Дерекқор

Қазақтың үш жүзі туралы қызық деректер

© Табылды Кадырбеков / Медиабанкке өтуЮрточный городок в Кыргызстане
Юрточный городок в Кыргызстане - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.02.2022
Жазылу
Sputnik Қазақстан материалынан үш жүз мекен еткен жерлер, құрамына кіретін рулар туралы оқи аласыз
Қазақ халқы Ұлы, Орта, Кіші жүзден құралады. Ел ішінде Үш жүз ұғымының қайдан шыққаны туралы нақты дерек жоқ. Кейбірі тарихи еңбектердегі мәліметке сүйенсе, енді бірі аңызға негізделген. Sputnik Қазақстан үш жүздің мекен еткен жері, олардың құрамына кіретін рулар мен әр рудан шыққан танымал тұлғалар туралы ақпарат ұсынады.

Үш жүз қашан пайда болды

Қазақ жүздері – 15-16 ғасырлар аралығында Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан тайпалар одағы. Жүздердің шығуы мен "Жүз" атауының тарихи мәні туралы ғылыми тұрғыда дәлелденген ортақ пікір жоқ. Кей зерттеуші бұл атауды әлдебір бүтін нәрсенің, құбылыстың "бөлшегі", "саласы", "бір жағы" деп қарастырса, енді бірі "жүз", "жүздік" сандармен байланыстырады. Қалай болса да қазақ жүздерінің саяси, экономикалық, тілдік және мәдени тұтастығымен сипатталатын дербес халықтың жеке бөлшегі деп қарастырылады.
Этнограф Нұрлан Сәрсенбаевтың жазуынша, ел арасындағы шежіре бойынша Қазы деген адамнан Ақбай, Жанбай, Бекбай туып, еншіге таласыпты. Сонда Қазы жүз жылқыны Күншығысқа, жүз жылқыны Арқаға айдаттырып, Ақбай мен Бекбайдың алдына салып беріпті. Қалған жүзі менің және Жанбайдың үлесі деп алып қалыпты.
Қазыдан – Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз) таралып, қазақтың үш жүзге бөлінуі содан таралған деген ауызша айтылған аңыз бар. Мұны тек қазақты үш жүзге бөлу туралы айтылған халық әдебиетіне тән туынды деп қана түсінуге болады.
Жазушы Мұхтар Мағауиннің "Қазақ тарихының әліппесі" еңбегінде былай дейді: 16 ғасырдың ақыры – 17 ғасырдың бас кезіндегі қазақ ордасының туын көтерген ұлыс-тайпалар: ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз, қатаған, құрама, қырғыз, қарақалпақ, бұлардың ішінде қырғыздан басқасының бәрі өздерін қазақ атаса керек. Қатаған қырғыны (1627 жылы) Есім ханның жеңісі емес, бүкіл қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екі бөлшегі түнекке батты. Содан былай қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш деп аталды. Келесі бір сілкіністе қырғыз және қарақалпақ пен құрама іргесін бөледі. Қазақ халқы деген атауды ұстап үш алаш – үш жүз ғана қалды.
Тұлым шаш - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.06.2019
Қоғам
Айдар, тұлым, кекіл: қазақ халқының балаға шаш қою дәстүрінің сыры неде?
Ақылбек Шаяхметтің "Есте қалар ел тарихы" еңбегінде "Қарахан елі Ұлы тау, Кіші тауды жайлап, Қарақұрым, Сырдарияны қыстап жүреді. Қараханды баласы өлтіріп, Оғыз өзі хан болады. Оғыз хан өте мықты, атақты хан болып, жер жүзінің талай жерін билеген. (...) Оғыз ханнан Күн туады. Күн ханнан Деңіз хан туады. Денің ханнан Бөденетай туады, одан Бөркілтай, одан Табанатай туады. Табанатайдан екі бала: Сейілхан, Жайылхан. Сейілханнан 8 арыс түрікпен тарайды. Жайылханнан Майқы би туады. "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би" деген осы кісі. Майқыдан екі бала туады: Сапыян, Өзбек. Сапыянна Ақшолпан, одан Аламан, ал одан Алаш туған. Алаштан үш бала: Созақ, Қазақ, Қарақалпақ. Қазақтан үш бала туады: Ақарыс (Ұлы жүз), Жанарыс (Орта жүз), Бекарыс (Кіші жүз)" делінген.

