Қанат Ислам - Қытайда туып, атамекеніне оралған даңқты қазақ боксшысы. 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Кәсіпқой бокста "Qazaq" деген атаумен қазақтың мәртебесін көтеріп жүр. 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті, оның 20-сын нокаутпен ұтты. Қанат он жылдан астам уақыт байрақты бәсекелерде Қытайдың атынан шықты. Осы уақыт аралығында оған тең келер қытай боксшысы болмады. Қазақтың батыр ұлы атамекеніне оралып, тұрмысын тiктеуіне елімізге белгілі кәсiпкер Бауыр¬жан Оспановтың шарапаты көп тиді.
2010 жылы атажұртына табаны тигенде екі жылдан кейін өтетін Лондон олимпиадасында қазақ туының астында өнер көрсетуді армандады. Алайда Қытай елі Қазақстанның атынан шығуға қарсылық білдіріп, жолын бөгеді. Сөйтіп, "Астана арландары" бокс клубының сапына қабылданып, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысты.