Қоғам

Назарбаева, Нығматулин, Мәсімов: 2022 жылы билікке кімдер келіп, кімдер кетті

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik. Бүкіл елді дүрліктірген "қаңтар оқиғасынан" кейін елімізде Жаңа Қазақстан құруға қадам жасалды. Халық биліктен "сылдыр сөз, құрғақ уәде" емес, нақты нәтиже талап етті. Мемлекетке опасыздық жасағандар ұсталды, қолынан іс келмейтіндер жылы орнын босатты. Осылайша барыс жылы ел билігінде біраз кадрлық ауыс-түйіс болды. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Мәсімовтің қылмысы әшкере болды

Елдің түкпір-түкпірінде жаппай тәртіпсіздіктер болып жатқанда, Ақорда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылғанын хабарлады. Көп ұзамай экс-басшы мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынғаны белгілі болды.
Мәсімовпен бірге оның орынбасарлары да тұтқындалды. Тек Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қана (ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары) ұсталған жоқ.
Қазір Мәсімовтің ісі Астанадағы сотта ауыр зардаптарға әкеп соққан мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп тартып алу, билікті және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану баптары бойынша қаралып жатыр.
Айта кетері, Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін бес жылдан астам уақыт басқарды.
Осыдан кейін президент жарлығымен ҰҚК төрағасы лауазымына Ермек Сағымбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болған.

Тоқаев үкіметтің отставкасын қабылдады

5 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мамин басқарған үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.
"Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын", - деп жазылды Ақорда жариялаған жарлықта.
Бір жұмадан кейін Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітіп, жаңа басшысын тағайындады. Министрлер кабинетін үш жылдай басқарған Маминнің орнын бірінші орынбасары Әлихан Смайылов басты.
Үкіметтің құрамы жаңа мүшелермен толықты. Олар ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, энергетика министрі Болат Ақшолақов, ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, әділет министрі Қанат Мусин, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Ал сол кездегі сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса атқаратын болды.
29 наурызда Смайыловтың бесінші орынбасары тағайындалды. Вице-премьерлер қатарына қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қосылды.
Отставкаға дейін үкімет басшысының үш орынбасары – Роман Скляр, Ералы Тоғжанов және сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді болған.

Қошанов Нығматулинді алмастырды

Мәжілістің кезекті отырыстарының бірінде "Нұрландардың бәрі кетіп жатыр" деп әзілдеген Нұрлан Нығматулин де қаңтар оқиғасынан кейін араға бір ай салып жылы орнын босатты. Мәжілістің экс-спикері өкілеттігін мерзімін бұрын тоқтатуға өзі өтініш берген.
Айта кетері, 60 жастағы Нұрлан Нығматулин екі рет мәжіліс төрағасы болды.
Осыдан кейін парламенттің төменгі палатасына Ерлан Қошанов басшы болып келді. 60 жастағы депутат бұл қызметке дейін Президент әкімшілігін басқарған еді.

Дариға Назарбаева да билікпен қош айтысты

Қаңтар айының басында елде бүлік болып жатқанда тұңғыш президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева парламентте мүлде көрінген жоқ. Алғашында мәжіліс депутаты коронавирустан емделгені, артынша оңалту курсынан өтіп жатқаны хабарланды.
Ал ақпан айының соңында Дариға Назарбаева парламент мәжілісінен кететінін мәлімдеді.
Спикер сената Дарига Назарбаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.02.2022
Қаңтар оқиғасы
Дариға Назарбаева мәжілістен кететінін мәлімдеді
"Бүгін Мәжіліс депутаты өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым және толығымен қоғамдық, гуманитарлық, мәдени және қайырымдылық қызметке ден қоюды ұйғардым", - деді ол өз үндеуінде.
Осыдан кейін экс-депутат Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat) саяси кеңесінің құрамынан да шығарылды.

Бұрынғы қорғаныс министрі ұсталды

19 қаңтарда президент қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қызметінен босатты. Оның орнына Руслан Жақсылықовты тағайындады. Ол бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы болған.
Тоқаев экс-министр Бектанов қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтып сынады.
Ал бір айдан соң, 20 ақпанда Мұрат Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бас прокуратура оған қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы "Биліктің әрекетсіздігі" бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Бүгінде тергеу амалдары аяқталды. Қазір Бектановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Ішкі істер министрі мен бас прокурор ауысты

Ақпан айының соңында мемлекет басшысы құқық қорғау органдарында ауыс-түйіс жасады. Қаңтар оқиғасы кезінде ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаев қызметінен кетті. Көп ұзамай ол Қазақстан президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Алайда ол бұл қызметте көп отырған жоқ – тамызда Тоқаев оны босатты.
Ал Антикорды басқарған Марат Ахметжанов ішкі істер министрі болды.
Наурыздың басында Қазақстанның бас прокуроры да ауысты. Конституцияға сәйкес, сенат президенттің бас прокурорды тағайындауына келісім беруі қажет. Мемлекет басшысы бұл лауазымға Берік Асыловты ұсынды. Парламенттің жоғары палатасы кандидатураны бірауыздан қолдады.
Ал бұған дейін Қазақстанның бас прокуроры қызметін атқарған Ғизат Нұрдәулетов Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды. Ол Әсет Исекешевтің орнына барды, Исекешев президент көмекшісі болды.

