Киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымайтын негізгі баспанасы. Ол тез жылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болған уақыты қола дәуіріне тура келеді. Киіз үй біздің заманымыздан бұрын 7 ғасырда кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналған. Киіз үйдің қабырғасы шеңбер тәрізді келіп, төбесі күмбезделген.
Киіз үйдің тарихы
Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі. Көшпелі өмірге ыңғайлы болғандықтан киіз үйді пайдаланған. Климат жағдайына және мекендейтін ауданына байланысты қазақтардың қыста немесе жазда тұратын тұрғын үйлері әртүрлі болған. Олар жазда киіз үйде, қыста тұрақты салынған жылы жайларда тұрған. Олардың барлығы дерлік киіз үй формасын сақтаған. Қазақтардың өте ертеде тұрған тұрақты үйлері шошала деп аталған. Ол дөңгеленген бір бөлмелі конус немесе жарты ай сияқты күмбезделген. Шошаланы ағаштан кесіп, тоқып немесе ойылған тастан, күйдірілген кірпіштен қалаған.
Ал Қазақстанның оңтүстігі мен орталық аймағында дөңгелек күмбезді қыпшақ үлгісіндегі киіз үйлер басым болды. Жетісу аймағында құрылысы конус тәрізді, күмбезді келген қалмақ үлгісіндегі киіз үйлер сақталған.
Кей деректе киіз үйдің қазақ және қалмақ үлгісіндегі екі түрі бар екенін айтылады.
Киіз үй қандай бөліктен тұрады
Киіз үй негізгі үш элементтен тұрады: кереге, уық, шаңырақ. Жылжымалы тор көз – кереге, кереге басы мен шаңырақты жалғастыратын ағаш – уық, киіз үйдің төбесі – шаңырақ. Керегенің әр бөлігі қанат деп аталатын қабырғалардан тұрады.
18 ғасырдан бастап 19 ғасырдың бірінші жартысына дейін 12, 15 және 18 қанатты киіз үйлер болған. Керегелер торкөз, желкөз деп бөлінеді. Керегенің басы мен шаңырақтың ортасын ұзын ағаш шыбықтар – уық тұтастырып тұрады. Үйдегі кереге басы қанша болса, сонша уық керек.
Академик Әлкей Марғұланның "Казахская юрта и ее урбанство" деген еңбегінде "30 қанатты хан ордалары болған" деген дерек келтірілген.
Қайыңды иіп немесе бірнеше иіндіні қималастырып шеңбер бейнелес етіп шаңырақ жасалған. Өн бойына уық шаншылатын төрт бұрышты тесіктер қашайды. Оны шаңырақ көзі дейді. Көздері керегенің басына, үш-үштен, кейде төрт-төрттен айқастырған бүгулі шыбықтар бар, оны күлдіруіш дейді.
Киіз үйдің сәнді, өте әшекейленген есігі сықырлауық деп аталады. Ол ортасынан ашылып-жабылып тұратын жарма есіктерге ұқсайды. Есік ашылып-жабылғанда сықырлап тұрады.
Киіз үйдің есігі табалдырық пен маңдайша және екі жақ босағадан тұрады. Босаға түзу ағаштан жасалады. Маңдайша мен табалдырық жуан қайыңнан шабылып, сүргіленеді. Артынша ою-өрнекпен әшекейленеді.
Маңдайша киіз үй керегелерінің жоғары бастарын тұтас конструкцияға айналдырады. Маңдайшаға маңдай уықтар бекітіледі, ол босаға мен сықырлауықтың жоғары жағын ұстап тұрады.
Табалдырық маңдайшаның жердегі көшірмесі. Тек табалдырықты көп сәндемейді, бір түспен сырлайды. Табалдырық пен маңдайшаға кереге тіреліп, жалпақ сәнді құралмен бекітіледі. Табалдырықты баспайды, табалдырыққа отырмайды.
Босаға маңдайша мен табалдырық арасын белгілі қашықтықта ұстап тұрады, кереге бекітіліп, адамдардың үйге кіріп-шығуы үшін арнайы жасалған.
Қазақ киіз үйдің әр бөлшегін қазірге дейін қастерлеп, жырға қосқан. Мысалы,
Келін түсті жолы ғой бұрынғының,
Біздің үйге бірі енді бұрымдының.
Ақ ниетпен аттаған босағаны,
Ағарып тұр әнеки шымылдығын, деген өлең жолдары бұл сөзге дәлел бола алады.
Киіз үйдің ішіндегі торларды туырлық және жапқымен жапқан. Киіз үйдің сыртын киізбен жабады. Киіз үйдің киізден жасалатын жапқыштары үй корпусына баумен немесе өрнекті құралмен, үлкен түкті кілеммен және басқұрмен бекітілген. Басқұр жасалуына қарай ақ басқұр және ала басқұр деп екі түрге бөлінеді. Екеуі де өрмек тоқу әдісі арқылы тоқылған.
Жел бау – киіз үйдің шаңырағын қатты жел аударып кетпес үшін шаңырақтың күлдіреуіш ағашынан төмен тартып бастыруға пайдаланылатын шашақты бау.
Бас бау – туырлықтың, үзіктің жүннен есіп жасалған жоғары баулары.
Уық бау – керегенің бастарына уықтың аяғын бекітетін бау. Бауды бояуға ақ, жасыл және ары түс пайдаланылған.
