Шерзат Полаттың өлімі: 9 күдіктіге сот үкімі шықты
16:19 05.06.2025 (жаңартылды: 16:35 05.06.2025)

© Sputnik
Жазылу
АЛМАТЫ, 5 маусым – Sputnik. Алматы облысы Талғар қаласында кісі қолынан қайтыс болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды оқиға орнынан Sputnik Қазақстан тілшісі.
Былтыр қазанда көз жұмған Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар деп айыпталған 9 күдіктіге сот үкімі шықты. 56 күнге созылған сот отырысы Талдықорғанда өтті.
Сот үкімімен:
Абзал Шынасыл 23 жылға,
Равиль Сәкиев 20 жылға,
Шыңғыс Белғожаев 7 жылға,
Дархан Әскентай 7 жылға,
Нұрқияс Ілиясов 9 жылға,
Азамат Тоқтаубаев 15 жылға,
Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға,
Дидар Қалиахмет 7 жылға,
Думан Ысқақов 1,6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Думан Ысқақов жазасын жасөспірімдер колониясында өтейді.
Судья үш жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу туралы талапты ішінара қанағаттандырды.
Абзал Шынасыл жәбірленушілердің әрқайсысына 20 миллион теңгеден төлейді. Равиль Сәкиев әрқайсына 15 миллион теңгеден береді. Ал Белғожаев, Әскентай, Ілиясов, Азамат Тоқтаубаев, Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаев әрқайсысына 10 миллион теңгеден өтейді.
Еске сала кетейік, 3 қазан күні түнде 16 жастағы Шерзат Полат төбелес кезінде көз жұмды. Шерзаттың отбасы қылмыскерлер жазалансын деп Талғардың орталық көшесінде ереуілге шықты. Көп ұзамай Шерзаттың әкесі Қаржаубаудың үйін өртеп кетті.
Арада екі айдай уақыт өткенде Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев өз өзіне қол жұмсап, қайтыс болды.
Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиғадан соң Талғар ауданы мен қаласының басшылығы орнынан кетіп, кейбірінің қызметі төмендеді.
Қылмыстық іс 5 ай тергеліп, ақпанның соңында сотқа жолданды.
Ал сәуірдің 10 күні атышулы қылмыстық оқиғаға қатысты сот басталды. Сотталушылар орнында 9 адам, бірі - 11-сынып оқушысы болды.
Айта кетері, мемлекеттік айыптаушылар судьядан Қылмыстық Кодекстің мына баптарымен сотталушыларды қатаң жазалауды сұрады.
Кәмелет жасқа толмаған Думан Ысқақовты Қылмыстық кодекстің 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуді;
Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Нұрқияс Ілиясты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыруды, 2024 жылғы Талғар аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазасын қосып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Азамат Тоқтаубаевты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға, 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) бойынша 3 жылға, 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен 9 жылға бас бостандығынан айыруды, 58-баптың 6-тармағына сәйкес 2024 жылғы Талғар аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазасын қосып, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Равиль Сәкиевті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға, 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша 15 жылға, 58-баптың 4-тармағына сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Абзал Шынасылды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 58-баптың 4-тармағына сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.
Ал Шерзаттың отбасы күдіктілерден 662 794 мың теңге моральдық шығын өтеуді талап етті.