Үш жүз мекендеген жерлер

Тарихи деректер бойынша Ұлы жүз Жетісу жерін мекен еткен. Шығысы Қаратал өзені, батысы Шу мен Қаратау, Балқаш өңірі. Бұған Қаратау қойнауы, Шыршық, Сыр, Арал өңірі қосылған.
19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ұлы жүз қазақтары негізінен Жетісу облысының Қапал, Жаркент және Верный уездерінде, Сырдария облысының Әулиеата, Шымкент және Ташкент уездерінде мекендеген.
Орта жүз қазақтарының қысқы тұрағы – Сырдарияның орта ағысы, Қызылқұм, Мойынқұм өңірлері, Қаратаудың терістік беткейі, Балқаш көлінің солтүстігінде болған. Ал жазда Тобыл, Ертіс, Торғай, Есіл, Сарысу өзендерінің бойы мен Сарыарқа өңірін жайлаған. Орта жүз бірлестігі пайда болғаннан кейін олардың мекен еткен аумағы да кеңейген. 17 ғасырда Орта жүз жұртшылығы Орталық, Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның кең атырабын мекендеген.
16-17 ғасырларда Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың қолданысындағы кең өңірде негізінен Орта жүз қазақтары мекендеген. 18 ғасырдың басында Орта жүз жерінде Сәмеке мен Күшік хандардың дербес хандықтары, Барақ және Әбілмәмбет төрелердің дербес иеліктері жеке дара өмір сүрді.
18 ғасырдың 40-жылдарында Орта жүз Ресей патшылығына бодандыққа түсуге мәжбүр болды. Жоңғар хандығы күйреген соң Абылай сұлтан Орта жүз қазақтарын жеке хандыққа біріктіріп, 1771 жылы үш жүзге хан сайланды. 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында Орта жүз жұртшылығы біршама өсіп, олардың мекен ететін аумағы кеңейе түсті.
Нәтижесінде 1815 жылы Орта жүзде екінші хандық қалыптасып, Бөкей хан сайланды. Кейіннен патша үкіметі Орта жүздегі хандықтарды жойып, олардың орнына 1824-1859 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Аманқарағай, Баянауыл, Үшбұлақ, Көкпекті, Құсмұрын және Атбасар сияқты он сыртқы дуанды құрып, оны төрелер басқаратын етті.
Деньги в руке, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2022
Қоғам
"Ру-тайпалық байланыстарды қою керек!": Тоқаев заман талабына сай мемлекет құруға үндеді
Қазан революциясынан кейін Орта жүз жұрты Торғай, Ақмола, Семей және жартылай Жетісу, Сырдария облыстарын мекендеген.
15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында Ноғай Ордасынан бөлінген қазақ тайпаларының, оның ішінде Алшын одағының негізінде Кіші жүз бірлестігі қалыптасты. Сондықтан ел арасында "Кіші жүз - Алшын" атанған. Кіші жүздің Байұлы 18 ғасырда Кіші жүз жерінің оңтүстік-батысын, яғни Жайық өзенінің орта ағысын, Қобда, Елек және Ор өзендерінің бойын және Мұғалжар тауының қойнауын мекендеген. Әлімұлы ұрпағы Батыс Қазақстанның кең байтақ шығыс өңірін, яғни Ырғыз, Торғай өзендерінің бойында, Шалқар көлінің төңірегінде, Кіші және Үлкен Борсық құмдары мен Қарақұм атырабын және Сырдарияның төменгі ағысын мекендеді.
17-18 ғасырларда Кіші жүз құрамына енген негізі ру-тайпалық топтар Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім және Тәуке хандардың иелігінде болды. Тәуке хан Төле, Қазыбек және Әйтеке билер арқылы қазақтың үш жүзіне бірдей хандық билігін жүргізді. Тәуке хан өлгеннен кейін Кіші жүзге Әбілқайыр хан сайланды.
1731 жылы ол Кіші жүз қазақтарын Ресейге бодан етті. Оның бұл әрекетіне қарсы топтар көп болды. 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза тапқан соң Кіші жүз хандығына оның мұрагерлері Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ және Шерғазы хандар хандық құрды. 1824 жылы патша үкіметі Кіші жүзде хандық басқаруды жойып, оның орнына басқарушы сұлтандар басшылығымен Кіші жүз жерін Батыс, Орта және Шығыс әкімшілік жерлеріне бөлді.

