АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2017 жылы дүйім жұртты дүрліктірген жемқорлық даулары аз болмады. Атышулы істер бойынша өткен сот процестеріне бүкіл ел құлақ түрді. Sputnik Қазақстан тілшісі қоғамды елең еткізіп, жыл бойы ел аузында болған даулы істерге шолу жасайды.
Ең жас министрдің тағдыры не болмақ?
Жыл басталмай жатып 10 қаңтарда Қазақстандағы ең жас министр, "Болашақ" түлегі Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны жұртты елең еткізді.
Оның "Бәйтерек Development" ісі бойынша тергеліп жатқаны 2016 жылдың соңына белгілі болған еді. Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметінен 27 желтоқсанда босатылды. Министр болып тағайындалғанға дейін ол "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарған болатын. Енді Бишімбаев осы ұлттық компанияның тізгінін ұстаған уақытта жемқорлық қылмысқа барды деп айыпталып отыр.
Тергеуге сенсек, Бишімбаев бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет миллиондаған теңге пара алған. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында баспана салғысы келгендерден сұраған парасы 346 миллион теңгеге жетіпті. Ал ең ірі көлемдегі пара – 2 миллион доллар. Тергеуші тараптың мәлімдеуінше, осыншама ақшаны Қызылордадағы шыны зауытын салуға қатысу үшін құрылыс компаниясы берген.
Бұған қоса кейін зауыттың құрылысы кезінде экс-министр 1,2 миллиард теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Ұлттық бюро анықтағандай, заңсыз жолмен тапқан ақшаның бір бөлігіне Бишімбаев қаланың сыртында құны 500 мың доллар болатын үй салып алыпты.
Бұрынғы министрден бөлек сот алдында тағы 22 адам жауап беріп жатыр. Олардың қатарында "Байтерек DEVELOPMENT" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы, оның орынбасары, басқарушы директорлары, сондай-ақ бірнеше ірі кәсіпорынның бұрынғы басшылары бар. 20 адам өз кінәсін толық мойындаған. Бишімбаев, оның немере інісі Сұлтан Нұрлыбек және тағы бір сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап іс бұрмаланған деп есептейді.
Аз уақытта тамаша карьера жасап, жасына қарамастан бірталай басшылық лауазымды атқарып үлгерген экс-министрдің қылмыс жасағанына сенер-сенбесін білмей отырғандар да көп. Анасы отандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында Бишімбаевтың сот әділдігіне сенетінін және қандай жағдай болмасын президентке адалдығын айтқанын жеткізген. Бұл іс бойынша сот үкімі келесі жылдың еншісіне қалып отыр.
Зейнетақы қорындағы былық
15 қарашада тағы бір атышулы іске қатысты сот отырысы басталды. Айыпталушы — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев. Ол жалғыз емес, бес сыбайласы да сот алдына келді. Күдіктілер биыл жылдың басында қамауға алынған болатын. Оларға мемлекетке 5 миллиард теңге залал келтірді және пара алды деген айып тағылып отыр. Тергеу кезінде анықталғандай, 2016 жылдың қазанында зейнетақы қоры 5 миллиард теңгеге "Бузгул Аурум" ЖШС-ның бағалы қағаздарын сатып алады.
Қор басшылығы бұл қадамның қауіп-қатерін біле отырып, осындай шешім қабылдаған. Өйткені ЖШС құрылтайшысы Кенжебаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды тұлғаларына пара береді. Заңсыз келісімнің құны – 700 мың АҚШ доллары. Оның 400 мыңын Ерденаев, 300 мыңын оның орынбасары Медетбеков алуы тиіс еді.
Бір жылға жуық созылған тергеу барысында Ерденаев кінәсін толық мойындаған. Қазіргі кезде сот әлі жүріп жатыр. Бұл іс бойынша да үкім келесі жылы шығарылады.
