Дерекқор

Қазақтың екінші ханы Жәнібек хан туралы не білеміз

Жәнібек хан (1428 - 1480) – қазақ тарихындағы ірі тұлға. Шөбере туысы Керей екеуі Қазақ хандығының негізін қалап, Дешті Қыпшақ даласына үлкен өзгерістер әкелді. Тарихи деректерде Жәнібек ханды "Кіші Жәнібек хан" және "Әбу Саид" деп атайды. Оның да өзіндік себебі бар
Sputnik
Жәнібек хан (1428 - 1480) – қазақ тарихындағы ірі тұлға. Шөбере туысы Керей екеуі Қазақ хандығының негізін қалап, Дешті Қыпшақ даласына үлкен өзгерістер әкелді. Тарихи деректерде Жәнібек ханды "Кіші Жәнібек хан" және "Әбу Саид" деп атайды. Оның да өзіндік себебі бар. Sputnik Қазақстан қазақтың екінші ханына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Лақап аты - Жәнібек

Жәнібек хан – Ақ Орданың билеушісі болған Орыс ханның ұрпағы. Оның сегізінші баласы – Қойыршақта Пайанде-сұлтан мен Рукйиа деген екі қызы және Барақ атты бір ұлы болды Барақтан төрт бала тарайды. Олар - Саадат-бек деген қызы және Әбу Саид, Мир Қасым, Мир Саид деген үш ұлы.
"Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада" Әбу Саид Барақ ханның үш ұлының кішісі және Жәнібек хан деген қосымша есіммен берілсе, Қадырғали Жалайыр ол туралы: "Барақтың ұлы "кіші Жәнібек хан", – деп дәлірек түсіндіреді. Осылайша, деректердегі Жәнібек хан туралы айтылатын шежірелік мәліметтерде оның шын есімі – Әбу Саид, лақап аты – Жәнібек болып тұр. Ал Қазақ хандығының құрылуы барысын баяндайтын мәліметтердің бәрінде Керей ханның есімімен бірге Жәнібек хан деп аталады.
Жәнібек ханның есімі бір мәліметте – Әбусағит, келесі бір деректе – Бу-Сайд, ал тағы бір дерек мәліметінде – "Абу Саид" деп жазылады. Тарихшылардың айтуынша, ханның есімі түрлі деректерде әртүрлі жазылса да, қазақша нұсқасы – Әбусейт (Әбусайд).
Дерекқор
Қазақтың тұңғыш ханы Керей хан туралы қызықты деректер

Керей екеуі бір-біріне қалай туыс

Керей хан да Ақ Орданы басқарған Орыс ханның ұрпағы. Бірақ оның үлкен ұлы - Тоқтақиядан тарайды. Одан Болат (Анике Болат), ал Болаттан Керей тараған. "Тауарих-и гузида-йи нусратнаме" еңбегінде көрсетілген деректерге сәйкес, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы.
Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия мен кіші ұлы Қойыршақтың жас арасы шамамен 15-20 жыл, ал екеуінің немерелері – Керей мен Жәнібек арасындағы жас айырмашығы 10-20 жыл болды деген болжам бар.
Жалпы, ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығы құрылғанға дейін Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберелердің саны Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Оған қоса, Орыс ханның үлкен ұлы - Тоқтақия, оның үлкен ұлы - Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған. Сол себепті ол Қазақ хандығының ханы болып сайланған.
Дерекқор
Кенесары Қасымұлы – қазақтың соңғы ханы

Мұрагерлік қалай үзілді

Шыңғыс хан төрт ұлына жаулап алған жерлерін бөліп бергенде халықтардың шаруашылық, этникалық, тілдік және тағы басқа белгілерін ескерген. Жошының үлкен ұлы Орда Ежен, негізінен, Шығыс аймақты, яғни, Қазақстанның оңтүстік, орталық және солтүстік-шығысын басқарған. Ал XIII ғ. соңы - XIV ғ. басында Орда Ежен ұлысының орталығы Алакөл маңынан Сырдың орта ағысы бойына көшіріледі. Осы әулет Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады.
Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің билігі Орыс ханға дейін үзілмеген. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді. Бірақ ол екі ай ғана билік құрып, Әмір Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болды.
Ал Жәнібек ханның атасы Қойыршақ аз уақыт болса да Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрып, ордаежендік әулеттің билігі мен ықпалын сақтап отырды. Оның ұлы Барақ хан қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының бесінші ұлы Шайбан ұрпақтарының билігі орнығып, ордаежендік әулет өкілдері биліктен уақытша шеттетіледі. Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңірінде қала берген. Олардың ішінде Керей де, Жәнібек те және басқалар да бар. Жәнібек атасының ұлысын да басқарды.
Дегенмен шайбанилық сұлтандардың Сыр өңіріне келуі ордаежендік сұлтандарға өте ауыр тиеді. Олар ең жақсы жайылымдар мен қыстаулардан айырылды.
Дерекқор
Абылай хан туралы қызықты деректер

