Қазақ халқы адамның жасын мүшелмен санаған. Әрбір мүшел 12 жыл сайын келіп тұрады. Бірақ алғашқы мүшелге 13 жаста кіреді. Себебі ана құрсағында өткізген 9 ай бір жыл болып саналады. Одан 25 жас – екінші мүшел, ал 37-де үшінші мүшел басталады. Sputnik Қазақстан үшінші мүшелге қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Үшінші буын өмір
Қазақта 37 жасты "үшінші буын өмірге" жатқызады. Ал осы жасқа келген азаматты "от жігіт", "шоқ жігіт", "орда жігіт", "орда бұзар жас", "оқтаулы жігіт", "арыстан азамат" деп атаған.
37 жас – арыстандай болған, ақылы таудай болып толған, айласы арнасынан асқан кез. Ер адамның дене қуаты толық жетіліп, ақыл-ойы кемеліне келіп, ақ пен қараны айыратын уақыт. Осы жаста ақылы толмаса, ондай азаматты "ынжық", "түбіт", "шикі", "бота бірсек, босбелбеу" деп мін тағып, сын артады.
Ал 37 жастағы келіншектерді қазақ "келіншек", "жас келіншек", "көктем келіншек", "уыз ана", "бал ана", "балғын қатын", "жас ана", "сырмал ана", "ақ қарын келіншек" деп атаған. Бұл – келіншектердің белінен бесік иісі бұрқырап, бауырында баласы шұрқырап, шұрайлана толған кезі, бойы қуатты, омырауы суатты, қолы шебер, қойны жұпар аңқып ерлерді еліктірген кезі.
Мүшел жылы қатерлі ме
37 жас адам өміріндегі ең басты мүшел болып саналады. Бұл мүшел – адамның ақылы молайып, дүниеге қызыға да, қызғана қарайтын уақыты.
Кейбір мағлұматтар "мүшел" сөзін қауіп-қатер деген ұғымымен байланыстырады. Бұған негіз де жоқ емес. Халық түсінігінде мүшел жылы сол адамда қатерлі жыл болады деп есептеген. Содан жаратылыстан тыс тұрған күштерге жалбарынып, құдайы беріп, құрбан шалып, сол адамның қимас киімін және матадан жыртып жарлы-жақыбайларға тарататын дәстүр қолданыста әлі кездеседі.
Қазақта мүшел жаста алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамай, өлікке бармаған. Мал бауыздамаған, той-томалақтарда көрнекі орынға отырып, ел назарын аударатын сөз айтып, ерекше киім киюден бойын аулақ ұстаған.
Зерттеулер қазақ ұғымындағы кез келген мүшелдің қатерлі уақыт саналатынын алға тартады. Ғалымдар да әрбір он екі жылда адам ағзасында елеулі өзгерістер болатынын дәлелдеген. Алайда психологтар мүшелге толамын деп, психологиялық күйзеліске түсудің қажеті жоқ дейді. Себебі санаға қалай әмір берсек, өміріміз солай өрбиді. Мүшел де қалыпты жыл, қауіпсіз уақыт. Бірақ қазақта 37-де мүшел жасымен құттықтамаған.
Мүшелмен жас санау қайдан шыққан
Мүшелмен жас санау туралы деректер VIII ғасырдағы "Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.
Қазақтың жыл санауы бойынша 12 жылдың әрбіреуі жануардың атымен аталады. Алдымен тышқан жылы, одан кейін сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит пен доңыз келеді. Осыған қатысты бір аңыз бар.
Ертеде түркі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын өткен атышулы соғыстың тәсілін үйренбекші болады. Алайда ол жорық қай кезде өткенін тұспалдай алмай әбден шатасады. Сонда қаған өзінің қауымын жинап: "Біз тарихымызды анықтауда көп қателестік, ал бізден кейінгілер бұдан да жаман жаңылысады. Олай болса, жылдарға ат қояйық. Бұл біздің кейінгілерге қалдырған ескерткішіміз болсын", - дейді.
Сөйтіп, Іле өзенінің екінші басына ау құрғызып, жабайы жануарларды өзенге қарай қууға бұйрық береді. Нөкерлер хайуандарды қаумалап үркіте бастайды. Олардың бәрі бірдей өте алмай, он екісі ғана судан аман шыққан екен. Алдымен судан өткен тышқан болыпты. Осыдан ол жыл басы деп танылыпты. Одан кейін судан сиыр, сосын барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз өтіпті. Ақыры әрқайсысы бір-бір жылдың атын алыпты.
Әрбір жыл наурыздың 22-сінен басталады. Ал барлығы бір айналып шыққанда мүшел жасты құрайды.
Егер қазақша күнтізбе болмай, жылыңыздың не екенін білгіңіз келсе, туған жылыңызды он екіге бөліңіз. Қалдықсыз бөлінсе, жылыңыз Мешін болғаны. Бір қалдық қалса, Тауық, екі қалдық – Ит, үш қалдық – Доңыз, төрт қалдық – Тышқан, бес қалдық – Сиыр деп ары қарай кете береді.
Мүшелге қай кезде кіреді
1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді – 14-те шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді – 26-да шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді – 38-де шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді – 50-де шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді – 62-де шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73-те кіреді – 74-те шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді – 86-да шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді – 98-де шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді – 110-да шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121 кіреді - 122 шығады.
Әрбір мүшелдің маңыздылығы қандай
13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.
25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайды.
49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.
61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
73 жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "айһай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
85 жас бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында "күлсең кәріге күл", бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).