Үш жүз рулары

Ұлы жүздің ішінде 11 ру бар: албан, суан, дулат, жалайыр, қаңлы, сарыүйсін, шапырашты, ысты, сіргелі, ошақты, шанышқылы.
Қаңлы – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Қаңлылардың атасы Майқы би болып саналады. Қаңлылар сары қаңлы және қара қаңлы болып екіге бөлінеді. Ұлы жүздің Төбейден басталатын шежіресінде Төбейден Бәйтерек, одан Қаңлы, одан Қанкөжек, Келдібек тарайды. Келдіктің бірінші әйелі – Сары бәйбішеден сары қаңлы, екінші әйелінен қара қаңлы ұрпақтары өрбиді. Жетісу қаңлылары да сары қаңлы, қара қаңлы болып бөлінеді.
Ұраны – Бәйтерек, айрылмас. Таңбасы – көсеу.
Сіргелі – Ұлы жүз құрамындағы 11 арыс елдің бірі. Қазақтың барлық шежіре деректерінде үйсінмен бірге туғаны айтылады. Ежелгі деректерде сіргелінің Оңтүстік Қазақстанды мекендеген ежелгі тайпа екені айтылады.
Таңбасы – мұрындық, сірге.
Жалайыр – Алматы облысының Сарыөзек, Талдықорған маңы мен Іле, Балқаш өңірлерін мекендеген тайпа. Мұхамеджан Тынышбайұлының кітабында жалайырлар Шыңғыс хан кезінде және кейінірек төрт топқа бөлінгені айтылады. Біріншісі – Моңғолия мен Қытайда қалды. Екіншісі – Жошы балаларына беріліп, барлық аңыз бойынша Шу өзенінің орта ағысынан Шығысқа қарай орналасып, Шуманақ деп аталады. Үшінші тобы – Шыршық пен Әңгірен бойын жайлағандар тарихта Жалайыр ордасы атымен белгілі. Төртінші топ – Хулағу ханмен Парсыға өтіп кетті.
Ұраны – Қоблан, таңбасы – тарақ.
Ысты – 13 ғасырда қазақ жерінде Шу мен Талас бойын мекендеген тайпа. 15 ғасырда Қазақ хандығының құрамына енді, содан кейін өзге тайпалармен араласып, біраз бөлігі Іленің сол жағалауын қоныстанған. Әулиеата, Шымкент, Верный уездерін де мекендеген. Таңбасы – көсеу, ұраны – Жауатар.
Ошақты – Ұлы жүз құрамындағы тайпа. Ол байлы, қаңыр, аталық, тас жүрек секілді рулар бірлестігіне бөлінеді. Байлыдан сүзік, байсары, қасқа, қабыл рулары; қоңырдан шуылдақ, алданар, жамантымақ, түлікші рулары; аталықтан орақ, жалмәмбет рулары тарайды. Тас жүректен он екі ру тарайды: қосақ, солақай, сейіт, тоқтауыл, қараман, келмембет, бөлек, тас, тілеу, қайғы, таз, кенже.
Ошақтылар Талас өзенінің төменгі ағысын қоныстанған. Ошақтының ұраны – Бақтияр, таңбасы – тұмар.
Шапырашты – Ұлы жүз құрамындағы көне тайпа. Тарихи деректерге қарасақ, шапыраштыдан тараған рулар Іле Алатауының бөктеріндегі Түрген, Талғар, Алматы, Ақсай, Қаскелең, Қарғалы, Жаманты өзенінің бойын жайлап, Іле бойын қоныстанған.
Шапыраштының ұраны – Бақтияр, таңбасы – ай, тұмар.
Албан – қазақ халқын құраған ежелгі ірі тайпалардың бірі. Қазақ шежіресінде Албан Үйсіннің Бәйдібек тармағынан тарайтын Дулат, Суан, Шапырашты, Ошақты, Ысты тайпаларының ағасы болып есептеледі. Албан сары және шыбыл деген екі ру бірлестігіне бөлінеді.
Албандардың ұраны – Райымбек, Бәйдібек. Таңбасы – дөңгелек.
Суан – Ұлы жүздің құрамындағы ежелгі тайпа. 19 ғасырдың бірінші ширегіндегі деректерде Суан Тоқарыстаннан Байтүгел, Бағыс, Жесегір руларына бөлінген. Сол кездегі Жаркент уезінің солтүстік жағында Ілеге дейін, оңтүстігінде Көктерек өзенінің бойын жайлаған.
Суанның таңбасы – дөңгелек, рудың ұраны – Байсуан, тайпалық ұраны – Райымбек.
Дулат – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Қазақ шежіресі бойынша дулат – Ұлы жүздің құрамына кіретін ірі тайпалардың бірі. Дулаттар Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында көптеп шоғырланған.
Сарыүйсін – Ұлы жүздің құрамында болған көне тайпа. 1897 жылы санақ бойынша Сарыүйсін 1700 түтін, екі болыс ел болған. Сарытауқұм, Мойынқұм, Шуға құйылатын Құрақатты өңірінің бойын мекен еткен. Сарыүйсіннен Сарыби шешен, Алтай шешен шыққан.
Сарыүйсіннің ұраны – Байтоқты, таңбасы – абақ.
Ұлы жүздің тағы бір руы – Шанышқылы. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша бұл рудың шығу тегі мен тарихы туралы көне деректер жоқтың қасы. 18 ғасырдың ортасынан бастап орыс деректерінде "шанышқылы Ұлы жүз құрамына кіріп, Қаратау мен Талас өзенінің күнгейінде көшіп жүреді" деп жазылған.
Орта жүздің рулары: арғын, найман, қыпшақ, қоңырат, керей және уақ.
Арғын – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Мұхамеджан Тынышпаев қалдырған деректер бойынша 20 ғасырдың басында 6 миллионға жуық қазақтың ішінде сан жағынан ең көбі арғындар болған – 890 мың адам.
Арғын өз ішінде екі үлкен атадан тұрады: Бес мейрам немесе бәйбіше арғын (Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек) және Жеті момын немесе тоқал арғын (Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты, Бәсентин, Шақшақ, Сарыжетім).
Арғын тайпасының ұраны – Ақжол, таңбасы – көзтаңба.
