Бішкекте Әуезов пен Айтматовқа арналған ескерткіш ашылды
17:36 22.08.2025 (жаңартылды: 17:41 22.08.2025)

© Photo : Ақорда
Жазылу
Бұл жобаға Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған
АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан "Достықтың алтын көпірі" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров "Достықтың алтын көпірі" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатыст
© Пресс-служба президента Казахстана
Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы бастамашы болған бұл жоба екі ел басшылары тарапынан қолдау тапқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішті ашу рәсімінде бүгін қазақ пен қырғыз үшін ерекше күн екенін атап өтті.
"Мұны екі ел бауырластығының айқын көрінісі және қырғыз халқының қазақ жұртына деген айрықша құрметінің белгісі деп білеміз. Ең алдымен, осы игі бастамаға қолдау көрсеткен президент Садыр Жапаровқа зор алғыс айтамын. Бүкіл Қырғыз еліне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл жер тарихи шаһардағы рухани орталықтың біріне айналады деп сенемін", – деді Қазақстан президенті.
Ол былтыр Астанада Айкөл Манасқа ескерткіш қойылғанын еске салды.
"Мұндай бастамалар туысқан елдердің достығы мен ықпалдастығын нығайта түсері сөзсіз. Шын мәнінде, қазақ пен қырғызға бір-бірінен жақын жұрт жоқ. Біз – бір туған елміз. Қанымыз бен жанымыз – бір, тамырымыз бен тарихымыз – ортақ. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз әлдеқашан уақыт сынынан өткен", - деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай сабақтастық сан түрлі салада жалғасып келе жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров "Достықтың алтын көпірі" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатыст
© Photo : Ақорда
"Әуезовтің "Қараш-қараш оқиғасы", "Көксерек" туындыларын қырғыз режиссерлері Болотбек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссері Ардақ Әмірқұлов "Қош бол, Гүлсарының" желісімен көркем фильм түсірген. Елдеріміздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Бүкіл Қазақ елінің айыр қалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Біз қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз", – деді президент.