Сапарбаев, Сағынтаев, Әбдіқалықова қызметінен кетті

Қаңтар айының соңында Тоқаев Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевты лауазымынан босатты. Оған қала тұрғындарының петициясы себеп болды. Алматылықтар қаңтар оқиғасы кезінде әкім халық алдына шықпады, ешқандай үндеу жасамады деп сынаған болатын.
Сағынтаевтың өзі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде кортежіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
"Оны кінәлай алмаймын. Қызметтік міндеттерін атқару жағынан адал адам. Алайда алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін", - деген еді осы жағдайдан кейін Тоқаев.
Президенттің жарлығымен Алматы қаласының әкімі болып Ерболат Досаев тағайындалды. Ол оған дейін Ұлттық банкті басқарды.
Өңір әкімдері арасындағы ауыс-түйіс сәуір айында да жалғасты.
Жамбыл облысының басшылығына Бердібек Сапарбаевтың орнына 55 жастағы орынбасары Нұржан Нұржігітов келді.
Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіқалықованы 46 жастағы Нұрлыбек Нәлібаев алмастырды.
Атырау облысының әкімі лауазымына Серік Шәпкенов тағайындалды. Бұл қызметке дейін ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.

Тамара Дүйсенова үкіметке қайта оралды

Шәпкенов Атырау облысына әкім болып барғаннан кейін, Тамара Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.
Тамара ДҮйсенова - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2022
Қоғам
Қайта министр болған Тамара Дүйсенова үкімет отырысында не деді
Дүйсеноваға бұл қызмет таңсық емес, ол ведомствоға 2017-2018 жылдары жетекшілік еткен еді. Содан кейін президент көмекшісі – президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты.

Жаңадан құрылған облыстардың басшылары тағайындалды

Биыл Қазақстан өңірлерінің тізімі тағы үш облыспен толықты. Президент жарлығымен Ұлытау облысы, Абай облысы және Жетісу облысы құрылды.
11 маусымда жаңа өңірлердің басшылары тағайындалды:
Берік Әбдіғалиұлы – Ұлытау облысының әкімі;
Нұрлан Ұранхаев – Абай облысының әкімі;
Бейбіт Исабаев – Жетісу облысының әкімі.
Сондай-ақ сол күні Тоқаев Қанат Бозымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Алматы облысының әкімі қызметінен босатты. Оның орнына Марат Сұлтанғазиевті тағайындады.

Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді

Осы жазда Асхат Аймағамбетов басқарып келген білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінді. Сөйтіп оқу-ағарту министрлігі және ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды.
Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі, ал Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.

Тамыздағы ауыс-түйіс

Қант төңірегіндегі проблемадан кейін Бақыт Сұлтанов премьер-министр орынбасары – сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. Бұл қызметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұрынғы төрағасы Серік Жұманғарин келді.
Ал вице-премьер Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болды. Ол бұл қызметте Оңдасын Оразалинді алмастырды.
Сондай-ақ тамыз айында Түркістан облысын 2,5 жылдай басқарған Өмірзақ Шөкеев те жылы орнын босатты. Өңір жұртшылығы жаңа әкімді қарсы алды. Ол Қазақстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Дархан Сатыбалды.
2 қыркүйекте Асқар Омаров ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылып, оның орнына Дархан Қыдырәлі тағайындалды.
Омаров қазір президент жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" мекемесін басқарады.

Президент сайлауынан кейінгі кадрлық өзгеріс

Биыл 20 қарашада халық алдағы жеті жыл мерзімге жаңа президентті сайлады. 81,31% дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.
Ұлықтау рәсімінен кейін президент облыс әкімдері арасында ауыс-түйіс жасады. Барлығы 20 әкім тағайындалды, оның 17-сі – өңірлерге, ал үшеуі – мегаполистерге. Көбі бұрынғы қызметінде қалды, тек 6-уы ғана жаңадан тағайындалды.
Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысынан Астана қаласына ауысты. Ал Қарағанды облысына Ермағамбет Бөлекбаев әкім болды.
Үш жылдан астам елорданы басқарған Алтай Көлгінов те қызметсіз қалмады. Ол премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалды. Вице-премьер үкіметте әлеуметтік салаға жауап береді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі де ауысты. Облысты басқару тізгінін ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қолына алды.
Ал СҚО-ның экс-әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысының басшысы болды.
58 жастағы экс-сенатор Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысын басқарған Ғали Есқалиевті алмастырды.
Екібастұз қаласындағы төтенше жағдайдан кейін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та креслосынан айырылды. Ол өңірді 2020 жылдың қаңтарынан бері басқарған болатын. Оның орнына Асайын Байханов әкім болып тағайындалды. Байханов 2019 жылдың шілдесінен Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарған.

Жоғарғы сот төрағасы ауысты

8 желтоқсанда президент Жоғарғы соттың төрағасы лауазымына Асламбек Мерғалиевтің кандидатурасын ұсынды. Сенат депутаттары оны бірауыздан қолдап, тиісті қаулы қабылдады. Жаңадан сайланған бас судья адал қызмет атқаруға ант берді.
50 жастағы Мерғалиев Қазақстанның сот жүйесінде 20 жылдан астам қызмет етіп келеді.
Ал Жақып Асанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жоғарғы сот төрағасы қызметінен босатылды.

Тасмағамбетов – ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы

Мәңгіге тарих қойнауына енетін 2022 жылдың тағы бір жаңалығы Иманғали Тасмағамбетовтің жаңа қызметке тағайындалуы болды.
Ол 2023 жылдан бастап алдағы үш жыл ҰҚШҰ бас хатшысының міндетін атқарады.
66 жастағы Иманғали Тасмағамбетов соңғы үш жыл бойы саяси аренада көрінген жоқ. 2019 жылы желтоқсанда президент жарлығымен ол зейнетке шығуына байланысты Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылған болатын.
Айта кетері, әскери-саяси ұйым 2002 жылы құрылды. Бүгінде ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері мүше.
Имангали Тасмагамбетов, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2022
Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін атқарады - Пашинян
Жаңалықтар
0