Екі сұлтанның көзі жетті

1457 жылға дейін Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандардың Шайбан ұрпағы – Әбілқайыр ханға наразылығы өсе түседі. Ақ Орданың мұрагерлерін жергілікті ру-тайпа көсемдері де қолдай бастады.
1428 жылы Әбілқайырдың хандыққа отыруын Дешті Қыпшақтың 71 ру-тайпа басшысы қолдаса, 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрысқа түсу үшін хан жарлығымен небәрі 17 тайпадан ғана жасақ жиналады. Сол кезде саяси билік өздерінде болмаса да жергілікті халықтың ресми ханды мойындамайтынына екі сұлтанның көзі жетеді.
ХV ғасырдың 50-ші жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған әулет өкілдері ордаежендік әулеттің билігін қалпына келтіру үшін күрес жүргізеді де, өздеріне қарайтын ру-тайпаларды бастап амалсыздан Моғолстанға көшеді. Ал Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін ішкі алауыздықты пайдаланып, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына жаңа деңгейде қайта оралып, бұрынғы ордаежендік әулеттің билігін қалпына келтіреді. Қазақ хандары билігінің негізін қалайды.
Дерекқор
Махамбет Өтемісұлы туралы қызықты деректер

Бөлінуге тағы не себеп болды

1457 жылы жазда Әбілқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естіп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық береді. Сол жылдың күз айларының басында ол қалмақтардан жеңіледі. Одан кейін жарлықка құлақ аспағандарды жазалауға кіріседі.
Керей мен Жәнібек сұлтандар да жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естіген. Бірақ жарлыққа сай әскер жібермеді. Содан екеуі Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауіптеніп, 1457 жылдың кара күзінде Шу бойына көшіп барған. Ал келесі жылы, яғни 1458 жылдың көктемінде Тұлпарсазда Керейді хан етіп сайлаған. Сол дәуірдің заңдылығы бойынша ханның сайлануы жаңа мемлекеттің құрылғандығын білдіреді. Бұл Қазақ хандығын құру жолындағы алғашқы қадам еді.
Дерекқор
Амангелді Иманов алашордашылармен неге келіспей қалды

Есен Бұға Шу бойындағы жерді неге берді

Ол кезде Шу бойындағы жерлер Моғолстанға қараған. Оны билеушісі – Есен Бұға хан ағасы Жүніс ханнан қауіптеніп, екі сұлтанды одақтас ретінде қабылдады.
Махмұд ибн Уәли "Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар" атты еңбегінде Есен Бұғаның бұл өңірді екі сұлтанға не себепті бергенін түсіндірген.
"Бұл кезде Моғолстанда Шыңғыс ханның ұлы, Шағатай хан ұрпақтарының бірі Уәйіс хан ұлы Есен Бұға хан билік етіп тұрды. Дәл осы тұста Әмір Темір курэканның ұлы Мираншахтың, оның ұлы Сұлтан Мұхаммед-мырзаның, оның ұлы Әбу Сайд мырза жоғарыда аталған ханның ағасы Жүніс ханды Ирактан алдыртып, көмек береді және қолдау көрсетеді, сөйтіп, оның бір бөлігіне қауіп төнеді. ...Екі сұлтанға ол Моғолстанның батысынан жер берді, ол Есен Бұға ханның иелігі мен Жүніс ханның қол астындағы жердің арасында орналасқан еді. Бұл жер - Шу мен Қозыбасы деген жерлер болатын", - деп жазды Уәли.

Қыпшақтардың дәстүрін қайтарды

ХІ-ХІІІ ғасырларда ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіне ғана тән белгі болды. Ол – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілуі. Бұл дәстүр сырттан келген жоқ. Қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпаларда жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туындады деген болжам бар. Ал моңғол шапқыншылығы нәтижесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда моңғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халықтың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Оған Керейдің хан болып сайлануы дәлел.
Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған. Моңғол дәстүрі бойынша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Дегенмен жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына тимей, Жәнібек хан болды.
Дерекқор
Ханның серігі, дала данышпаны Жиренше шешен туралы қызықты деректер

