Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарында жүріп бастаған "Курляндия" романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды.
1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – "Жұлдыз" журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданады. Халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады.
2000 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов ПЕН клубының жанынан "Таң-Шолпан" журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. "Соңғы парыз" дилогиясы да әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.