Денсаулық

Атеросклероз ауруы: себептері мен белгілері

Атеросклероз – липидтер мен ақуыз алмасуының тұрақты бұзылыстары салдарынан дамитын созылмалы ауру. Артериялардың қабырғаларында майлы шөгінділердің жиналуы – патологиялық процестің салдары
Sputnik
Холестеринді түйіншектер өседі де, қантамырдың арылуына әкеліп, бұл қан ағымының жүруіне кедергі келтіреді.
Мамандар атеросклерозды ең қауіпті аурулардың бірі деп санайды. Өйткені ерте кезеңдерде патология мүлде білінбейді. Клиникалық белгілер қан тамырлары жүйесінде реттеуге келмейтін құбылыстар мен қан айналымының ауыр түрде бұзылып дамығаннан кейін ғана пайда болады.
Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы липидті түзілімдер жас кезде қалыптасады, ал 25 жасқа дейін қан тамырларының саңылауын 40%-ға тарылтатын холестеринді түйіншектер ер адамдардың 50%-ында анықталады. Дәл осындай жағдай 55 жастан кейін әйелдерде де байқалады.
Коронарлық артерияларда түйіншектердің болуы өмірге қауіп төндіреді. Әсіресе, құрылымы тығыз емес жұмсақ түзілістер аса қауіпті. Қысым көтерілгенде түйіншектер тамыр қабырғасынан ажырайды да, қан ағынымен бірге жылжиды және артерияны бітеп тастайды. Бұл көбінесе адам өліміне әкеледі.
Денсаулық
Жүктілік кезіндегі жіті респираторлық вирустық инфекция туралы не білу керек

Атеросклероздың себептері

Артерия қабырғасының атеросклеротикалық қайта құрылуына және атеросклеротикалық түйіншектердің пайда болуына әкелетін бір ғана себепті атау мүмкін емес. Зерттеушілердің көпшілігі атеросклероздың генетикалық бейімділік деңгейінде май алмасуының (дәлірек айтқанда, холестерин эфирлерінің) бұзылуына негізделгенімен келіседі. Отбасылық гиперхолестеринемия (ОГ) ауруы белгілі. Бұл төмен тығыздықтағы липопроетин (ТТЛП) рецепторларының геніндегі мутацияға байланысты төмен тығыздықтағы липопротеиндердің қан ағымынан жою жылдамдығының төмендеуінен туындаған аутосомды-доминантты ауру.
Отбасылық гиперхолестеринемия бар науқастарда қандағы жалпы холестерин мен ТТЛП-мен байланысты холестерин деңгейінің жоғарылауы және атеросклеротикалық аурудың дамуы байқалады. Сонымен қатар отбасылық гиперхолестеринемия бір геннің мутациясы (моногенді ауру) салдарынан болатын ең көп таралған генетикалық ауру болып табылады.
Денсаулық
Қызылша ауруы: пайда болу себептері мен емдеу жолдары
Аурудың дамуына себеп болатын әртүрлі қауіп факторлары бар. Олар жойылатын, жойылмайтын және ішінара жойылатын болып бөлінеді.
Жойылмайтын себептер:
Адамның жасы;
Жынысы;
Тұқым қуалаушылық.
Жойылатын себептер:
Артериялық гипертензия
Алиментарлық семіздік
Темекі шегу
Физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі
Шамадан тыс эмоционалды күйзеліс
Дұрыс тамақтанбау
Ішінара жойылатын себептер:
Қант диабеті
Денсаулық
Остеохондроз: пайда болу себептері мен емдеу жолдары

Атеросклероз түрлерінің жіктелуі

Атеросклероз – бұл барлық артерияға әсер ететін жүйелі ауру, бірақ атеросклероздың тамырлардың белгілі бір тобында байқалу дәрежесінің басымдығына байланысты ол мынандай түрлерге бөлінеді:
коронарлық артериялардың атеросклерозы (жүректің ишемиялық ауруы мен стенокардия тудырады, бұл миокард инфарктісіне әкелуі мүмкін);
брахиоцефальды артериялардың атеросклерозы (мидағы қан айналымының созылмалы жеткіліксіздігін тудырады, бұл инсультке әкелуі мүмкін);
аортаның, мықын артерияларының және аяқ артерияларының атеросклерозы (аяқтың немесе саусақтардың гангренасына әкелуі мүмкін аракідік ақсақтық тудырады);
аортаның висцеральды тармақтарының атеросклерозы (ішкі органдардағы қан ағымының бұзылуы, бұл ішектің, бүйректің және тағы басқа органдардың инфарктіне әкелуі мүмкін);
мультифокальды атеросклероз (жоғарыда аталған тамырлардың бірнеше топтарының зақымдануы).
Денсаулық
Күйзеліс гормоны: кортизол туралы не білеміз