Неге "кіші Жәнібек хан" деп атаған

Әбу Саидтің не себепті Жәнібек атанғаны белгісіз, ол жөнінде бірде-бір деректе көрсетілмеген. Ал оның не себепті "кіші Жәнібек" атанғанына қатысты бірнеше болжам бар.
Орта Азия тарихында бір уақытта хан титулына ие болған сұлтандарды ажырату үшін дерек авторлары өз мәліметтерінде "Ұлұғ хан" (Үлкен хан) және "Кішіг хан" (кіші хан) деген атауларды қолданған. Мәселен, ондай сөздер Алтын Ордада ХV ғасырдың бірінші жартысында хан болған Ұлығ Мұхаммед хан мен Кішік Мұхаммед хандарға қатысты айтылып тұрған. Сол сияқты Әбу Саидты да басқа Жәнібектерден ажырату үшін "кіші Жәнібек" деп атауы мүмкін.
XV-XVI ғасырларда Жошы мен Шағатай ұлыстарында бірнеше Жәнібек билік жүргізген. Олар:
1477-1478 жылдары Қырымда хан болған Хажыкерей ұрпағы – Жәнібек хан;
1514-1521 жылдары Астрахан хандығында билік құрған Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан;
ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалаятын басқарған Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы - Жәнібек хан;
Жәнібек хан есімді тұлғалардың ішінде Барақ ұлы Жәнібек ханмен бір мезгілде хан титулын иеленген бір ғана адам болды. Ол – Қырымда азғантай ғана уақыт билікте болған Қажыкерей ұрпағы Жәнібек хан. Бірақ оның саяси рөлі Жошы ұлысы түгілі, Қырымның өзінде онша болмаған. Сондықтан "Ұлығ Жәнібек хан" атануға лайықты емес.
Ал Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Қырымдағы немесе Астрахандағы Жәнібек хандар жөнінде ештеңе жазбаған. Бірақ Алтын Орда ханы, Өзбек ханның ұлы Жәнібек туралы баяндалады.
"Өзбек хан қаншама жыл бойы Еділ бойында патшалық қылды. Оның ұлы Жәнібек хан болып Өзбек ханның орнына отырды. Неше жылдар бойы ол да патшалық құрды. Екеуінің патшалық қылғаны елу жылға жетті. Жәнібек опат болған соң әрқайсысы әр тарапқа тарады", - деп жазды Жалайыр.
Осы Алтын Орда ханы Жәнібекпен салыстырғанда қазақ ханы Жәнібекті "кіші Жәнібек хан" деп атаған.
Сосын "Муизз ал-ансабта" Барақ ханның үш ұлының үлкені Әбу Саид деп берілсе де, "Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде", керісінше, Әбу Саид – Барақтың үшінші ұлы деп айтылады. "Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің" деректерін пайдаланған ХVІ-ХVІІ ғасырлардың авторлары Жәнібек ханды Барақтың кіші ұлы деп түсініп, оны өз шығармаларында "кіші Жәнібек хан" деп жазуы да мүмкін.
Дерекқор
Генерал Панфилов туралы не білеміз?

Қазақ хандығының құрылуы

Қазақ хандығын құру жолында екі ханның атқарған істерін бөле-жара айту мүмкін емес. Аз ғана дерек мәліметтері хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды үнемі бірге айтады. Алғашқы кезеңдердегі жылдарда Керей мен Жәнібек хандар бірге аталса, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі ғана айтылады.
Тарихшылар Қазақ хандығының құрылуын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастырады.
1457-1462 жылдар - Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толық, дербес хандық емес еді. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы "қорғаны" рөлін атқарды. Ал халқы "өзбек-қазақ" этнонимімен аталды.
1462-1469 жылдар - Жетісудағы Қазақ хандығы өзінің ішкі-сыртқы саясатын айқындап, бірте-бірте дербестене бастайды. Ал 1469 жылы моғол билігіне Жүніс ханның келуімен қазақ мемлекетінің құрылу тарихында жаңа кезең басталады. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүніс пен қазақ билеушілері арасыңда жақсы қарым-қатынастар орнайды;
1469-1470/1471 жылдар - хандықтың құрылу тарихындағы соңғы саты; Жошы ханның ұрпағы Дешті Қыпшақты қайтарады;
Керей хан он жылдай билік кұрған, Хантауда жерленген. Одан кейін Жәнібек ханның билігі шамамен он шақты жылға созылады.
Дерекқор
"Қазақ" сөзі қалай пайда болды