Найман – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпасының бірі. Көптеген зерттеушінің пікірінше, "найман" атауы моңғолша "сегіз" деген сөзді білдіреді. Зерттеушілер бұл тайпа 10 ғасырдан бастап "найман" деп атала бастаса да, 13 ғасырға дейін бұрынғы "сегіз" аты қосарланып аталғанын айтады.
1917 жылы Ресей үкіметі жүргізген санақ бойынша Ресей мен Қытай империясының құрамында 830 мыңдай найман өмір сүрген. Ол өзі ішінде Терістаңбалы, Сарыжомарт, Төлегетай, Сүгірші болып бөлінеді.
Наймандардың ортақ ұраны – Қаптағай, таңбасы – бақан.
Қоңырат – Орта жүз құрамындағы тайпа. Қоңырат тайпасы Көтенші, Көктің ұлы деген үлкен екі бірлестіктен тұрады. Көтеншіден Жаманбай, Аманбай, Жетімдер, Божбан, Саңғыл тараса, Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Құлшығаш, Аққой, Оразкелді, Тоқболат, Қаракөсе ұрпақтары өрбіген.
Мұхамеджан Тынышпаевтың еңбектеріне қарағанда, қоңыраттардың Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы саны 310 мың адам болған.
Қоңыраттардың ұраны – Алатау, Мүкәмәл; таңбасы – босаға таңбасы.
Қыпшақ – қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.
Қазақ халқының құрамына енген қыпшақтар негізінен Сыр бойын, Арқа өңірін, Солтүстік Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Торғай аумағын мекендейді. Өз ішінде Қарақыпшақ, Құланқыпшақ, Сарықыпшақ, Қытайқыпшақ болып бөлінеді.
Қыпшақтардың ұраны – Ойбас, таңбасы – екі тік сызық.
Керей – қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпаларының бірі. 9-11 ғасырларда олардың саны 200 мың шамасында болғаны айтылады. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, киіз үйде өмір сүрген.
Керей Ашамайлы және Абақ деген екі үлкен бірлестіктен құралған.
Керейлердің ұраны – Ошыбай, Абақ, Жәнібек; таңбасы – қосу белгісі.
Уақ – Орта жүздің құрамына кіретін тайпа. Шежіре бойынша Шоға, Сарман, Байназар, Сарыбағыш, Сіргелі, Еренші, Әлімбет, Бидалы, Жансары, Баржақсы, Шәйкөз руларына бөлінеді. Соңғы төртеуін Ергенекті Уақ деп те атайды.
1820 жылғы дерек бойынша Орта жүздегі уақтар 6000 түтін шамасында болған. 20 ғасырдың басындағы деректерде 2300 түтін шамасында болғаны айтылады.
Уақтардың ұраны – Жаубасар, Бармақ; таңбасы – босаға, ашамай.
Кей шежіреші алты тайпаға қосымша жетінші етіп Тарақтыны қосады. "Қазақ шежіресі" еңбегінде Орта жүз Арғын ішінде Тарақты деген ел бар, оның нәсілі кім екенін ешкім анықтап білмейді делінген.
Қазақ ішінде Тарақты Арғынның ноқта ағасы деген бір сөз бар, соған қарағанда тарақ таңбалы болып Арғыннан бөлінген бір тап болуы мүмкін.
Тарақты 12 рудан құралған: бәйбішеден төртеуі – Әлі, Сары, Қыдыр, Жаши және басқа әйелінен – Алеуке, Көгедей, Апай, Тоқтағұл, ең кіші әйелінен –Бөгеші, Бұлдырық, Айти, Қосанақ.
Кіші жүздің рулары: жетіру, он екі ата Байұлы, алты ата Әлім.
Он екі ата Байұлы адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, масқар, таз, есентемір, ысық, қызылқұрт, шеркеш бірлестіктерінен тұрады.
Байұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Байұлы этнонимі Түркі қағанының кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Байұлы туралы деректер 18 ғасырдың бірінші жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарынада жиі ұшырасқан.
Жетіру ішіне тама, табын, телеу, жағалбайлы, рамадан, кердері кіреді.
Жетіру – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Тарихшылардың жетірудың арғы тегін ежелгі түркі тайпалары бірлестігімен байланыстырады.
Жетіру бірлестігінің шығу және қалыптасу тарихын Кузеев былай баяндайды: Жетіру тарихи және этникалық тұрғыдан Дешті Қыпшақ тайпаларымен тығыз байланысты. Қыпшақтардың өзі бұл топты ұзақ уақыт бойы башқұрттарға емес, қазақарға жатқызады... Оңтүстік Башкирияда ноғай билігі дәуірінде немесе одан да ертеректе жеті башқұрт тайпасының одағы ете-ырыу болғаны туралы аңыз кеңінен тараған. Әртүрлі мәлімет берушілер Жетіру бірлестігіне әртүрлі тайпаларды қосады.
Алты ата Әлімге шекті, қаракесек, қарасақал, төртқара, кете, шөмекей кіреді.
Әлімұлы – қазақ халқын құраған тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүздің құрамына енеді. Қаракесек деп те алады. Әлімұлының алты тармағы болғанына қарай ел ішінде "Алты әлім" деп те атайды.
Ақын Ерімбет Көлдейбекұлы шежіресінде Әлімұлына Жаманақ (шекті), Қарамашақ (төртқара), Айнық (қарасақал), Ұланақ (қаракесек), Тегінболат (қарасақал), Тойқожаны (ақ кете) жатқызады. Әлімұлының тармағы алтау болғанымен, енші алып, ұранға шыққаны – төртеу. Олар: Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнақ.

