Мәдениет

Әуезовтің мерейтойына орай "Қилы заман" повесі бойынша телехикая түсіріледі

© Sputnik / Иосиф Будневич / Медиабанкке өтуМұхтар Әуезов
Мұхтар Әуезов - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2022
Жазылу
Жазушының мерейтойын тойлауға қатысты республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады
АЛМАТЫ, 18 сәуір – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын тойлауға дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жиынға бірқатар мемлекеттік орган өкілі мен өңір әкімдері, Қазақстан жазушылар одағы мен Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының басшылығы, танымал тарихшылар мен әдебиеттанушылар қатысты.
Жазушының мерейтойын тойлауға қатысты республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде, Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-мұражайы ғимаратына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылады.
Мектеп оқушыларына арналған "Әуезовтану " бейнедәрістер циклы әзірленіп, әдеби подкасттар жасалады. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, "Ақан-Зайра" трагедиясы алғаш рет сахналанады.
"Сондай-ақ "Қилы заман" повесі бойынша телехикая түсіру қолға алынбақ. Шетел архивтерінде Мұхтар Әуезовке қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдар іздестіру қарастырылған. Жоспардан тыс өңірлік деңгейде 500-ден аса мерекелік шара өткізу көзделіп отыр", - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия таратқан ақпаратта.
Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан мен атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты адам болған.
Өз заманында ұлы Абаймен сырлас, ауылдары іргелес, аралас-құралас тіршілік кешкен. Бала Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның туған інісі. Абайдың өлеңдерін зор ықыласпен тыңдап, қағаз бетіне түскен тың туындыларымен танысып, пікір алмасатын жақын адамдарының бірі болған.
Мұхтардың бала кезінен Абай мұрасына қызығушылығын оятқан да осы атасы еді. Мұхтар дүние есігін ашқанда, Абай Әуезовтердің шаңырағына шілдеханаға барған деген де естеліктер бар.
20 жасында Әуезов өзінің тұңғыш көлемді туындысы "Еңлік-Кебекті" жазды. Шекспирдің Ромео мен Джульетта туралы хикаясымен желілес бұл пьеса күні бүгінге дейін қазақ сахнасынан түспей келеді.
"Еңлік-Кебек" ең алғаш 1917 жылы Абайдың әйелі Әйгерімнің ауылында сахнаға қойылса, 1922 жылы Орынборда жеке кітап болып басылып шықты. Қаламгердің көптеген көркем әңгімесі, тұңғыш пьесалары Семейде жазылып, Семейде сахналанды. Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықты.
Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын "Абай" (1942 жылы, 1947 жылы), одан кейін мұның жалғасы ретінде "Абай жолы" (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952 жылы, 1956 жылы) романын жазды. Жазушы 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы ауруханада операция кезінде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленген.
Жаңалықтар
0