Киіз үйдің түрлері
Қазақтың киіз үйлері қолданылуына қарай негізгі үш түрге бөлінген: тұрғын үй қызметіндегі киіз үй; қонақ қабылдауға арналған той киіз үйі; жылжымалы киіз үй. Бұлардан басқа қойма және сарай орнына қолданылған асхана киіз үйі болған.
Киіз үй жабдықталуына қарай да ажыратылған. Оларды арбамен тасымалдау үшін бірнеше түйе қажет болған. Орташа жағдайы бар қазақтың киіз үйі де көлемі жағынан шағын болған. Оларды бір түйемен тасымалдауға болады.
Қазақтың ақ үй, ақ орда, боз үй, отау үй деп аталатын қонақ үйлері көз тартар көркемдігімен ерекшеленген.
Ақ орда – қазақ феодалдарының, сұлтандарының халық шеберлеріне арнайы жасататын киіз үйі. Орда туралы мәліметтер 16-18 ғасырдағы зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Саяхатшы Христофор Барданестің жазбалары бойынша сұлтандардың киіз үйлері аса үлкендігімен, киізінің ақ түсті болуымен және бау-құралдарының әдемі әшекейленгенімен ерекше көрінген. Ішінде бірнеше бөлмеге бөлінген. Ортасында үлкен қазан асулы тұрады.
Махамбет Өтемісұлының өлеңінде ақ ордаға қатысты жолдар кездеседі:
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім, дейді батыр.
Сондай-ақ ақ орда атауы жарапазан өлеңдерінде де кездеседі.
Үйің, үйің, үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Ақ ордадай көрінген,
Қай кісінің үйі екен?, дейді.
Сондай-ақ қазақ халқының жас жұбайларға арналған отау үйі де жасауға бай және сәнді болған. Мұндай киіз үй жиһаздардың әдемілігі, сәнділігі жағынан тіпті билеуші үстем таптың ордасынан да асып түскен.
Жас жұбайларға арналған үйдің екі түрі болған: отау үй және күйме.
Отау – қазақтың байырғы сөздерінің бірі. Отау деп көп жағдайда үлкен үйден бөлініп шыққан, бірақ әлі сол ауылдың ықпалымен көшіп-қонатын үйді атайды.
Күймелі арба қыпшақтар мен ноғайлардың, қазақтардың көшіп-қонғанда, жолда ұзақ жүргенде пайдаланатын тұрғын үйі. Оларда тек қыздар мен балалар тұрған. Рубрук ол туралы былай жазған: "Әйелдер өздеріне тән әдемі күймелер жасатқан. Олар бойжеткен қыздар тұратын бөлме қызметін атқарған".
"Қыз Жібек" дастанында да Төлегеннің қалыңдық іздеп жолға шыққаны, содан кейін Жібектің күймесі көш бұрын кеткені былай суреттеледі:
...Келсе Жібек жоқ екен,
Сол секілді көшінде.
Мұны көріп Қаршыға,
Атының басын бұрады,
Әңгіме дүкен құрады.
Жібекжан қайда кеткен деп,
Болжалды жерге жеткен деп,
Көшпен бірге жүргенде,
Бетіме тозаң тиер деп,
Көк пәуеске күймесін
Азаннан тұрып жеккен деп.
Шешесінің сол жерде,
Бұларға берген жауабы, делінген.
"Қыз Жібек" дастанында Төлегеннің Жібек отырған күймеге жақын келіп, танысуға ниет білдіретін тұсы былай суреттелген:
...Қыз Жібек мінген күймесін
Күймеге тағып түймесін,
Бүйте берме, ей Жібек,
Кесірің жұртқа тимесін!, дейді.
Осыдан-ақ сол уақытта сән мен салтанаты жарасқан күйменің көктен тігіліп, түрлі әшекеймен сәнделгенін аңғаруға болады.
Киіз үйдің тағы бір түрі – жорық киіз үйлері. Ол арнайы әскери жорыққа арналған. Ол сәнді жабдықсыз, шағын көлемді болған. Жорық киіз үйінің бір түрі – жолым үй.
Көш кезінде шаршаған малдың, көш көліктің жағдайына қарап аз уақытқа тоқтап, бума уықтардың басын түйістіріп, үстіне киіз жауып жасаған баспананы жолым үй атаған. Бұл сөз жолшыбай жасалған үй деген мағына береді.
Киіз үйдің тағы бір түрі – жабасалма. Көшіп, не керуен салып келе жатқанда бір қонып аттанатын жағдайда екі керегені жайып, бастарын түйістіріп, бекітіп, үстіне киіз жауып жасаған баспананы жабасалма деп атаған.
Жабасалма мен жолым үйдің ішінде от жақпайды.
Киіз үйді жабу әдістері
Қазақ киіз үй жабатын киіз бұйымдарын түндік, үзік, туырлық, іргелік деп бөледі.
Түндік – киіз үйдің шаңырағын жабатын киіз. Төртбұрышты пішіліп, шаңырақ диаметрінен 50-60 сантиметр молдау жасалады.
Үзік – киіз үй сүйегінің шаңырақ қырынан бастап уық бойын тұтас жабады.
Туырлық – кереге бойын жабады.
Іргелік – керегенің аяқ жағын жабады.