АЛМАТЫ, 10 қазан — Sputnik. М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында КСРО халық әртісі, ҚР Еңбек ері, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімовтың шәкірттері жаңа тетардың тұсауын кесті.
Сахнада өнер көрсеткен түлектердің алғашқы ұстазы – Асанәлі Әшімов болса, екінші ұстазы – режиссер Талғат Кубеков.
"Мұхтар Әуезовтың ұлы драматургиясы – әрқашан қазақтың классикалық тарихы. Әдетте балаларға қазақтың ескі тарихы жетіңкіремей жатады, алайда көрерменге оңай көрінгенімен, ұсынылған қойылымның артында есіл еңбек жатыр. Әуезовтың шығармасын ықшамдап, 1 сағат 10 минутқа жинақтап беріп отырмыз. Актердың жұмысын оңай деушілер шатасады, актер сахнада жақсы өнер көрсету үшін шынығады, дайындалады", – деді Асанәлі Әшімов.
"Асанәлі Әшімов ағамыздың бастамасымен еліміздің түпкір–түпкіріндегі тетарларды шақырып, өз сахнамызда өнер көрсетуді дәстүрге айналдырып келеміз. Биыл құрылғанына екі жыл болған Астана мюзикл тетары да келді, Асанәлі мен Сәбит ағаларымыздың, көрерменнің шеберлік сынынан өтті. Биыл Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, "Театр өнері" факультетін 36 студент бітірді. 4 жыл бойы шеберліктерін шыңдаған өнерпаздар әне–міне дегенше жаңа тетардың тұсауын кескелі тұр", – деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров.
Театр директорының айтуынша, Елбасының 2019 жылды жастар жылы деп жариялауы осы бір айтулы оқиғамен тұспа–тұс келіп отыр.
Асанәлі Әшімов шәкірттерінің алғашқы қойылымы – Мұхтар Әуезовтың "Қарагөз" трагедиясы. Алдағы екі күнде де жас актерлар "Арыстандар патшалығы" музыкалық драмасы мен "Соңғы қоңырау" поэтикалық драмасын көрерменге ұсынады.
Қойылымның тұсаукесеріне келген қонақтар арасында танымал әнші Төреғали Төреәлі де бар.