Омыртқааралық остеохондроз бұрын негізінен егде жастағы адамдарда кездесетін патология болатын. Бүгінгі күні ауру жас адамдарда да жиі тіркеледі.
Бұл отырықшы өмір салтын ұстанатын, компьютер алдында көп уақыт өткізетін және физикалық белсенділікке тиісінше мән бермейтін адамдар санының өсуіне байланысты. Остеохондроз омыртқаның табиғи қалыптан тыс орналасуы және арқа бұлшықеттерінің әлсіздігіне байланысты дамиды. Адамдар арасында тым жиі кездесе бастаған бұл патологияның пайда болу себептері мен алдын алу шаралары туралы толығырақ материалдан оқыңыз.
Остеохондроз деген не
Остеохондроз – омыртқааралық дискілердің, сондай-ақ омыртқа тіндерінің зақымдалуымен сипатталатын омыртқа ауруы. Бұл патология бірқатар асқынуларға байланысты қауіпті саналады. Олардың ең ауыры – омыртқаның жарықтары мен шығыңқы жерлері. Сондықтан адам жағдайының нашарлауына жол бермеу және белдегі остеохондрозды емдеуді уақытылы бастау өте маңызды.
Остеохондроздың пайда болу себептері
Көптеген мамандардың пікірінше, остеохондроздың дамуының негізгі себебі – омыртқаға түсетін жүктеменің дұрыс бөлінбеуі. Артық қысымның салдарынан шеміршек құрылымы өзгереді.
Сонымен қатар аурудың күрт өсуі адамдар ұзақ уақытты аяқтан тік тұрып немесе қозғалыссыз отырған күйде өткізуімен байланысты. Мысалы, тік тұрған адам омыртқааралық дискілерге үлкен мөлшерде жүктеме түсіреді. Уақыт өте келе олардың бетінде тамырларды, жұлынды және түбірлерді қысып тұратын жарықтар пайда болады. Ауырсыну күшейеді де, бұлшықет түйілуі ұлғаяды.
Остеохондроздың дамуына мына факторлар да ықпал етеді:
Тұқым қуалайтын бейімділік
Омыртқа жарақаттары
Зат алмасудың бұзылуы
Дене белсенділігінің болмауы
Жүктілік
Күйзеліс
Шамадан тыс шаршау
Артық салмақ
Зиянды әдеттер.
Жалпы күн ұзаққа кеңседе отыратын қызметкерлер, жүргізушілер, кассирлер мен спортшылар осы ауруға душар болу қаупі жоғары топқа кіреді.
Остеохондроздың даму кезеңдері
Мамандар остеохондроз дамуын 4 кезеңге бөліп қарастырады.
Бірінші кезең. Бұл кезең омыртқалар арасындағы дискі өзегінің құрғауымен сипатталады. Кейіннен дискінің биіктігі азаяды. Бұл кезеңде адам айтарлықтай жайсыздық сезінбейді. Кейде белсенді жаттығулар кезінде немесе әдеттен тыс күйде тұрып-жүрген кезде жайсыздық пайда болуы мүмкін.
Екінші кезең. Бұл кезең омыртқалар арасындағы бос орындар қысқаратын дискілердің протрузиясымен сипатталады. Оның салдарынан жүйке ұштары қысылады да, бұл күрт қозғалыстар кезінде қарқыны артатын білгілі бір аумақтағы ауырсынуды тудырады.
Үшінші кезең. Бұл кезең омыртқа тіндері арасындағы шеміршектің қажалуымен сипатталады. Бұл уақытта ауру белгілері айқын сезіледі. Науқастар тек күшті препараттармен жеңілдетуге болатын қатты ауырсынуға шағымданады.
Төртінші кезең. Бұл кезең қозғалыстың толық немесе ішінара шектелуімен сипатталады.
Дәрігерлер омыртқа остеохондрозын емдеуді алғашқы белгілер білген кезден бастаған дұрыс дейді. Себебі бұл жағдайда омыртқа қызметін толық қалпына келтіру мүмкіндігі айтарлықтай жоғары.
Остеохондроз түрлері
Патологиялық процестің орналасу орнына байланысты остеохондроз бірнеше түрге бөлінеді.
Мойындағы остеохондроз. Мұндай остеохондроз мойын омыртқаларында физикалық бұзылулар болған кезде пайда болады. Патологияның ең жиі кездесетін белгілері – басты бұру, түшкіру және жөтелу кезіндегі өткір ауырсыну.
Кеудедегі остеохондроз. Остеохондроздың бұл түрі басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі. Жедел ауырсыну патологияның бұл түріне тән емес. Остеохондроз бірқатар басқа аурулардың белгілерінен ерекшеленеді. Мысалы, кеуде аймағындағы ауырсыну науқаста стенокардия бар деген күдік туғызуы мүмкін.
Белдегі остеохондроз. Остеохондроздың бұл түрі басқа түрлеріне қарағанда жиі кездеседі. Бұл тап осы бел омыртқасына түсетін жүктеменің тым көптігіне байланысты. Науқастар қатты ауырсынуға ғана емес, сонымен қатар бел-аяқ аумағының ұюына шағымданады.
Кейбір жағдайларда құйымшақ остеохондрозы деген диагноз қойылады. Сонымен қатар патологиялық процеске омыртқаның 2 бөлігі қатысатын аралас патология деген тұжырым да бар. Диффузды остеохондроз кезінде омыртқаның барлық сегменттері зардап шегеді.
Остеохондроз белгілері
Ересектердің омыртқасындағы патологиялық өзгерістердің негізгі белгілеріне мыналар жатады:
Мойын, иық, бел және тіпті қабырғада пайда болуы мүмкін ауырсыну
Арқа мен белдегі қозғалысты тежеп тұратын сезім
Аяқ-қолдың ұюы
Бұлшықет түйілуі немесе әлсіздік сезімі
Қалтырау және дененің сырқырап ауыруы
Шамадан тыс шаршау
Жүйке ұштарының қысылуынан туындаған бас айналу және бас ауруы
Асқынған кезеңде науқастар арқа, аяқ және қолдағы сезімталдылықтың бұзылуына, жүрек аумағындағы ауырсынуға және несеп-жыныс жүйесінің проблемаларына (мысалы, зәр шығарудың қиындауы) шағымданады.
Патология белгілері ауыр жұмыстан, спортпен қарқынды шұғылданғаннан кейін және адам жаурағаннын кейін күшейеді.
Остеохондроз кезіндегі асқынулар
Омыртқалар арасындағы дискілерге әсер ететін бұзылу процестері олардың тығыздығын төмендетеді және амортизациялық қабілеттің жоғалуына себеп болады. Бұл бұлшықеттерге, буындарға және байламдарға зақым келтіреді. Остеохондроздың ұзақ уақыт дамуы жекелеген жүйке ұштарының ғана емес, сонымен қатар тұтастай жұлынның да қысылуына, сәйкесінше бұл жүйке жүйесі аумағындағы түрлі асқынуларға әкеледі.
Бүкіл денені қанмен қамтамасыз етудің нашарлауы созылмалы аурулардың пайда болуы жоғарылауына әкеледі.
Остеохондроз сонымен қатар мынандай патологияларды тудыруы мүмкін:
Люмбаго (бел аймағындағы өткір ауырсыну)
Спондилез (омыртқалардың бұзылуы)
Бүкіл орталық жүйке жүйесінің жұмысы айтарлықтай нашарлайтын омыртқа арнасының стенозы
Остеохондроз диагностикасы
Остеохондроздың диагностикасы бірқатар аспаптық әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Дегенмен бастапқы диагноз тексеру және анамнез жинау негізінде қойылады. Дәрігер науқасқа сауалнама жүргізіп, аурудың белгілерін, орналасқан орнын қосымша нақтылайды.
Тексеру кезінде дәрігер науқас денесінің тік тұру және отырған кездегі күйін бағалайды, қозғалыс ауқымы анықталады, жүру және ондағы өзгерістер бағаланады, қабыршықтану мен қызару аймақтарын анықтау үшін терінің күйі зерттеледі, науқастың ауырсыну сезінетін аймақтарын қолмен басып тексереді, ағзаның жалпы жағдайы бағаланады, түйілу сезілетін бұлшықеттер аумағы анықталады.
Остеохондрозды диагностикалаудың негізгі аспаптық әдістеріне рентгендік зерттеу, компьютерлік томография, МРТ (магниттік-резонанстық томография)жатады.
Остеохондрозды емдеу
Остеохондрозды емдеу әрқашан кешенді түрде жүзеге асырылады. Сондықтан терапия дәрілерді қабылдау, массаж, арнайы жаттығуларды орындау, физиотерапия, созу, мануалды терапияны қамтиды.
Мойын, кеуде және бел омыртқаларындағы остеохондрозды емдеу көбінесе симптомдарға байланысты болады.
Остеохондроздың алдын алу
Егер дер кезінде остеохондроздың алдын алса, патологияны емдеу қажет болмайды. Мамандар бұл аурудың алдын алу шараларының тұтастай кешенін ұсынады.
Ол алдын алу кешені мыналардан тұрады:
Ауыр көтеруді шектеу
Дұрыс тамақтану
Күн тәртібін сақтау және тұрақты демалыс
Жүзумен айналысу
Құрамында шеміршек тініне құнды элементтер бар арнайы тағамдық қоспаларды қабылдау
Қарапайым жаттығуларды орындау
Жұмыста немесе үйде көп уақытты отырумен өткізетін адамдар тұрақты үзіліс жасап, орнынан тұрып, серуендеу арқылы арқадағы жүктемені жеңілдетуі керек.
Жалпы остеохондроздың алдын алу бойынша барлық ұсынысты дәрігер береді. Сондықтан маманның көмегіне жүгіну арқылы қауіпті патологиялық процестің пайда болуын алдын алуға болады.