АСТАНА, 17 қаң — Sputnik. Әсем Міржекеева. Бопсалау бабымен айыпталып отырған Бигелді Ғабдуллиннің ісі бойынша бас сот талқылауы тура белгіленген уақытта – сағат 10.00-де басталды. Сотталушының өзін тергеу изоляторынан күзетпен шамалы ертерек жеткізді. Арасында туыстары мен журналистер бар тыңдауға келген адамдарды Central Asia Monitor бас редакторы салқын қанды ешбір эмоциясыз "қарсы алды". Жалпы залдан қалқанмен оқшауланған Бигелді Ғабдуллин өзінің айналасындағы адамдарға қарамауға тырысты. Басын жоғары тік ұстап, судьяның сұрақтарына ғана кей кездері "тап солай" деп жауап беріп отырды.
Жазып алуға тыйым салу
"Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллин 1955 жылдың 31 шілдесінде Ақмола облысы Макин ауданы (қазіргі Бұланды ауданы) Красный Кордон кентінде туылған. Үйленген. Кішкентай қызы бар. (…) 2004 жылғы желтоқсаннан бастап – өңіраралық "CentralAsiaMonitor" газетінің бас редакторы, әрі баспашысы. 2013 жылы "Радиоточка" мультимедиалық порталын құрған. 2013 жылы қазақстандық ПЕН клубтың президенті болып сайланған. "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. Дұрыс па?", — деп оқыды судья.
"Тағы басқа да медальдер бар, бірақ олардың атаулары есімде жоқ", — деді сотталушы сотқа анкеталық деректерді нақтылағаннан кейін.
Тыңдау басталмай жатып, КТК және "Астана" телеарналарының операторларына қарауылшы жақындап, болып жатқан жағдайды түсірмеулерін қадап айтты. Журналистердің наразылықтарына, бұл судьяның талабы деп жауап қатты. Камераларын қоспаған операторлар объективтерін Ғабдуллин отырған тордан ары алып кетті. Екі минут өтпей жатып, сот приставы да судьяның түсірілім жасауға тыйым салуын жеткізді. Журналистердің наразылық білдірулері төрағалық етуші судья Бағлан Ыдырысовқа жеткен болар. Кіріп амандасып үлгермей, процестің фото және бейне түсірілімі туралы тараптардың пікірін сұрады.
Айыптау тарабы сот процесін түсіруге ішінара шектеуді сұрады.
"Жеке бөлімдерде, жариялықты ескере отырып, соттың жеке отырыстарында, айыптау актісін жариялағанда БАҚ-тың қатысуына болады. (Журналистер – еск.) процестің қалыпты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін", — деді прокурор Айжанов. Жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптауды қолдады. Сотталушының пікірі оның қорғаушысының ойымен бір жақтан шықпады.
Адвокат Аманжол Мухамедьяров қылмыстық істі жабық тәртіпте қарауды ұсынды. Алайда Бигелді Ғабдуллин өзін өте байсалды ұстап, сот залында әріптестерінің болып, фото- бейне түсірілім жасауына рұқсат беруді сұрады. Журналистер үшін күтпеген жерден судья Ыдырысов журналистерге тіпті диктофон пайдалануға және сот процессінен аудио жазба жасауға тыйым салу туралы қаулыны оқыды.
Журналистикаға берілген сабақ
Тергеу органдарының болжамынша, Бигелді Ғабдуллин CentralAsiaMonitor басылымының бас редакторы болып тұрған кезінде бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдардан өзінің газеті үшін ақша бопсалаған. Іс бойынша жәбірленуші болып Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері, Астана әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі танылған. Тиісінше қылмыстық іс төрт эпизодқа бөлінген.
"Абыройы мен намысын және іскерлік беделін түсіруге бағытталған мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларға қатысты сыни мақалалар жазған", — деп оқыды айыптау актісін прокурор Айтжанов.
Тергеудің болжамы бойынша, 2013-2016 жылдары Бигелді Ғабдуллин Жамбыл облысы әкімдігінің басшылығынан ақша бопсалаған. Кейіннен Central Asia Monitor және өңір әкімдігі ішкі саясат басқармасы арасында жалпы сомасы 6,5 миллион теңгені құрайтын ақпараттық саясат жүргізу үшін үш келісім-шарт жасалған. Бигелді Ғабдуллиннің тапсырмасы бойынша газет журналистері Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың абыройы мен намысына нұқсан келтіретін материалдар әзірленіп, жарияланған. Осы "қажетсіз" жариялымдардан кейін Бигелді Ғабдуллин 2017 жылы 10 миллион теңге көлеміндегі қаржыландыруды талап еткен.
Ғабдуллиннің ісінде Астана әкімі орынбасары Ермек Аманшаевтың да есімі бар. Тергеудің болжамынша, 2016 жылы Ғабдуллин Аманшаевтан мемлекеттік тапсырыс аясында 8 миллион теңге көлемінде қаражат сұраған. Бұл қаражат толық аударылған.
"Біз Аманшаевпен араласамыз. Мен оны 30 жылдан бері танимын, біз доспыз. Мен одан талап ете аламын. Оны жазушы және кино қайраткері ретінде білемін. Достықпен газетке қолдау керектігін айттым. 8 миллион теңгені біз өтедік. Мен бұл жерде талап болды деп санаймын. Ол оны орындады", — деп түсіндірді сотқа Ғабдуллин.
Сондай-ақ Ғабдуллин Шығыс Қазақстан облысының әкімінен ақша бопсалады деп айыпталып отыр. Прокурордың сөзіне қарағанда, әкімнің беделіне нұқсан келетін материалдарды жариялаудан бас тарту үшін мемлекеттік тапсырыс аясында қаражат талап еткен.
"Мен ШҚО әкімі Даниал Ахметовпен кездестім. Ол тек біздің газетімізді оқитынын айтып, Омарды шақырып алды да оған тапсырма берді. Жұмыс жүрді, бірақ тапсырмалар бірден орындала қойған жоқ. Біз 6,1 миллион теңгені тендермен алдық", — деді Бигелді Ғабдуллин.
Бұдан бөлек, сотта Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың есімі аталды. Айыптау тарабы, Ғабдуллин энергетика министрлігінен қаражат алу үшін Бозымбаевқа қатысты абыройын түсіретін материалдар жариялады деп санайды. Баспасөз хатшымен әңгімелесуден кейін Ғабдуллиннің басылымы 2 миллион теңге алған.