Орайы келгенде айта кетсек, биыл жазда зейнетақы қорында үлкен дау-дамай шықты. Салымшылардың 71,6 миллиард теңгесі Әзербайжанның банкрот болған халықаралық банкіне инвестицияланғаны мәлім болды. Бұл оқиғадан кейін қордағы миллиардтаған қаржының сақталуына қоғам алаңдаушылық білдірді.
Ал кейбір экономистер мұндай ақылға қонымсыз шешімге таңданысын жасырмады. Қазақстандықтардың зейнетақысына әзербайжандық банктің бағалы қағаздарын сатып алу туралы шешім Ұлттық банкке Қайрат Келімбетов жетекшілік еткен жылдары қабылданған. Сондықтан болар үкімет оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесіне қайтарады. Кейін Келімбетов әзербайжандық банкке салынған қаржыны толық қайтаратынын мәлім етті. Бірақ оған дейін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банк қарызын қайта қараудың үш жолы ұсынылғанын, үшеуі де шығынсыз болмайтынын айтқан еді.
"Елбасыға өкпелімін…"
Өткен жылдың соңында Халық әртісі, көпшіліктің сүйікті актері, ел ағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың ұсталуы күтпеген жағдай болды. Ол 69 миллион теңге мемлекет қаржысын жымқырды дегенге жұрт сенер-сенбесін білмей абдырап қалғаны рас. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен арада болған кикілжіңнен кейін Жаманқұловтың басына қара бұлт үйірілгені көптің көкейіне күдік салды. Сонымен, даудың басы неден шығып еді?
Бірер ай бұрын кинорежиссер Талғат Жәнібеков атышулы мәлімдеме жасап, министрді пара сұрады деп айыптайды. Ол түсіріліп бітуі тиіс ғарыштық-фантастикалық жанрдағы "Феникс" фильмінің тоқтап қалғанына министрді кінәлады. Айтуынша, жобаны қаржыландыру үшін Мұхамедиұлы ақша талап еткен. Алайда министрдің өзі мұның жала екенін айтып, ар-намысын қорғау үшін Жәнібековті сотқа береді. Ақыры сотта жеңіп шығып, режиссерге 1 миллион теңге айыппұл салғызады.
Ал Жаманқұловтың бұл дауға қандай қатысы бар? Ол "Феникс" фильмінің продюсері, әрі "Қазақфильм" кино түсіруге қаржы бөлген компанияның құрылтайшысы. Халық әртісі министрді жемқор деп айыптаған Жәнібековтің сөзін растайды, бұған қоса Мұхамедиұлын ректор болып тұрған кезде жыныстық бопсалады деп айыптаған өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықованы қорғайды. Министр болса бұл айыптауларды өзара байланыстырып, арнайы ұйымдастырылғанын айтып, бәрін жоққа шығарады. Осы уақытта баспасөз бетінде шыққан әр тараптың өзін ақтап, өзгені қаралаған дүниелерден көз сүрінгені ұмытылған жоқ.
Осы даудан кейін "Феникс" фильміне қатысты тексеріс басталып, кейін қылмыстық іс қозғалып, артынша тоғыз адамға айып тағылды. Тергеу кезінде кінәсін мойындап, 5,3 миллион теңге өтеген Тұңғышбай Жаманқұлов кейін сотта "тергеуде алданғанын" айтып, 69 миллион теңгені ұрламағанын мәлімдейді. Бір жылға жуық созылған іске биыл маусымда нүкте қойылды. Соттың шешімі бойынша сотталушылар түгелдей айыпты деп танылып, бәріне шартты жаза кесіліп, жымқырған қаржыны қайтару міндеттелді.
Жетпіске келгенде бұндай іске іліккені халық әртісіне ауыр тигені анық. Ол соттан шыққаннан кейін өзіне тағылған айыппен де, үкіммен де келіспейтінін жеткізді және "президентке өкпелі" екенін айтты. Ұсталардан бірнеше күн бұрын Жаманқұлов бейнеүндеу арқылы Елбасыдан өзіне араша түсіп, қорған болуын сұраған еді.
