Бірақ алғашқы мүшел 13 жаста басталады. Себебі адамның ана құрсағында жатқан 9 айы бір жыл болып есептеледі. Бірінші мүшелге қатысты әдет-ғұрыптар бар. Оны 13 жасқа толған балаларды қауіп-қатерден сақтау үшін жасаған. Sputnik Қазақстан бірінші мүшелге қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Әрбір мүшел сайын елеулі өзгерістер болады
Астрономия ғылымында 12 жылға қатысты нақты дәлелдер бар. Оған сәйкес, күн жүйесіндегі ең үлкен планета – Юпитер әрбір 12 жыл сайын өзінің орбитасын бір рет айналып шығады. Адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Ал қазақтың ұлттық дүниетанымында жас санын мүшелмен есептеу санақтың ең тапқыр есебі екенін ғылым да жоққа шығармайды. Мұндай тәсіл жылдарды санауға әрі адам жасын анықтауға өте ыңғайлы.
Адам ағзасында әрбір 12 жыл сайын елеулі өзгерістер болып тұрады. Ертедегі шығыс ғылымдарында да бұл жайлы айтылған. Бірінші мүшелде ер балалардың даусы өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды. 13 жас кейбір балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі әрқалай өтеді, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына шалдығуы мүмкін деседі. Халық нанымында сол жылы қатер болуы мүмкін, сондықтан сан алуан ырымдар жасаған. Олар:
құдайы беру;
мал шалу;
қимайтын әдемі киімдер мен бұйымдарын тарату;
әсіресе, жарлы-жақыбайға көмек беру.
Мүшел жасқа толған адам әдетте сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қариялардың айтуынша, мүшел жаста құран оқып, тамақ берумен шектелмеу керек. Жыл бойы қайырымдылық жасаған жөн.
Бірінші мүшелге дейін атқарылатын шаралар
Қазақта жарты мүшелдерге арнайы ғұрыптар да бар. Мәселен, жарты мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, "атқа мінгізу" салтын өткізеді. Ал қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағады.
Ер баланы сүндетке отырғызу - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл жөнінде хадисте: "Алла Елшісі Хасан мен Хусейн туылғаннан кейін жетінші күні оларды сүндетке отырғызды", - деген. (Әл-Муджам ас Сағир ат-Табарони). Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ алуды атаған.
Дініне бекем қазақ халқы ұлын 3 не 5 жасында сүндеттеп, мүмкіндігінше ағайын-туысын шақырып, дастархан жайған. Ал жағдайы бар адамдар ұлан-асыр той жасап, ат шаптырып, көкпар тартқызған. Бір үйде екі баланы қатар сүндетке отырғызбаған. Себебі біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады деген сенім бар.
Ұл баланы сүндетке отырғызған сияқты қыздың құлағын тесу де өзгеріске толы кезең болып саналады. Жеті – қазақ үшін қасиетті санның бірі. Қыздың құлағын көп жағдайда тек жеті жасынан бастап тескен. Тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жеті жасқа дейін қуыршақ ойнаған болса, құлағы тесілгеннен кейін оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Осыдан бастап "сен енді сырғалы қыз болдың", "сырға таққан соң қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды" деп оның құлағына сіңіре берген. Бұдан былай ол қуыршақтың орнына қолына кесте алады. Ою оюды үйренеді. Ол ендігі жерде жеңгелерінің қазан-ошақ жақтағы істерін көріп үйренетін болған. Құрт қайнатып, ірімшік жасап жатқан апаларына көмектесіп, мән-жайын білмекке ұмтылған.
13-те отау құрған ба
13 жаста ер бала балиғатқа толды деп саналады. "Он үште отау иесі" деген сөз де содан шыққан. Бабаларымыз бұл жасқа келгенді азамат болдыға балап, бір шаңырақтың жүгін арқалатқан. Осы жаста бабаларымыз әмеңгер атанған. Ертедегі ер азаматтар бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда ерте есейген. Жаугершілік заманда ер азаматтар қолына қару алып, соғысқа аттанғаны белгілі.
Тәуке ханның "Жеті жарғысында" 13 жастан бастап некеге отыруға рұқсат етілген. Ол үшін қылмыстық жауапқа тартылмаған. Некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауына да талап қойылған.
Кейде қыз бала тым әлсіз болса толысып, өмір сүру қабілеті жеткенге дейін күткен. Денелі немесе ерте есейген болса, ерте некеге рұқсат етіп отырған. Бұны қазақ "Тымақпен ұрып алу" деп аталыпты. Яғни, тымақпен ұрғанда желп етпесе есейген, денелі, тұрмысқа шығуға болады деп есептеген.
Заң кәмелет жасын белгілеген
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару ісіне араласқан. 15 жасында Ділдәмен отау құрған. Ал 17 жасында әке атанған. Бірақ қазіргі заманда 18 жас кәмелет жас болып саналады. Заң бойынша ол жасқа дейін балаға ата-анасы жауапты.
"13 жас – ең алғашқы мүшел. Бұл баланы үйлендіріп, әйел алып беруден кейін шыққан сөз емес. Адам балалықтан өтіп, жасөспірім шаққа келгенде, оң-солын танығанда айтылатын сөз. Балаға ұрыспай, не тым еркелетпей онымен сырлас дос болу керек. Бала айқаймен не еркелікпен ешнәрсе үйренбейді. Ақылмен айта білу керек", - дейді қазіргі қариялар.
"Балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он бес жасынан досыңдай сырлас" деген сөздер де мүшел жасқа байланысты айтылған. Бірінші мүшел балиғатқа толуға байланысты болса, екінші мүшел ат жалын тартып мінген жастың есейген шағын білдіреді. Ал үшінші мүшел ақыл-парасаттың толысу шағы деген адамның физиологиялық-психологиялық жетілулерін меңзейді.
Әрбір мүшелдің маңыздылығы қандай
13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.
25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайды.
49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.
61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
73 жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "айһай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кезі.
85 жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кезі. Сол үшін де ел арасында "күлсең кәріге күл", бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).
Мүшелге қай кезде кіреді
1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді – 14-те шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді – 26-да шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді – 38-де шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді – 50-де шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді – 62-де шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73-те кіреді – 74-те шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді – 86-да шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді – 98-де шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді – 110-да шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121-де кіреді – 122-де шығады.