Оған жеткен ер адамдарды "әулие ата", "пір ата" десе, әйелдерді "ұлы ана", "асыл әже" деп атайды. Сексеннен асқан ата мен ананың батасын алу бәрінің маңдайына жазыла бермейді. Sputnik Қазақстан жетінші мүшелге қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Сексен бес жас -"жетінші буын өмір"
Қазақ сексен бес жасты "жетінші мүшел", сондай-ақ "жетінші буын өмір" деп атайды. Бұл жастағы аталарды "сеңгір жас", "алып жас", "қарт ата", "әулие ата", "пір ата", "ел атасы", "қор ата", "ақсақал", "ақ ата", "жан ата", "шуақ ата" дейді.
Ал жетінші буындағы аналарды "ақ шылауышты ана", "ұлы ана", "ақ самайлы ана", "қарт апа", "кейуана", "киелі ана", "мөлдір ана", "асыл әже" деп құрмет тұтады. Бұл мүшелге жеткен ата болсын, ана болсын, үйдің құтына, өмірдің жарық шырағы, төрдің сәні, өмірдің мәні, ауылдың қазынасы. Оған әрбір бала, немере, шөбере, шөпшектерінің алдында тұрған ақ бастау өмір деп қарайды.
Қазақ "сексен бес жас – сеңгір асу, селкілдек өмір, сақал-мұрты ағарған желпілдек өмір" деп тектен-текке айтпаған.
Мүшел жаста ауру неліктен асқынады
Сексен бестен асқан қартты ажал 85 жерден аңдиды. Арты құз, алды жар, жолы тар, бақиға таяу тұрған шағындағы, батар күн алдындағы тіршілік иесін еш ренжітпеген оң болады. Сексеннен асқан ата мен ананың батасын алу, бағып күту – бар ұрпақтың маңдайына тегіс жазыла бермейтін бақыт.
Астрономия ғылымында күн жүйесіндегі ең үлкен планета – Юпитер әрбір 12 жыл сайын өзінің орбитасын бір рет айналып шығады. Ал жұлдыздарда болатын өзгерістер адам ағзасына да әсер етеді дейді. Сол кезде аурудың асқынатын уақыты келеді. Мүшел жаста қатерден сақтану ырымы да содан шыққан.
Мүшел санаудың биологиялық негіздері де өте көп. Адам ДНК-сы 12 оралымнан тұрады. Әрбір он екі жыл сайын адамның физиологиялық дамуында ерекше құбылыстар болып тұрады.
Айталық, алғашқы мүшел 13 жас – жыныстық кәмелеттің басталуымен тұстас келсе, 25 жаста - бой өсіретін гормон жұмысын тоқтатады. Ал 49 жас – ұрық қабілетінің азая бастауымен ерекшеленеді.
Мүшел жаста қауіп-қатерден қалай сақтанады
Қазақ адамның өмірі әр 12 жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп қараған. Сондықтан мүшел жасында алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, адамдармен ұрыспаған.
Сосын қазақ халқы мүшел жасқа толған жылы өз жасын жасырады. Бір жасты не кемітіп, не арттырып айтады. Себебі мүшел жастағы адамға тіл-көздің сұғы тиеді деп ойлаған. Одан қалды, мүшел жасында сәнді киініп, көрікті болып, көзге түспейді. Себебі ондай жағдайда тіл мен көз тез тиеді деп қорыққан. "Мүшел жастағы адамның бір аяғы көрде, бір аяғы жерде болады" деген сенім бар.
Жетінші мүшелде сыйлық бере ме
Қазақта мүшел жасқа келген адамның бағалы затын сыйға тарту сияқты әдет-ғұрыптар бар. Себебі сыйлық аман-саулық пен бақыт жолында берілген садақа іспетті. Бұрын байлар мүшел жасқа келгенде атын не қымбат тонын, алтын жүзігін жан садақасы деп малдай, заттай сыйлаған. Сосын ондай сыйлықты жай адамдарға емес, бата бере алатын, дуалы ауызды адамдарға берген.
Бірақ мүшелде сыйлық бермесең, қауіп-қатер келеді деген сөз емес. Қымбат дүниесін сыйға тартқан адам рухани тұрғыда серпіліп қалады, көңілі кеңейіп, сергіп қалады. Ал сый алған адам үшін бұл үлкен құрмет болған.
Мал шалу керек пе
Кейбіреулер мүшел жаста мал шалады. Бірақ этнографтардың айтуынша, мүшел жасқа келгенде мал сойып, қан шығару керек деген ырым дұрыс емес. Мүшел жаста қан шығармайды. Жәндіктерді де беталды өлтіре бермейді.
Ал дін саласының мамандары қауіп-қатерді мүшел жаспен байланыстырмау керек деп санайды.
"Садақа бәле-жаладан қорғайды дейді. Сіз оны күн сайын бересіз бе, әлде арнайы 25 жастағы мүшелге толғанда бересіз бе, еш айырмашылығы жоқ", - дейді олар.
Қариялар да мүшел жаста құран оқып, тамақ берумен шектелмеу керек дейді. Қайырымдылық жыл бойы, өмір бойы жасаған жөн.
Мүшелді қалай санайды
Қазақтың жыл санауы бойынша 12 жылдың әрбіреуі жануардың атымен аталады. Алдымен тышқан жылы, одан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит пен доңыз келеді. Әрбір жыл наурыздың 22-сінен басталады. Ал барлығы бір айналып шыққанда мүшел жасты құрайды. Бірақ адамның алғашқы мүшелі 13 жаста басталады. Себебі анасының құрсағында жатқан 9 айы бір жыл болып есептеледі.
Мүшел жас қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі болғаннан кейін 13 жасты "алғашқы мүшелі" дейді. Одан кейін 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. 25 жас – екі мүшел, 37 жас – үш мүшел, 49 жас – "төрт мүшел" болып кете береді. Мүшел санау дәстүрі қоғам мүшесінің қоғамдағы орны мен мәртебесін де белгілеуді білдіреді. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе.
Әр мүшелдің ерекшелігі
7-10 жас аралығы – қозы жасы. Бұл жастағы балаларға төрт түлік малдың төлдерінің ен-таңбасын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.
10 жастан 20 жасқа дейін – қой жасы. Ер бала осы жас аралығында қойдың қырық қайырымын білу, астық жинау (ұрық таңдау, баптау, ору, жию, қамбалау) әдісі, бағбандық (көшет отырғызу, баптау, бұтау, үзу, сақтау) сияқты амалдарды толық меңгеруі тиіс.
20 жастан 30 жас – жылқы жасы. Бұл жастағыларға ел танып, жер танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да, батыр болуы тиіс.
40 жас – жігіт ағасы, дүр жігіт. Қырыққа келген азаматты елдің тірегі санап, сын сағатта иек артқан.
50 жас – ел ағасы. Кейінгі ұпаққа жөн сілтеп, ақылшы болған. 60 жас – отағасы, пайғамбар жасы.
70-80 жас – қарасақал, ақсақал деп құрмет тұтқан.
Мүшелге қай кезде кіреді
1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді – 14-те шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді – 26-да шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді – 38-де шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді – 50-де шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді – 62-де шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73-те кіреді – 74-те шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді – 86-да шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді – 98-де шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді – 110-да шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121-де кіреді – 122-де шығады
Әрбір мүшелдің маңызы қандай
13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.
25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайды.
49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.
61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
73 жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "айһай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
85 жас бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында "күлсең кәріге күл", бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).