Парақор жазасын алды
Таяуда "Қазақстан инжиниринг" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке сот үкімі шықты. Тергеу барысында оның 1 миллиард теңгеден астам пара алғаны анықталған. Түрлі лаузымда жылдар бойы пара алып келген Сұлтанбеков 10 жылға сотталып кетті. Ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді. Кінәсін толық мойындады, тіпті миллиондап алған парасының бір бөлігін қайтарып үлгеріпті, бірақ көп емес – бар болғаны 10 миллион теңге және 300 мың доллар.
Сұлтанбеков Астана әкімінің орынбасары болған уақытта елімізде ісін дөңгелетіп отырған Израиль азаматының бизнесіне "қамқор" болып, тиімді келісімшарттарға қол жеткізуге көмектеседі. Ол кәсіпкерден 178 миллион теңге пара алған. Шетелдік азамат та соттан қашып құтылған жоқ, ол жеті жылға сотталды.
Ал 2015 жылы Сұлтанбеков "Қазақстан инжиниринг" компаниясының басшылығына келіп, ісі тіпті өрге басады. Оған пара берген басқа кәсіпкерлер, осы іске қатысы бар әскерилер де тиісті жазасын алды. Бір қызығы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу кезінде сотталушылардың атындағы ешбір мүлікті таппайды, сондықтан сотта заңсыз мүлікті тәркілеу туралы әңгіме болған жоқ.
Экс-премьер мен журналист бостандыққа шықты
Қыркүйекте Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов бостандыққа шықты. Қарағанды облысындағы Қарабас кентіндегі түрмеден шыққан оны бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері күтіп алды. Бірақ журналистерге Ахметовтен сұхбат алудың сәті түспеді. Бұрынғы премьер тек "денсаулығының жақсы екенін, болашақта не істейтінін әлі жоспарламағанын" ғана айтты.
Шыны керек, Ахметов босап шыққанда қуанғандар аз болмады. Ол ұсталып, сот жүріп жатқан кезде де бұрынғы премьердің айыбына сене қоймағандар болған еді. Соттағы соңғы сөзінде Серік Ахметовтің президенттен кешірім сұрағаны, мүмкіндік берсе ел иглігі және өз атын ақтау үшін жұмыс істеуге дайын екенін айтқаны көпшіліктің есінде.
Серік Ахметов 2015 жылдың соңында "Бөтеннің мүлкін иелену және ысырап ету", "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу", "өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша сотталды. Бастапқыда оған 10 жыл берілген еді. Былтыр аппеляциялық сот экс-премьердің 2 миллиард 255 миллион теңге залалды толық өтегенін, адал ниетімен өкінетінін ескеріп, жазасын 8 жылға дейін азайтты. Сосын Тәуелсіздікті 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жазасы тағы 1 жыл 7 айға қысқарды. Ал соңғы сот шешімі бойынша қалған 4 жыл бостандығын шектеу жазасымен ауыстырылды. Сөйтіп, Серік Ахметов түрмеде екі жылға жетер-жетпес мерзім ғана отырып, бостандыққа шықты.
Айтпақшы, осы уақытта "Ахметов ісі" бойынша сотталған өзге адамдардың түгелі түрмеден босатылды. Олардың қатарында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды әкімі Мейрам Смағұлов бар.
Ал таяуда ғана "қаржы жымқырды және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев шартты жазамен түрмеден босап шықты. Сот оны 6 жылға, ал ұлы Әсет Матаевты 5 жылға қамаған еді. Олар кінәсін мойындаған жоқ.
Сотта сөйлеген соңғы сөзінде Сейітқазы Матаев қылмыстық қудалауға бәз біреулердің тапсырыс бергеніне сенімді екенін айтып, олардың есімін де атады. Олардың қатарында билікте жүрген белгілі тұлғалар бар. Сондай-ақ ол мұндай тапсырыс жасауға кәсіптік қызметті шектеу, сөз бостандығын қорғауға қарсылық таныту себеп болғанын айтты. Матаевтың сотталуын жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары айыптағаны белгілі.