Керісінше, жыл өткен сайын кофенің жаңа түрлері мен дәмі шығып жатыр. Адамдар ұйқы ашуға септігін тигізеді деп сенген сусынның ағзаға пайдасы мен зияны туралы толығырақ материалдан оқыңыз.
Кофе туралы не білеміз
Алдымен кофе туралы қызықты деректерге тоқталсақ, әлемдік саудада кофе сату және сатып алу көлемі бойынша мұнайдан кейін екінші орында тұр. Бір ағаш бес килограмнан аспайтын жеміс береді. Ал ол бес килограмнан бір килограмм дән алынады. Кофенің бағасы қымбат болуы ағаштардың аз жеміс беруімен байланысты.
Кофенің қандай түрлері бар
Әлемде кофенің 100-ден астам түрі бар. Бірақ ең көп таралғаны – арабика және робуста.
Арабика.Кофе ағашының бұл түрі Индонезия, Үндістан және Латын Америкасы елдерінде өседі. Бұршақтардың өзі ұзынша пішінді, құрамында робустаға қарағанда кофеин аз және жеңіл, қышқыл дәмі бар.
Робуста. Кофенің бұл түрі Африканың, Үндістанның, Шри-Ланканың және Индонезияның тропикалық аймақтарында өседі. Кофе сусынының ащы және өткір дәмі бар. Әдетте қанық дәм алу үшін робустаны кофенің басқа сұрыптарымен араластырады.
Кофеин
Кофенің құрамындағы негізгі өнім – кофеин. Кофеин – іс-әрекеттің қалыпты ынталандырғышы. Кофеиннің адамдарға әсері олардың осы компонентке сезімталдығына байланысты әр алуан болады. Кейбіреулер күніне бірнеше шыныаяқ кофе ішеді. Бірақ оларға кофеин ешқандай әсер етпейді. Ал басқалар бір шыныаяқ кофеден кейін өзіндегі өзгерістерді сезінуі мүмкін.
Кофеиннің қасиеті ас қорыту жүйесіне енгеннен кейін денеде тез ериді, тұтынғаннан кейін бірнеше сағат ішінде ағзадан шығарылады. Сондықтан кофенің несеп жүргізу әсері бар деп саналады.
Кофенің пайдасы
Кофе оның құрамындағы кофеин мен теаниннің арқасында көңілді сергітеді, қуаттандырады, концентрацияны жақсартады. Кофеин нейрондардың микроэлементтерді, соның ішінде глюкозаны сіңіруін ынталандырады. Ал теанин адамда бақыт сезімін тудыратын дофамин гормонының өндірілуін арттырады.
Сонымен қатар кофе құрамында жиырмаға жуық аминқышқылдары, РР, В1, В2 витаминдері, кальций, магний, натрий, калий, фосфор, темір минералдары бар. Кофе жүрек соғу жиілігін арттырады және адамға қуат береді. Бұл қан қысымы төмен немесе жүрек соғысы баяу адамдар үшін пайдалы болуы мүмкін.
Кофедегі хлороген және ферул қышқылдары күйзеліспен күресуге көмектеседі. Бұл антиоксиданттар жүйке жасушаларының тотығуы мен жойылуын болдырмайды, сонымен қатар нейрондардың импульстарға сезімталдығын төмендетеді, бұл апатия мен шаршаңқылықтың белгілерін төмендетеді.
Кофені анда-санда шағын мөлшерде ішу қант диабетінің қаупін азайтады. Сонымен қатар қант диабетімен ауыратындар кофе ішкен кезде инсулинге сезімталдық артады, бұл қан құрамындағы қантты төмендетеді.
Кофе аздап іш жүргізетін әсерге ие, сонымен қатар несеп айдайды. Ағзадағы қатты ісіну және судың тұралап қалуы кезінде кофе оны шығаруға көмектеседі.
Ұнтақталған кофе косметологияда қолданылады. Оны терідегі қабыршықтанған қабаттың бөлшектерін тазарту үшін скрабтарға қосады. Кофе теріге қан ағымын жақсартады және май бөлінуін қалыпқа келтіреді. Қатты қайнатылған кофе шоколад түсті реңк пен жылтыр беретін шаш маскасы ретінде қолданылады.
Кофенің зияны
Сұйықтау кофені сирек тұтыну әдетте дені сау адамға зиян тигізбейді. Дегенмен, кофе сусынын жиі ішу (тәулігіне 5 кесеге дейін) сүйектердің морт сынғыштығына әкеледі және сыну қаупін арттырады. Кофе денені қышқылдандырады. Сондықтан рН теңгерімін қалпына келтіру үшін ағза кальцийді сүйектерден ала бастайды. Кофені шамадан тыс тұтыну сонымен қатар бас ауруы, ұйқысыздық, қан қысымының жоғарылауы және шамадан тыс жүрек соғу жиілігіне әкеледі.
Жүкті және бала емізетін әйелдерге кофені мүмкіндігінше аз ішкен дұрыс. Өйткені жатырдағы шақалақ кофеинді әлдеқайда баяу шығарады және оның жоғары деңгейі даму ақауларына әкелуі мүмкін. Кофе кальцийдің ағзадан шығарылуына әкелетіндіктен, оны балаларға ішуге болмайды.
Кофеин нағыз есірткі сияқты тәуелділік тудыруы мүмкін. Ол мидың героин немесе кокаин әсер ететін аймақтарына ықпал етеді, бірақ әлдеқайда әлсіз. Кәсіби спортшылар арасында кофе допингтік препарат болып саналады.
Өндiру технологиясына байланысты еритін кофе ең зиянды болып табылады. Термиялық өңдеу кезінде акриламид токсині түзіледі. Тұтас дәндер барлық өңдеу кезеңінен өтіп, ұнтаққа айналғаннан кейін хош иісін, құрамындағы көптеген пайдалы заттарды жоғалтады, кофеиннің концентрациясы төмендейді. Сондықтан оған қосымша дәм беретін қоспалар мен майлар жиі қосылады.
Кофе ішуге кімдерге тыйым салынады
Мына топтағы адамдарға кофе ішуге тыйым салынады:
Остеопорозы бар немесе оның даму қаупі жоғары адамдарға;
Климактерия кезеңіндегі әйелдерге;
Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар адамдарға;
Жоғары қан қысымы немесе гипертониясы бар адамдарға;
Бүйрек аурулары бар адамдарға.
Мамандардың айтуынша, ұйқыны ашу немесе қосымша энергия алу үшін кофе ішуді әдетке айналдырған адамға уақыт өткен сайын көбірек мөлшерде кофе ішу қажет болады. Бұл сәйкесінше кофеге тәуелділік тудырады. Сондықтан бұл сусынды ағзаға зиян келтірмейтіндей мөлшерде тұтыну қажет.