Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаАбайдың ескерткіші
Абайдың ескерткіші - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.08.2025
Жазылу
Мерейтойға орай республика көлемінде көптеген мәдени іс-шара өтіп жатыр. Семейде үлкен этноауыл ашылды
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр.
Sputnik Қазақстан ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді, сондай-ақ мерекелік іс-шараларды назарларыңызға ұсынады.

Абай күні қалай бекітілді

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өткен болатын. Сол кезде "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі жаңартылды. Ал 4 тамызда үкіметтің қаулысымен Абайдың туған күні мерекелік даталар тізіміне енгізілді.
Бүгінде жыл сайын Абайдың туған күніне орай сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстандықтар ақынның өлеңдерін оқып, бір-біріне челлендж жолдайды.
Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. 1 қала, 3 аудан мен 26 ауылға ойшылдың аты берілген.

Қазақстанда неше Абай бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде Абай есімді 18 763 адам тұрады. Көбісі – үш қаланың тұрғындары. Олар:
Астана - 2 089;
Түркістан облысы - 2 018;
Алматы қаласы - 1 719.
Қазір ең егде Абайдың жасы – 93-те. Бұл есім ең көп таралған жас тобы – 30-34-тің арасы. Осы жастағы Абайлардың саны – 3 228 адам. Биыл алғашқы алты айда туған 157 нәрестеге Абай есімі берілген. Бүгінде Абай есімді 10 әйел тіркелген. Ал Ибраһим (Ибрагим, Ибрахим) есімді азаматтардың саны 35 404 адамды құрайды.

Абай күніне арналған іс-шаралар

Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығына арналған іс-шаралар он күн бұрын басталды. Мәселен, Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды. Онда 1-10 тамыз аралығында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен он күн бойы концерттік бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар, ұлттық және заманауи спорт түрлерінен ашық қалалық чемпионаттар өтіп жатыр.
Абай 180 жылдығына әкелер мен ұстаздар 180 шақырымды атпен жүріп өтті. 180 баланың тұсауы кесілді. Ал Ақтөбе облысында 180 мың оқушы бір мезетте Абай шығармаларын оқыды.
Абайдың 180 жылдығына арналған негізгі іс-шаралар Қарауыл ауылында өтеді. Сол жақта қоғамдық тәртіпті сақтауға төрт өңірдің полицейлері тартылды.
Биыл елордасы – Астана қаласында 10 тамызда Абайдың 180 жылдығына арналған Домбыра Party ұйымдастырылады. Сондай-ақ Абайдың алып цифрлық портреті тағы көрсетіледі.

Абай туралы қызықты деректер

Абайдың арғы тегі Арғын ішіндегі Тобықты Олжай батырдан басталады. Атасы Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Ал Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ұлжан болса, Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан.
Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйреп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген.
Қызықты деректер:
Абай Құнанбайұлының шын есімі – Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін Абай атанып кеткен;
Алғашқы өлеңін 10 жасында жазды;
Абай алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
Абай 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
Алғашқы махаббаты – Тоғжан;
Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
Абай 16 жасында әке болды;
21 жасында болыс болып сайланды;
Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді;
"Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін" әзірледі;
Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды;
Мұхтар Әуезов Абайдың бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпағанын да жазған.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан тілшісі қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған жері Жидебайда болып, оның ұрпағының шежіресімен танысып қайтқан болатын.
Жаңалықтар
0