Шерзат соты: мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға қандай жаза сұрады
11:57 02.06.2025 (жаңартылды: 12:59 02.06.2025)

© Sputnik
Жазылу
Сондай-ақ жәбірленушілерге моральдық шығынды толық өтеуді талап етті
АСТАНА, 2 маусым - Sputnik. Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысында бүгін жарыссөз өтті.
Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушыларға барынша қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Прокурор соттан:
Кәмелет жасқа толмаған Думан Ысқақовты Қылмыстық кодекстің 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесінде өтеуді;
Дархан Әскентай, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Нұрқияс Ілиясты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыруды, 2024 жылғы Талғар аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазасын қосып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Азамат Тоқтаубаевты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға, 188-бабының 1-бөлігі (ұрлық) бойынша 3 жылға, 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен 9 жылға бас бостандығынан айыруды, 58-баптың 6-тармағына сәйкес 2024 жылғы Талғар аудандық сотының үкімі бойынша өтелмеген жазасын қосып, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Равиль Сәкиевті Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға, 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша 15 жылға, 58-баптың 4-тармағына сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Абзал Шынасылды Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 58-баптың 4-тармағына сәйкес жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 23 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.
Сондай-ақ жәбірленушілерге моральдық шығынды толық өтеуді талап етті.
Мұнымен қоса прокурор соттан куәгер болған екі қыздың әрекетін қайта тергеу үшін істі облыстық полиция департаментіне жолдауды сұрады.