Хандықтың құрылу процесін аяғына дейін жеткізді

Жәнібек ханның билігі тұсында жаңадан құрылған хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Олар:
1469 жылғы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған сәтсіз жорығы. Ханның өзі қайтыс болып, артынан "көшпелі өзбектер" мемлекетінің толық күйреуі басталады. Ал халықтың басым бөлігі қазақтарға көшіп кетеді. Сөйтіп қазақтардың саны 200 мыңға жетеді.
Дешті Қыпшақта шаибанилық әулет билігінің жойылуы; Оны қарсыластар күшпен жояды. Олардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы да болды. Оған дейін Жәнібек ханның тапсырмасымен Керей ханның ұлы Бұрындық сұлтан шаибанилық сұлтандарға қарсы табысты жорық ұйымдастырды.
Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Ол шамамен 1470/1471 жылдарда болған. Қазақ хандығы дербес әрі жеке ел ретінде өмір сүре бастады. Осылайша, Жәнібек хан Керей ханнан кейін хандықтың құрылу процесіне өзі басшылық жасап, оны соңына дейін жеткізеді.
Дерекқор
Кіші жүз рулары туралы қызық деректер

Неге "әз Жәнібек" деп атаған

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1911 жылы жарық көрген еңбегінде ауыз әдебиетінің материалдарына сүйеніп, Жәнібек ханның "Әз Жәнібек" деген атын алғаш рет айналымға енгізді. Ол Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайырдан бөліну себебін Ақжол бидің өлімімен байланыстырып, хан үкіміне "Әз Жәнібек хан өкпелеп кетті", – деп, осы тарихи әңгіменің өлең түріндегі нұсқасын жариялады. Осылайша, Құдайбердіұлының еңбегінен кейін Жәнібек хан "Әз Жәнібек" деп атала бастайды. Ал кейінгі авторлар оны өз еңбектерінде қолданған.
Тарихшылардың пайымдауынша, "әз" деген титулына Алтын Ордада хан болған Өзбек хан ұлы Жәнібек хан лайықты болған. Натанзи оған былайша баға береді: "…Оның әділдігін Ануширванның (Аты аңызға айналған Әділетті Хұсрау Ануширван, I Хұсрау 531-578 жылдардағы сасанилық әулеттің өкілі) әділдігімен теңейді. Ол бүкіл Өзбек ұлысын мұсылман етті, бұтханалардың бәрін жойды, көптеген мешіттер мен медресе салдырды. Ол бүкіл назарын мұсылмандардың жағдайын жақсартуға арнады. Әртүрлі өңірлер мен тараптардан өте көп білімді және ғалым адамдар оның сарайына ұмтылатын. Оның кезінде дештілік әмірлердің ұлдары білімге бет бұрып, ғылым жолына түсті, олардың әрқайсысы өз уақытының дара тұлғасына айналды, сөйтіп олардың ақыл-ойының жемісі әлі күнге дейін жиналыстар мен басқосуларда ауыздан ауызға таралып отырады…". Осындай саясатынан кейін Жәнібек хан ғалымдар арасында әділ, қайырымды деген атаққа ие болып, "әзиз" атанады.
Дерекқор
Орта жүз рулары туралы деректер

Жәнібек ханның ұлдары

Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдың соңы мен XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығының күшею кезеңінде үлкен рөл атқарғаны белгілі. Ал XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Хақназар, Шығай, Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар – осы Жәнібек ханның ұрпақтары. XIX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін өмір сүрген қазақ мемлекеттілігінің билігінде Жәнібек ханның ұрпақтары тұрды.
Олар:
Еренші (1442-1492) – 1470-1492 жылдардағы Сауран билеушісі. Ортағасырлық деректерге қарағанда, ол Өзбек ханы Мұхаммед Шейбанидің Сауран мен Түркістанның басқа да қалаларын басып алу әрекеттеріне сәтті тойтарыс берген.
Махмұд (1443-1476) – 1470-1476 жылдардағы Созақ билеушісі. Ол да Еренші сияқты Сырдария жерін өзбек әскерлерінен қорғауға қатысты.
Қасым (1445-1521) – 1511-1521 жылдары Қазақ хандығын басқарған хан, оның тұсында мемлекет билік шыңына жетті.
Әдік (1445 кейін-1503) – 1497-1503 жылдардағы Ұлытау билеушісі. Ол да ағалары сияқты Шайбани әулетімен соғысқан.
Жәніш (1453-белгісіз) – Жәніште жорықтарда қолбасшы болып, Қазақ хандығына ықпал тигізген.
Қанбар (1453-өлген жылы белгісіз) – Қанбар туралы мәліметтер сақталмаған.
Тыныш (1453-1513 кейін) – Мұхаммед Шайбани әскерлерінің қолынан үлкен жеңіліске ұшырағаны белгілі.
Өсек (туған, өлген жылдары белгісіз) – Түркістан билеушісі.
Жәдік (туған жылы белгісіз-1520) – Сарайшық билеушісі. Ноғай Ордасының мырзаларымен шайқасып қаза тапты.
Дерекқор
Ұлы жүз рулары туралы қызық деректер