Үш жүздің биі

Қазақ тарихында үш жүздің үш биі болған. Олар әділ әрі елге сыйлы болып, сол кезде қазіргі сот пен тергеушінің міндетін атқарған. Алдына мәселесін айтып келген ағайынның араздығына төрелік айтып, даулы мәселеге ойлы шешімдері арқылы нүкте қойған.
Ұлы жүздің биі – Төле би. Филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы мен Уәлихан Қалижанның дерегіне сүйенсек, Әлібекұлы Төле қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінің Жайсаң деген жайлауында дүниеге келген. Өмір сүрген жері – Шымкент, Леңгір ауданы, Ақбұрхан Орда.
Төле би Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының Ата заңына айналған әйгілі "Жеті жарғы" жобасын шығарған кемеңгердің бірі.
"Жеті жарғы" жобасында жер дауы, жесір дауы, мал дауы, құн дауы, алым-салықтың түрлері, ер мен әйелдің некелесу салттары, ру, тайпа таңбалары, оның ұрандары, барымтаға тыйым салу, хандар мен сұлтандардың үстемдіктерін біршама шектеу, билердің басқару рөлін жоғарылату белгіленді.
Төле би Әлібекұлы 1756 жылы Ташкент қаласының жанындағы Ақбұрқан деген жерде 93 жасында қайтыс болған, денесі Ташкент қаласындағы атақты Бабырдың арғы аталары Юнус хан мазарының қасында қойылған, күйдірген қызыл кірпіштен биіктігі 15 метрлік зәулім ескерткіш орнатылған.
Орта жүздің биі Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.
Тәуке хан тұсында "Жеті жарғыны" түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі "Жеті жарғыны" жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерледі.
Әйтеке би – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі. Қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері. Әз Тәуке хан құрған Билер кеңесінің мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, "Жеті жарғы" деп аталатын заңдар кодексін шығарушыларлың бірі.
Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының төртқара руы. Ол 1644 жылы қазіргі Өзбекстан жеріндегі Нұрата тауының Бұхара жеріне қарай созылып жатқан Қызбибі тауының етегінде өмірге келген.
Оның арғы атасы әулие Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған.
Әйтеке би 1700 жылы Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген.
Юрта - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2021
Дерекқор
Қазақтың киіз үйі туралы қызықты деректер
Жаңалықтар
0