Атеросклероз диагностикасы

Атеросклерозды диагностикалау үшін зертханалық және аспаптық әдістерді қолдануға болады. Олар мыналар:
жалпы қан талдауы;
қандағы холестерин деңгейін тексеруге арналған талдау;
ангиография;
КТ, МРТ;
коронарография (коронарлық артерияларды зерттеуге арналған);
ЭКГ, эхокардиография;
Холтер ЭКГ мониторингі (жүрек ырғағының бұзылуын анықтауға арналған);
Ультрадыбыстық зерттеу (аорта, бүйрек, жүрек тамырларының жағдайын зерттеуге арналған).
Денсаулық
Дисбактериоз: себептері мен белгілері

Атеросклероздың белгілері

Ми қан тамырларының атеросклерозы
Холестеринді түйіншектер пайда болған кезде және мидың артериялары тарылса, ми жасушалары қан мен қоректік заттардың жетіспеушілігін сезінеді. Мына белгілер осы жағдайды көрсетуі мүмкін:
тұрақты бас айналу,
құлақтағы шу,
бас ауруы,
қатты шаршау,
қозғалыс кезіндегі қиындықтар.
Миды қамтамасыз ететін негізгі ұйқы күретамырының тарылуы жеке диагноз ретінде анықталады. Оны ұйқы күретамырының стенозы деп атайды. Миды қамтамасыз ететін тамырлардың зақымдануы мидың ишемиялық инсульті сынды ауыр дерт пайда болуының қаупін тудырады.
Денсаулық
Псориазды емдеу және алдын алу жолдары

Аяқ артерияларының атеросклерозы

Аяқтағы артериялардың зақымдануын облитерациялық атеросклероз деп атайды. Оған 65 жастан асқан адамдар, әсіресе ер адамдар бейім. Бұл ауру келесі белгілермен сипатталады:
балтырдағы ауырсыну, демалу кезіндегі құрысулар,
жаяу жүру кезінде ақсаңдап жүруге мәжбүрлейтін ауырсыну,
аяқтың ұюы, жүру кезінде тез шаршау,
емделмейтін жаралардың, асқынған жағдайларда ойық жаралардың пайда болуы.
Егер мұндай белгілер болған кезде дәрігер көмігіне жүгінбесе, онда атеросклероздың асқынған жағдайларын емдеудің жалғыз шарасы ретінде аяқ-қолды ампутациялау қолданылу қаупі бар.
Денсаулық
Асқазан-ішек жолдары аурулары: белгілері мен емдеу жолдары

Бүйрек артериясының атеросклерозы

Бүйрек артериясының атеросклерозы көбінесе нақты бір белгілерсіз дамиды. Бірақ ұзақ уақытқа созылатын және дәрі-дәрмек әсер етпейтін қан қысымының жоғарылауынан күдіктену керек. Соңғы кезеңде артерияның бітелуі болуы мүмкін: ол бел аймағындағы ауырсынумен, жүрек айнуымен және құсумен сипатталады. Бұл жағдай дереу медициналық көмекті қажет етеді.

Коронарлық артериялардың атеросклерозы

Коронарлық артериялардың (жүрек тіндеріне қан әкелетін тамырлар) атеросклерозы – жүректің ишемиялық ауруы мен миокард инфарктісінің негізгі себептерінің бірі: ауру жүрек тамырларын зақымдаған кезде қоректік заттардың жеткіліксіздігі салдарынан жүрек бұлшықетінің жасушалары өле бастайды. Ал қан ұюы және тамырлардың бітелу қаупі жағдайды тек қиындатады. Бұл жағдай өмірге қауіп төндіреді. Сондықтан дереу дәрігермен кеңесу қажет. Осыған байланысты мына белгілерге ерекше назар аудару керек:
кеудедегі ауырсыну,
кеудедегі ауырлық, қысылу сезімі,
аритмия, яғни, жылдам немесе баяу жүрек соғысы,
жүрек тоқтап қалғандай сезім.
Бұл белгілерге бей-жай қарауға болмайды. Атеросклероздың даму қаупі көп адамда бар екенін ескеру керек. Дер кезінде анықталған ауруды заманауи медицина тиісті деңгейде емдеуге қауқарлы.
Денсаулық
Шаш түсудің себептері мен емдеу жолдары