Дерекқор

Бесікке бөлеудің той ретіндегі мәні өзгеріп кетті – этнограф

© Photo : Аltaynews.kzҚазақтың баланы бесікке бөлеу дәстүрі
Қазақтың баланы бесікке бөлеу дәстүрі - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.10.2023
Жазылу
Баланың кіндігі түсіп, жарасы жазылып, бір жетіден соң, ауылдың үлкен әйелдерін, абысындарын шақырып, "бесікке салу" ырымын жасайды
АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Бесік той – атадан балаға мирас болған құнды дәстүр. Бүгінде бесікке бөлеудің ғұрпы сақталған. Бірақ той ретіндегі мәні өзгеріп, үлкен тойға айналып кеткен. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері Нұрлыбек Досымбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Байырғы қазақы ортада бесік той үй жағдайында атқарылған. Баланың кіндігі түсіп, жарасы жазылып, бір жетіден соң, ауылдың үлкен әйелдерін, абысындарын шақырып, "бесікке салу" ырымын жасайды.
"Қонақтарға арнап ет асылып, дастарқан жайылады. Шақырылған әйелдер қуанышқа ортақтығын білдіріп, шашуын әкеледі. Бесікке салу салтын атқаруға әйелдердің ішіндегі парасатты, бала-шағалы, көркем мінезді бәйбішелердің бірін таңдап алады", - дейді Нұрлыбек Досымбетов.
Бесікке салушы бесіктің жабдықтарын дайындап болған соң, шашуға әкелінген құрт, қант, кәмпит сынды тәттілер мен күміс ақшаны уыстап алып, бесіктің түбек байланатын тесігінен өткізіп, "тышты ма?" деп сұрайды.
"Қаумалаған әйелдер "тышты, тышты" деп жауап қайтарады. Түбектен өткізілген тәттілерді бала-шағаға, отырған әйелдерге таратады. Шашу үлестірілген соң, бесіктің түбегін орнатып, "Ә, аруақ, құдай, пәле-жалаңнан сақта, тіл-көзден сақта" деп отпен аластайды. Содан соң қолына берген баланы "бисмилла" деп бесіктің оң жағынан жатқызып, бесікке бөлейді. Баланы бөлеген соң үстіне жеті нәрсе жабады", - деп толықтырды кіші ғылыми қызметкер.
Оның айтуынша, бесіктің үстіне жабылатын әр бұйымның өзіндік мәні бар. Бірінші бесік көрпе, артынан шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы сынды бұйымдар жабылады.
Тон, шапан жабу бала халықшыл болсын, жүген тез ержетіп аттың құлағында ойнасын, кебенек пен қамшы елін қорғайтын ер болсын деген тілектен келіп шығады. Бесікке салған әйелдерге кәде ретінде білезік, сақина, жүзік және екі-үш әйелге көйлектік мата беріледі. Рәсімді ойдағыдай атқарып, астан дәм татқан соң әйелдер үйді-үйіне тарасады.
"Бесік тойдың қазіргі таңдағы атқарылатын ретіне келетін болсақ, бесікке бөлеудің ғұрпы негізінен сақталған. Бірақ той ретіндегі мәні өзгеріп, үлкен тойға айналып кеткен. Мысалы, 1990-2000 жылдары бесік той тек үй жағдайында ғана жасалып, баланың нағашылары жақтан 10 шақты әйел ғана келетін. Ал қазіргі таңда бесік тойға 100-150 адамға дейін шақырылып, үлкен той ретінде өткізіледі", - дейді Нұрлыбек Досымбетов.
Этнографтың айтуынша, өзге өңірлерде 1 жасқа толғаннан кейін шілдехана жасалса, оңтүстік өңірлерде бесік той өткізіледі. Үлкен тойханада "бесікке бөлеу рәсімін" атқарып жатады.
"Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында бесік тойға баланың нағашылары сәбидің киімінен бастап ойнайтын ойыншықтарына дейін әкеледі. Аталмыш мәселеде халық арасында бәсекелестік өте қатты. "Жұрттан ұят болмасын" деп баланың артынан апаратын бұйымды бір-бірінен асырып жатады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Әркім шама-шарқынша апарғаны дұрыс", - дейді ғылыми қызметкер.
Алматылық Райхан Баймоллаева бесік тойға келінінің төркіні, яғни құдалары баланың туғанынан бастап 5 жасқа дейінгі киімін әкелгенін айтады.
"Велосипедтің 3 түрін, бесікарба, тамақ ішетін орындығы, жуындыратын ыдысы, жалпы өте көп нәрсе әкелді. Ал мен 40 күн баланы шомылдырған келіннің әжесіне алтын сақина тақтым. Қалған құдаларға шапанмен сый-тарту жасадым. Әрине ол кісілер көп дүние әкелді, бірақ мен ол деңгейде сыйлық жасадым деп айта алмаймын", - дейді Райхан Баймоллаева.
Бесік той иелерінің айтуынша, жиеніне дүние әкелген адам өз мәртебесі үшін әкеледі.
"Құдаларыма бесігін ғана әкеліңіздер, көп затқа шашылмаңыздар дедім. Өйткені ол артық шығын, текке шашылу. Әкелсе әрине қыздары үшін әкеледі. Оған сай дүние қайтаратындай бұл құдалық емес, әркімнің шама-шарқы біледі", - дейді Баймоллаева.
Жаңалықтар
0