексерулерге жібере алады. Ол үшін қайтадан терапевтке барудың қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, кейбір дәрігерлерге тікелей жазылуға мүмкіндік болады. Жаңа ережеге сәйкес, емхана медициналық ақпараттық жүйеде бейінді мамандардың екі айлық қабылдау кестесін жариялайды. Соған қарап, дәрігердің өзіне тікелей жазылуға мүмкіндік беріледі.
Грант иегерлері анықталады
10 тамызға дейін грант иегерлерінің тізімі жарияланады. Биыл бакалавриатқа 75 371 грант бөлініп отыр. Ал конкурсқа 127 мың талапкер құжат тапсырған.
Гранттардың басым бөлігі – 60 % инженерлік бағыттағы мамандықтарға, 20% – педагогикалық мамандықтарға, қалған 20% басқа салаларға қажетті мамандықтарға бөлінді.
Ресми мәліметке сәйкес, талапкерлер көбінесе "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "Педагогикалық ғылымдар" және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" сияқты бағыттарды таңдайды.
Алимент арнайы шотқа түседі
25 тамызда кәмелетке толмаған балаларды және еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі. Негізгі масқат – қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету.
Енді өндіріп алынған алимент арнайы банктік шотқа ғана аударылатын болады. Ол үшін өндіріп алушы сот орындаушысына осындай банктік шоттың деректемелерін ұсынуға міндетті.
Шоттағы ақшаға тыйым салуға болмайды. Ал алимент бойынша қалыптасқан берешек сақталады және есептен шығарылмайды.
Жол ережесі өзгереді
Осы айда жол ережесіне енгізілген өзгерістер де күшіне енеді. Оған сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуге міндетті.
Міндетті медициналық тексеруден өткені туралы мәліметтер ішкі істер министрлігіне автоматты түрде түседі. Ал тексерістен өткені туралы ақпарат түспесе, көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады.
Емтиханды қайта тапсырады
Жол ережесіне енгізілген тағы бір өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге қатысты. Оған сәйкес, жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтиханға жіберіледі. Негізгі себептер:
1.
жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу;2.
белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру;3.
маневр жасау;4.
жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу.Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік тізгіндеу құқығын тоқтатуға негіз болады.
Куәлікті 8 жыл бойы ала алмайды
Жол ережесінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік тізгіндегені үшін жауапкершілік те күшейтіліп отыр.
"Бұдан былай қылмыстық іс жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі бомаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды", - дейді мамандар.
Заңнамалық өзгерістер 25 тамызда күшіне енеді.
Тротуармен жүруге тайым салынады
Бұған дейін электрсамокаттарға қатысты қатаң талаптар енгізілген болатын. Ал 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуар мен жаяу жүргінші жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Ал жолдың жиегімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтер болуы шарт.
Бұдан бөлек, электрсамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түсіп өту керек.
Әйелдер ипотекасы қайта беріледі
Тамыз айында "Ұмай" бағдарламасы аясында қайтадан ипотека беріле бастайды.
Бағдарлама шарттары:
Мөлшерлеме – 14.4% (ЖТСМ 15.4% - дан бастап 16,4% дейін), одан кейін несие сомасының 50 процентін жинағаннан кейін 3.5% - 5% - ға дейін төмендейді (ЖТСМ 3.6% - дан);
Бастапқы жарна - 15-20%;
Несие сомасы - 50 млн теңгеге дейін;
Мерзімі - 6 айдан 10 жылға дейін.
Баспананы бастапқы немесе қайталама тұрғын үйден алуға болады. Бұдан бөлек, үйді жөндеуге де кредит қарастырылған. Бірақ ең жоғары сомасы 15 млн теңгеден аспайды.
Жаңа пойыз жолға шығады
2 тамыздан бастап "Астана-Арқалық" бағытында жаңа пойыз қатынай бастайды. Күн ара жүретін пойызда жаңа вагондар болады. Ал бір рейспен 250 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік бар.
Қозғалыс кестесі:
"Нұрлы жол" станциясынан:
жөнелту уақыты – сағат: 23:05
- Арқалық станциясына келу уақыты – сағат: 09:16.
Арқалық станциясынан:
жөнелту уақыты – сағат: 21:20
"Нұрлы жол" станциясына келу уақыты – сағат: 07:16.
Жол бойында пойыз Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл, Державинская, Арқалық және басқа да станцияларға аялдайды.
Жол жүру құны
купе – 9 900 теңге;
плацкарт – 6 800 теңге.
Неше күн демаламыз
Тамыз айында бұрынғы Конституция күніне байланысты демалыс болмайды. Биылдан бастап жаңа Коституция жалпыхалықтық референдумда қабылданған күн – 15 наурыз мемлекеттік мейрамдар тізіміне енгізілді. Осылайша, тамыз айында қосымша демалыстар болмайды.
Бес күндік жұмыс аптасы үшін барлығы 10 күн (сенбі мен жексенбі) демалыс болса, алты күндік жұмыс аптасында 5-ақ күн демалыс қарастырылған.





