Ұлы Абайдың туғанына – 178 жыл
07:00 10.08.2023 (жаңартылды: 08:59 10.08.2023)
© Photo : obozrenie.kz/Станислав МанаковПавлодарда Абай ескерткіші ашылды
© Photo : obozrenie.kz/Станислав Манаков
Жазылу
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толып отыр. Sputnik Қазақстан ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Атасы билікке әділ кісі болған
Абайдың арғы тегі Арғын ішіндегі Тобықты Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан.
Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Ал Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ұлжан болса, Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан.
Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйретіп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген.
Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйретіп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген.
Бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін ұмытпаған
Абай "Ескітам" деген қоныста салдыртқан медреседе сауат ашты. Одан кейін ауылдағы Ғабитхан молдадан білім алды. Ал 10 жасқа толғанда Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыды. Сол жерде араб пен парсы тілдерін меңгеріп шыққан.
"Дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады", - деп жазды Мұхтар Әуезов.
Жазушының сөзіне қарағанда, Абай бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.
Құнанбай баласының зеректігін бірден байқап, оған жан-жақты білім беруге тырысады. Ал 13 жасында оны оқудан алып кетіп, ел басқару жұмысына салады.
Абай туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін Абай атанып кеткен;
Алғашқы өлеңін 10 жасында жазды;
Абай алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
Абай 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
Алғашқы махаббаты – Тоғжан;
Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
Абай 16 жасында әке болды;
21 жасында болыс болып сайланды;
Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді;
"Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін" әзірледі;
Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Абайдың туған күні қалай тойланады
Осыдан үш жыл бұрын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтті. Оған дейін мемлекеттік комиссия құрылып, мерейтойды дайындау және өткізуге арналған жалпыреспубликалық жоспар бекітілді.
"Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары атқарылды.
Жыл сайын Абайдың туған күні орай сан алуан шаралар ұйымдастырылады. Биыл танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ұлы ойшылдың туған күніне арналған челлендж бастады.
Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. Былтыр Абай облысы құрылды. Бір қала мен бірнеше ауылға ойшылдың аты берілді. 20 мыңға жуық қазақстандықтың аты – Абай. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де бар.