https://sputnik.kz/20231101/aqtaban-shubyryndy-alqakol-sulama-oqigasy-turaly-ne-bilemiz-40242593.html
"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" оқиғасы туралы не білеміз
"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" оқиғасы туралы не білеміз
Sputnik Қазақстан
Биыл "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген атаумен тарихта қалған оқиғаларға 300 жыл толып отыр. Бұл Қазақ хандығы үшін ең ауыр заман болды." Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" тарихи оқиғасының хронологиясы
2023-11-01T11:21+0500
2023-11-01T11:21+0500
2023-11-21T10:24+0500
дерекқор
ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама
аңырақай шайқасы
аягөз шайқасы
ашаршылық
жоңғар шапқыншылығы
https://sputnik.kz/img/07e7/0b/11/40240093_0:0:501:281_1920x0_80_0_0_68a20e1f3fb7d10dd3e02cfef2242c2d.jpg
Жоңғарлар қалың қолмен қазақ даласына басып кіріп, мыңдаған адамды қырып тастады. Қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Ал аман қалғандары жан-жаққа босып кетті. Сол кезде қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кете жаздады. Sputnik Қазақстан 300 жыл бұрын болған аса қайғылы кезеңнің хронологиясын ұсынады.Жоңғарлар қазақ даласына қалай кірді1722 жылы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін жоңғарлар жағына төнген қауіп сейілді. Қытай мен Жоңғария арасында уақытша бейбіт келісім де болды. Содан жоңғарлардың назары қазақ даласына ауды.1723 жылы жоңғар әскері бірнеше рет жеңіске жетіп, Сайрам, Ташкент және Түркістан қалаларын жаулап алды. Одан кейін Жоңғария билеушісі Цеван Рабдан қазақтарға қарсы қалың қол жинап, жойқын күшпен тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Қалдан Серен мен Лаузан Шоно жетекшілік етті. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан. Тұтқиылдан басып кірген әскер аямай зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды.Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастапқашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды.Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды.Жоңғарлардың шабуылыҚазақ жырауларының жыр-толғауларына қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Қалдан Серен басқарған отряд Балқаш көлінен Қаратау тауларына қарай өтсе, Ердені-Батур жасағы Алтай тауын басып, Көктал өзенінің аңғарлары арқылы шыққан. Әмірсананың тобы Нұра өзеніне бет алды, төртінші жасақ – Шілік өзеніне; бесіншісі Есік көліне, тағы бір топ Шу алқабын таптап кетті. Ал жетінші жасақ Іле өзенінен өтіп, қазақ жерлерін басып алды.Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық пен Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандары бәрін тастап қашқан.Ұлы жүз бен Орта жүздің шағын бөлігі Ходжент пен Самарқан иеліктеріне көшті. Ал Кіші жүз қазақтары Қаратаудан Түркістанға келіп, Сауран қаласын айналып, Бұқара жаққа ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір ру-тайпалар Қызылқұм мен Қарақұмның ішіне сіңді. Босқын қазақтар қайыңның қабығын тіліп, шырынын ішуге, алғыр (ащы өсімдіктің тамыры), қозықұйрық (саңырауқұлақтың түрі) сияқты жеуге жарамды шөптесін өсімдіктерді талғажау етуге дейін мәжбүр болды. Мал-мүлкінен айырылған ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозып, сұлап түскен.Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет зардабы өте зор зұлматқа тап болды. Жер бетінен ұлт ретінде жойылып кете жаздады.Қазақтар неге біріге алмадыТәуке хан қайтыс болғаннан кейін үш жүз дербестеніп, бір-бірінен алшақтай бастады. Қазақ хандығының әскери-саяси қуаты да әлсірей түсті. Ол кезде әр жүзді билеген кіші хандар Үш жүздің ұлы ханына сөз жүзінде бағынғанымен іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды.1715 жылы Тәукеден кейін хан тағын Қайып иеленді. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Орта жүздің ханы – Сәмеке, ал Кіші жүзді Әбілқайыр хан басқарды. Әрбір жүз өзінің тәуелсіз саясатын жүргізді. Қазақтың әскері қажет кезде ғана жиналып тұратын. Ал жоңғарда тұрақты әскер болды. Олар өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін қажетті қару-жарақпен де қамтамасыз етті. Орыстармен қарым-қатынасын жақсартты. Осы елден қару мен оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 жылы құба қалмақтары орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты да қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді.Тарихшылардың айтуынша, "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға" дейін Қайып хан мен Әбілқайыр ханның әскері жоңғарлардан жеңілген. Осыдан кейін қалмақтар қазақ даласына қалың қолмен кіруге шешім қабылдады.Аягөз шайқасыӘбілқайыр сұлтан жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының азаттық соғысын ұйымдастыруға және жүргізуге белсене араласты. 1710 жылы жазда ол Карақұмдағы бүкіл ел жиналысында қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып сайланды. Оның басшылығымен қазақтар Ташкент, Түркістан мен Сайрам шаһарларын қорғап шықты. Ал 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың әскерді бастап, Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанды. Бұл оқиға Аягөз шайқасы болып тарихта қалды.Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтанның алдынан 1000 адамнан құралған жоңғар шекарашылары ұшырасады. Ойраттар санының аз болғанына қарамастан, екі жақ кешке дейін шыдап бақты. Ал түнде жаулар ағаштан бекініс соқты. Ертеңінде сол бекіністің ар жағына жасырынып, атысумен болды. Қазақтар жалаң атыс-шабыстан ештеңе шықпайтын түсініп, бір түнде қорған тұрғызды. Екі жақ сол қорғандардан қарама-қарсы оқ жаудырумен болды. Сол кезде Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан қай батырды жекпе-жекке шығаратынын келісе алмай дауласады. Ал жоңғарға көмекке 1500 адамнан тұратын атты әскер келіп жетті. Олар шекарашылармен атысып жатқан қазақ әскерін тылынан шабуылдады. Мұндай соққыны күтпеген қазақтар жаудан қашып қана құтылды. Бұл шайқаста қазақтың 400-2000 сарбазы мерт болды. Жеңілістің бар кінәсі Әбілқайыр ханға артылды. Бір жылдан кейін Қайып хан қайтыс болды.Белгілі тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: "Аягөз түбіндегі жеңіліс Қазақ ордасының ұзақ жылғы саяси және әлеуметтік дағдарысының бастамасы болды. Қалай болғанда да қазақ жағын жасытып, болашақтағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" үрейін бастаған осы жеңіліс болды. Ешқашан жауынан беті қайтпаған дала ұландарының жүрегіне бұл жеңіліс пен шегініс үрей әкелді", - деп тұжырым жасаған.Елім-ай...Сол кезде халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы "Елім-ай" әні дүниеге келді.Қаратаудың басынан көш келеді,Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.Қарындастан айырылған қиын екен,Қара көзден мөлдіреп жас келеді.Мына заман қай заман, қысқан заман,Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.Мына заман қай заман, бағы заман,Баяғыдай бола ма тағы заман.Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,Көздің жасын көл қылып ағызамын, – деп келетін шексіз қайғыға тұнған сөздері қазақтың қайғысын ашық көрсетті.Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді.Үш жүздің басын қосқан Ордабасы құрылтайы қалай өттіЭкономикалық, саяси, әлеуметтік, демографиялық ауыр дағдарысқа ұшырап, есеңгіреген қазақ елі етек-жеңін тез арада жинап, жаумен шайқас майданына шықты. Ар-намысы аяққа басылып, ақтабан болса да, қазақтар өзінің елдігін, тұтастығын сақтап қалады.1726 жыл Ордабасында Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері (Төле, Қазыбек, Ақсуат) қатысқан үш жүздің құрылтайы өтті. Сол жерде бас қолбасшылыққа Әбілқайыр сайланады. Кіші жүздің ханы ол кезде 33 жаста болған. Содан Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Наурызбай, Жәнібек, Малайсары және басқа да сұлтандар мен батырлар бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарға қарсы тегеурінді соққы берді. 