Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған. Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған. Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Ескіше сауаты бар, араб, парсы, түркі әдебиетімен таныс Әуезді Абай "Әуке аға", "Үлкен қожа" деп атаған. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.
Он бір жасында әкесі Омархан қайтыс болады. Осыдан кейін Мұхтар Әуезов ауылдан қалаға немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Шаһарда оқу-білім жолындағы біршама ұзақ сапары басталады. Өз заманында Әуезов білімдар қазақтардың бірі болды. Алдымен, Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды.
Мұхтар Әуезов Семейде "Алаш жастары" одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. 1918 жылы мамырда Омбыда өткен Жалпықазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде "Абай" ғылыми-көпшілік журналын, "Қазақ тілі" газетін шығаруға атсалысқан. 1919 жылы семинарияны тәмамдап, қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне оқуға түсіп, "Шолпан" және "Сана" журналдарына жұмысқа орналасады. Жазушының "Қыр суреттері", "Қыр әңгімелері", "Үйлену", "Оқыған азамат", "Кім кінәлі", "Заман еркесі" әңгімелері осы басылымдарда жарық көрген.
Мұхтар Әуезов 1923 жылы маусым айында Ленинград мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміне түседі. 1924-1925 жылдары аралығында Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болып істейді. Осы аралықта "Таң" журналын шығарады. 1925 жылы Ленинградқа оралып, оқуын қайта жалғастырады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды. Бұдан бөлек Қазақ ағарту институтында сабақ берді. 1934-1961 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды.