Денсаулық

Буын аурулары және оны емдеу жолдары

© Pixabay / Angelo Esslinger тізе
тізе - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.05.2023
Жазылу
Буындар адам қаңқасын бір жүйеге біріктіреді және сүйектерді қорғап, қозғалыс кезінде амортизатор іспеттес қызмет атқарады. Адамның қимыл-қозғалысында маңызды рөл атқаратын буындардың да зақымдалып, күнделікті тіршілікті күрделендіретін жағдай жиі кездеседі. Сондықтан буын аурулары және оларды емдеу жолдары туралы білу артық етпейді.
Буын – қаңқаның екі немесе одан да көп сүйектерінің қосылуы. Түсінікті тілмен айтқанда, буын – бұл көлемі, сипаты және еркіндік дәрежесі бойынша әр түрлі қозғалыстар жүзеге асырылатын "үйкеліс түйіні".
Кейбір буындар қозғалмайды. Мысалы, құйымшақ пен жамбас сүйектері арасындағы буындар қозғалыссыз тұрады. Басқа буындар иық сияқты үлкен және күрделі қозғалыс ауқымын қамтамасыз етеді.

Адам буындары қай жерде орналасқан

Буындар бүкіл адам денесін қамтып тұр. Олар бас сүйегі, аяқ-қол, омыртқаның сүйектерін бір-бірімен байланыстырады. Бір ғана саусақтарда 20 буын бар болса, бүкіл денедегі буын саны 360-тан асады.
Адам ағзасындағы ең үлкен буын тізе буыны болып табылады және атауы айтып тұрғандай ол тізеде орналасқан. Ең кішкентай буын құлақта орналасқан. Ол ұсақ сүйектерді, атап айтқанда, "балғашық", "үзеңгі" және "төстікті" біріктіреді.

Адам буындарының құрылысы

Әрбір буынның түзілуіне қатысатын буын беттері болады. Буын беттерін коллаген, су және протеогликандардан тұратын тығыз, иілгіш және созылмалы гиалинді шеміршек жауып тұрады. Ол буындарды қорғайды, олардың арасындағы үйкелісті азайтады және амортизатор ретінде қызмет етеді.
Буындарда буын капсуласын құрайтын жабын – синовиальды тін де болады. Ол шеміршектің шетіне бекітіліп, буындарды жарылу және механикалық зақымдану секілді сыртқы әсерлерден қорғайтын тұйық буынды қуыс (буын беттері және капсуламен шектелген саңылау тәрізді кеңістік) түзеді.

Буын қызметтері

Буындар тірек және қозғалтқыш қызметінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, олар жекелеген сүйектердің орын ауыстыруына, дененің қозғалысына және оның кеңістіктегі күйін сақтауға қатысады.

Қандай буын аурулары бар

"Буын ауруларының көбін шартты екі топқа бөлуге болады: қабыну (артрит) және дегенеративті (артроз). Біріншісі жиі жағдайда иммундық жүйенің бұзылуына байланысты туындайды, екіншісі тозуға байланысты қалыптасады", - дейді ревматолог Анна Тарасова.
Буындарға тән ең көп таралған ауруларды қарастырайық.

Артрит

"Артрит" термині оның әртүрлі элементтері әсер ететін буындардың әртүрлі қабыну аурулары ретінде түсініледі. Аурудың туындауына әр түрлі инфекциялар, жарақаттар, алмасу және иммундық бұзылулар, ісіктер себеп болуы мүмкін. Артрит бір буынға (моноартрит), 2-3 буынға (олигоартрит) және 3-тен көп буынға (полиартрит) зақым келтіруі мүмкін.
Артрит түрлері:
инфекциялық – жергілікті инфекциядан туындаған қабыну;
реактивті – кез келген буыннан тыс инфекцияға реакция;
микрокристалды, мысалы, подагра артриті – ағзадағы зәр қышқылының жиналуына байланысты буындарда шөгінділер пайда болатын зат алмасудың бұзылуы;
жарақат салдарынан;
әртүрлі аутоиммундық процестермен байланысты, мысалы, псориазды – псориазбен ауыратын науқастарда кездеседі.
Артрит белгілері:
буындағы ауырсыну;
буын пішінінің өзгеруі, олардың деформациясы;
қозғалыс қызметінің бұзылуы, қозғалыс кезіндегі кідіріс;
зақымдалған буындар аймағындағы тері температурасы мен түсінің өзгеруі.

Артроз

Артроз буындардың дегенеративті-дистрофиялық ауруы болып табылады. Артроздың негізгі екі түрі бар: бастапқы (идиопатикалық) және қайталама. Бірінші жағдайда аурудың тікелей себебін анықтау мүмкін емес. Екіншісінде ол әр түрлі факторлар мен аурулардың салдары ретінде қалыптасады.
Сонымен тұқым қуалаушылық, жарақат, созылмалы буын аурулары, жүйелі метаболикалық аурулар артроздың себебі болуы мүмкін. Сондай-ақ буындарға ұзақ уақыт шамадан тыс жүктеме түсуі, артық салмақ ауру туындау қаупін арттырады.
Артроз белгілері:
буындағы ауырсыну;
қозғалыстардың шектелуі, таңертең 30 минутқа дейін қозғалыстағы кідірістер;
буындағы үйкеліс сезімі;
буындағы деформация.

Буындарды қалай емдейді

Буын аурулары кезінде әр түрлі емдеу әдістері қолданылады. Ол өмір сүру салтын өзгерту, дәрі-дәрмек терапиясы және ота жасауды қамтиды.

Өмір сүру салтын өзгерту

Буындарды емдеу бойынша ұсыныстар әрқашан өмір сүру салтын өзгертуден басталады. Ревматолог дәрігер Анна Тарасованың айтуынша, дәрігерлер артық салмаққа үнемі назар аударады. Майлы тіндердің шамадан тыс болуы денеде, соның ішінде буындарда қабынудың жоғары деңгейіне ықпал етеді. Бұл сонымен қатар аяқтардағы буындарға қосымша жүктеме болады.
Темекі шегуден бас тарту маңызды. Өйткені бұл теріс әдет буынның дегенеративті және қабыну ауруларының туындауындағы дәлелденген факторы болып табылады.
Аяқ буындарындағы ауырсыну кезінде табанның ортопедиялық түзетуіне ерекше назар аударылады. Буындарға түсетін жүктемені азайту үшін арнайы төсеніштер, саусақаралық корректорлар, ыңғайлы аяқ киім қолданылады.
Лапша - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2021
Денсаулық
Гастрит ауруы туралы не білу керек: белгілері және емі
Физикалық жүктеменің дұрыс болуы өте маңызды. Буындар үшін қозғалыс пайдалы, бірақ қосымша жарақат алмас үшін қозғалыс шамадан тыс болмауы керек. Жеке оңалту кешенін таңдау үшін емдік дене тәрбиесі дәрігеріне жүгінген дұрыс. Аяқтағы зақымдалған буын жүктемесін уақытша жеңілдету үшін таяқ немесе балдақ қолдануға болады.

Дәрі-дәрмек терапиясы

Буындардағы ауырсыну деградациялық сипаттағы кезінде құрамында глюкозамин мен хондроитин бар хондропротекторларды қабылдауға болады.
"Хондропротекторлар артрозды емдеу бойынша халықаралық ұсыныстарға енгізілген және қауіпсіз әрі симптомдарды өзгертетін дәрілер болып табылады. Яғни олар ауырсынуды азайтуға көмектеседі. Бірақ олар аурудың асқынуын бәсеңдететіні туралы расталған дәлелдер әзірге жоқ", – дейді Анна Тарасова.
Остеоартроз кезінде тромбоциттерге бай плазманы және гиалурон қышқылын буынға егуі мүмкін. Бұл ауырсынуды басуға тиімді әсер етеді. Ревматоидты артрит секілді буынның бастапқы қабыну аурулары кезінде иммуносупрессивті препараттармен немесе стероидты гормондармен емдеу тағайындалады.
"Кез келген сипаттағы ауырсыну үшін стероидты емес қабынуға қарсы дәрі-дәрмек тағайындалуы мүмкін. Олар атына сәйкес қабынуды жеңілдетеді және осылайша ауырсынуды азайтады. Қабылдау курсы қысқа да, өте ұзақ та болуы мүмкін. Бірақ қатаң түрде дәрігердің қадағалауымен жүргізілуі кеерек", - дейді сарапшы.

Ота арқылы емдеу

Егер буындағы өзгерістер айтарлықтай ауқымға жетсе, хирургиялық жолмен емдеу қажет болуы мүмкін. Ота кезінде бүкіл буынды ауыстыруы немесе кішігірім артроскопиялық "тазалау" (артроскоппен кішкене кесу арқылы манипуляция жасау) жүргізілуі мүмкін.

Үй жағдайында буындарды қалай сау сақтауға болады

Буындарды сау ұстауға көмектесетін бірнеше қарапайым, бірақ тиімді әдіс бар.
Қалыпты салмақты сақтау. Жоғарыда айтылғандай, артық салмақ буындарға жүктемені арттырады да, бұл буындардың зақымдалуына әкелуі мүмкін. Артық салмақ денедегі қабыну процестерін қоздырады және бұл буындарға кері әсер етуі мүмкін.
Дұрыс тамақтану. Белгілі бір минералдар мен витаминдердің жетіспеушілігі немесе артық болуы сүйек пен буын ауруларының қаупін арттырады. Ағзадағы D витамині мен кальцийдің қалыпты деңгейін сақтау өте маңызды.
Ыңғайлы аяқ киім кию. Аяқты қысатын аяқ киім, қатты табан, тым биік және тұрақсыз өкше буындардың шамадан тыс жүктелуіне және олардың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Орташа физикалық жүктемелер орындау. Бұлшықеттерді күшейту, икемділік пен тепе-теңдік жаттығуларын орындау өте маңызды. Алайда шамадан тыс дене жүктемесі буындарға теріс әсер етуі, яғни жарақатқа, зақымдалуына және біртіндеп бұзылуына әкелуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн.
Темекіден бас тарту. Бұл теріс әдет ағзаның кальцийді тиімді сіңіруіне жол бермейді де, бұл кейінірек буындардың бұзылуына әкелуі мүмкін.

Жиі қойылатын сұрақтарға жауап

Буын ауруларына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға дәрігер ревматолог Анна Тарасова жауап береді.
Буында ақау бар екенін қалай түсінуге болады?
Буын патологиясы ең алдымен ауырсынумен байқалады. Ісіну, қызару, қиын қозғалу, тұрақсыздық сезімі, сықырлау қосылуы мүмкін. Дегенмен буындардағы сықыр көбінесе ауруды білдірмейді және қалыпты жағдай болып табылады.
Қандай буын ауруы жиі кездеседі?
Ең жиі кездесетін буын ауруы – артроз. 2019 жылы бұл аурудан әлем бойынша 527,81 миллион адамға зардап шеккен.
Буын ауруы кезінде ағзада не жетіспейді?
Бір қызығы, буындардағы ауырсыну жетіспеушілікпен емес, шамадан тыс болумен байланысты болады. Көбінесе бұл буындарда жиналып, артриттің жедел ұстамасын тудыруы мүмкін артық несеп қышқылы болады. Сонымен қатар буындарда кальций пирофосфаты секілді басқа тұздар жиналуы мүмкін.
Буын ауруларын қай дәрігер емдейді?
Буын ауруларымен бірінші кезекте ревматолог айналысады. Дегенмен бастапқы диагнозды жалпы тәжірибе дәрігері немесе ортопед-травматолог анықтай алады.
Вздутие живота, болезнь - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.04.2023
Денсаулық
Аппендицит туралы не білу керек
Жаңалықтар
0