1727 жылы Қаратауды қайтарды.Аңырақай шайқасыАңырақай шайқасына Қазақ хандығы 30-35 мың әскер, ал жоңғарлар 35-40 мың қолды алып келді деген болжам бар. Орыс зерттеушілерінің деректеріне қарағанда, 1723-25 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Ал Кіші жүз жер шалғайлығынан 10-15 мыңдай әскермен келген. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды.Бас кезінде позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым болды. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әртүрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Бірақ қазақтар сол кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты.Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай қашқан. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан әрі ұстап тұра алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат ханның жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді.Болат ханның інісі Сәмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолының көбісін Сәмеке хан соңынан ертіп солтүстікке бет алды. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады. Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті.1729-1730 жылдары қазақтың қарулы қолы қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратып, бас көтертпей тастады. Осындай ұлы күрестің нәтижесінде қазақтар өзінің елдік сипатын, халықтық қасиетін қалпына келтіріп, атажұртын сақтап қалды.
https://sputnik.kz/20221231/2023-zhyly-toylanatyn-mereytoylar-men-atauly-kunder-30062122.html
https://sputnik.kz/20220207/qazaq-ush-zhuz-derekter-22587887.html
https://sputnik.kz/20230613/abylay-khan-turaly-qyzyqty-derekter-35871165.html
https://sputnik.kz/20231008/qazaqtyn-tungysh-khany-kerey-khan-turaly-qyzyqty-derekter-39297814.html
https://sputnik.kz/20231011/qazaqtyn-ekinshi-khany-zhanibek-khan-turaly-ne-bilemiz--39488491.html
https://sputnik.kz/20230908/kenesary-qasymuly--qazaqtyn-songy-khany-38343778.html
https://sputnik.kz/20220209/qazaq-sozi-qalay-payda-boldy-22639928.html
https://sputnik.kz/20231017/kishi-zhuzdin-khany-abilqayyr-khan-turaly-qyzyqty-derekter-39749916.html
Sputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
2023
Sputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
Жаңалықтар
kk_KK
Sputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
https://sputnik.kz/img/07e7/0b/11/40240093_18:0:462:333_1920x0_80_0_0_231e0240e1be8130761a22b4b6f15bec.jpgSputnik Қазақстан
media@sputniknews.com
+74956456601
MIA „Rossiya Segodnya“
ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама 300 жыл "актабан шубырынды, алкаколь сулама жоңғар шапқыншылығы цеван рабдан қалдан серен галдан церен аягөз шайқасы аңырақай шайқасы ордабасы құрылтай курултай елім-ай үш жүз шапқыншылық қасірет зұлмат ашаршылық
ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама 300 жыл "актабан шубырынды, алкаколь сулама жоңғар шапқыншылығы цеван рабдан қалдан серен галдан церен аягөз шайқасы аңырақай шайқасы ордабасы құрылтай курултай елім-ай үш жүз шапқыншылық қасірет зұлмат ашаршылық
Жоңғарлар қалың қолмен қазақ даласына басып кіріп, мыңдаған адамды қырып тастады. Қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Ал аман қалғандары жан-жаққа босып кетті. Сол кезде қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кете жаздады.
Sputnik Қазақстан 300 жыл бұрын болған аса қайғылы кезеңнің хронологиясын ұсынады.
Жоңғарлар қазақ даласына қалай кірді
1722 жылы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін жоңғарлар жағына төнген қауіп сейілді. Қытай мен Жоңғария арасында уақытша бейбіт келісім де болды. Содан жоңғарлардың назары қазақ даласына ауды.
1723 жылы жоңғар әскері бірнеше рет жеңіске жетіп, Сайрам, Ташкент және Түркістан қалаларын жаулап алды. Одан кейін Жоңғария билеушісі Цеван Рабдан қазақтарға қарсы қалың қол жинап, жойқын күшпен тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Қалдан Серен мен Лаузан Шоно жетекшілік етті. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан. Тұтқиылдан басып кірген әскер аямай зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды.
Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастапқашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды.
Жоңғарлардың жойқын шабуылының нәтижесінде қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды.
Қазақ жырауларының жыр-толғауларына қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Қалдан Серен басқарған отряд Балқаш көлінен Қаратау тауларына қарай өтсе, Ердені-Батур жасағы Алтай тауын басып, Көктал өзенінің аңғарлары арқылы шыққан. Әмірсананың тобы Нұра өзеніне бет алды, төртінші жасақ – Шілік өзеніне; бесіншісі Есік көліне, тағы бір топ Шу алқабын таптап кетті. Ал жетінші жасақ Іле өзенінен өтіп, қазақ жерлерін басып алды.
Қорғануға мұршасы келмеген ел, әсіресе, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық пен Сырдария өзендері бойында көп қырылды. Тірі қалғандары бәрін тастап қашқан.
Ұлы жүз бен Орта жүздің шағын бөлігі Ходжент пен Самарқан иеліктеріне көшті. Ал Кіші жүз қазақтары Қаратаудан Түркістанға келіп, Сауран қаласын айналып, Бұқара жаққа ауды. Шұбырған халықтың басым көпшілігі Сырдан өтіп, Алқакөлге жетіп құлады. Кейбір ру-тайпалар Қызылқұм мен Қарақұмның ішіне сіңді. Босқын қазақтар қайыңның қабығын тіліп, шырынын ішуге, алғыр (ащы өсімдіктің тамыры), қозықұйрық (саңырауқұлақтың түрі) сияқты жеуге жарамды шөптесін өсімдіктерді талғажау етуге дейін мәжбүр болды. Мал-мүлкінен айырылған ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозып, сұлап түскен.
Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет зардабы өте зор зұлматқа тап болды. Жер бетінен ұлт ретінде жойылып кете жаздады.
Қазақтар неге біріге алмады
Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін үш жүз дербестеніп, бір-бірінен алшақтай бастады. Қазақ хандығының әскери-саяси қуаты да әлсірей түсті. Ол кезде әр жүзді билеген кіші хандар Үш жүздің ұлы ханына сөз жүзінде бағынғанымен іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды.
1715 жылы Тәукеден кейін хан тағын Қайып иеленді. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Орта жүздің ханы – Сәмеке, ал Кіші жүзді Әбілқайыр хан басқарды. Әрбір жүз өзінің тәуелсіз саясатын жүргізді. Қазақтың әскері қажет кезде ғана жиналып тұратын. Ал жоңғарда тұрақты әскер болды. Олар өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, әскерін қажетті қару-жарақпен де қамтамасыз етті. Орыстармен қарым-қатынасын жақсартты. Осы елден қару мен оқ-дәріні көптеп сатып алды. 1715 жылы құба қалмақтары орыстарда тұтқында жүрген швед шебері Ренатты да қолдарына түсіріп, зеңбірек құю технологиясын меңгерді.
Тарихшылардың айтуынша, "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға" дейін Қайып хан мен Әбілқайыр ханның әскері жоңғарлардан жеңілген. Осыдан кейін қалмақтар қазақ даласына қалың қолмен кіруге шешім қабылдады.
Әбілқайыр сұлтан жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының азаттық соғысын ұйымдастыруға және жүргізуге белсене араласты. 1710 жылы жазда ол Карақұмдағы бүкіл ел жиналысында қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып сайланды. Оның басшылығымен қазақтар Ташкент, Түркістан мен Сайрам шаһарларын қорғап шықты. Ал 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың әскерді бастап, Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанды. Бұл оқиға Аягөз шайқасы болып тарихта қалды.
Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтанның алдынан 1000 адамнан құралған жоңғар шекарашылары ұшырасады. Ойраттар санының аз болғанына қарамастан, екі жақ кешке дейін шыдап бақты. Ал түнде жаулар ағаштан бекініс соқты. Ертеңінде сол бекіністің ар жағына жасырынып, атысумен болды. Қазақтар жалаң атыс-шабыстан ештеңе шықпайтын түсініп, бір түнде қорған тұрғызды. Екі жақ сол қорғандардан қарама-қарсы оқ жаудырумен болды. Сол кезде Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан қай батырды жекпе-жекке шығаратынын келісе алмай дауласады. Ал жоңғарға көмекке 1500 адамнан тұратын атты әскер келіп жетті. Олар шекарашылармен атысып жатқан қазақ әскерін тылынан шабуылдады. Мұндай соққыны күтпеген қазақтар жаудан қашып қана құтылды. Бұл шайқаста қазақтың 400-2000 сарбазы мерт болды. Жеңілістің бар кінәсі Әбілқайыр ханға артылды. Бір жылдан кейін Қайып хан қайтыс болды.
Белгілі тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: "Аягөз түбіндегі жеңіліс Қазақ ордасының ұзақ жылғы саяси және әлеуметтік дағдарысының бастамасы болды. Қалай болғанда да қазақ жағын жасытып, болашақтағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" үрейін бастаған осы жеңіліс болды. Ешқашан жауынан беті қайтпаған дала ұландарының жүрегіне бұл жеңіліс пен шегініс үрей әкелді", - деп тұжырым жасаған.
Сол кезде халықтың жүрегінде мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңға толы "Елім-ай" әні дүниеге келді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған қиын екен,
Қара көзден мөлдіреп жас келеді.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай бола ма тағы заман.
Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын, – деп келетін шексіз қайғыға тұнған сөздері қазақтың қайғысын ашық көрсетті.
Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның" шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді.
Үш жүздің басын қосқан Ордабасы құрылтайы қалай өтті
Экономикалық, саяси, әлеуметтік, демографиялық ауыр дағдарысқа ұшырап, есеңгіреген қазақ елі етек-жеңін тез арада жинап, жаумен шайқас майданына шықты. Ар-намысы аяққа басылып, ақтабан болса да, қазақтар өзінің елдігін, тұтастығын сақтап қалады.
1726 жыл Ордабасында Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері (Төле, Қазыбек, Ақсуат) қатысқан үш жүздің құрылтайы өтті. Сол жерде бас қолбасшылыққа Әбілқайыр сайланады. Кіші жүздің ханы ол кезде 33 жаста болған. Содан Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Наурызбай, Жәнібек, Малайсары және басқа да сұлтандар мен батырлар бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарға қарсы тегеурінді соққы берді. 1727 жылы Қаратауды қайтарды.
Аңырақай шайқасына Қазақ хандығы 30-35 мың әскер, ал жоңғарлар 35-40 мың қолды алып келді деген болжам бар. Орыс зерттеушілерінің деректеріне қарағанда, 1723-25 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Ал Кіші жүз жер шалғайлығынан 10-15 мыңдай әскермен келген. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды.
Бас кезінде позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым болды. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әртүрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Бірақ қазақтар сол кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты.
Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай қашқан. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан әрі ұстап тұра алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат ханның жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді.
Болат ханның інісі Сәмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолының көбісін Сәмеке хан соңынан ертіп солтүстікке бет алды. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады. Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті.
1729-1730 жылдары қазақтың қарулы қолы қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратып, бас көтертпей тастады. Осындай ұлы күрестің нәтижесінде қазақтар өзінің елдік сипатын, халықтық қасиетін қалпына келтіріп, атажұртын сақтап қалды.