1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Ол патша үкіметіне қарсы шығып, мыңдаған адамның басын қосты. Қазақ даласында кеңес үкіметін орнатуға күш салды. Бірақ алашордашылармен айырылысуға тура келді. Sputnik Қазақстан Амангелді Имановқа қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Балалық шағы
Амангелді Иманов 1873 жылы 3 сәуірде Торғай уезі Қайдауыл болысының 3 (Терісбұтақ) ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданы) дүниеге келген. Әкесі Үдербай егіншілік пен аңшылықты кәсіп еткен. Анасы Қалампыр Торғай мен Ұлытау өңіріне танымал Бердікей руының ішіндегі Сары ишан әулетінен тараған. Медреседе оқыған, көзі ашық, білімді болған.
Амангелді Имановтың арғы атасы – қара қыпшақ Қобыланды батыр. Оның екінші әйелі Қарлығадан Бұлтың, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалық есімді бес ұл туады. Ұзыннан Алтыс, одан Бөкей, Бөкейден – Кедел – Мәмбет – Сары – Әлібек – Сатыбалды. Сатыбалдыдан Бегімбет пен Әбдірахман туады. Амангелді – Бегімбеттен тараса, Әбдіғапар – Әбдірахманның ұлы Тілеулі батырдың ұрпағы.
Бегімбеттің 8 ұлы болған, ең үлкені – Қақай. Қақайдан – Дулат, Дулаттан – Иман. Иманнан – Бердәлі, Ержан, Балық және Үдербай есімді төрт ұл туады, осы төртеуі де Кенесарының соңынан еріп, көптеген шайқаста ерлік көрсеткен. Бердәлі мен Ержан әкесі Иманмен бірге хан Кененің қырғызға жасаған жорығында қаза болса, Балық пен Үдербай ретін тауып, елге аман оралған.
Амангелді бала күнінен әкесі мен оның ағасы Балықтан Хан Кене мен атасы Иманның ерліктері туралы айтқан әңгімесін тыңдап, солар секілді ер мінезді болып өседі. Жеті жасында әкесінен, он үш жасында анасынан айырылған.
Ауыл молдасынан арабша сауат ашқан. Ал 12 жасында Дулыға өзенінің бойындағы Әбдірахман ишанның медресесіне оқуға барған. Сол жерде араб, парсы мен түрік тілдерін жетік меңгеріп шығады. 16 жастан кейін байларға жалданып жұмыс істейді. Немере ағасы Көшімбек орысша-қазақша екі жылдық мектеп ашқаннан кейін оған да барып оқиды. Екі жыл білім алады, орыс тілін үйренеді.
Аңшылық құрып, мергендігімен де аты шыққан.
Көтеріліске дейін бірнеше рет қамауға алынды
Амангелді Иманов 1905-1907 жылдардағы өкіметке қарсы көтерілістерге қатысып, қудалауға ұшыраған. Содан Торғай даласының шалғайдағы ауылдарында жасырынуға тура келген.
1908 жылы мамыр айында Торғай ауданында үлкен жәрмеңке өтті. Сол кезде патша әскерінің сарбаздары өзенге шомылуға барып, қарияны соққыға жығады. Амангелді бастаған бір топ адам оны көреді де, сарбаздармен төбелесе кетеді. Соңында бір сарбазмерт болады. Арты үлкен дауға ұласады. "Төбелеске қатысты" деген желеумен қырық адам түрмеге қамалады. Он шақты адам кінәсіз деп танылды. Ал Амангелді Иманов, Хакімбек Токин және тағы басқаларынон сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шығады. Сонда ел ағасы Смағұл Токин жоғары жаққа арыз жазып, ақыры материалдық шығын төлеп, олардың бас бостандығынан айыру мерзімін үш жылға дейін қысқартып, бәрін босатып алған.
1915 жылы тағы бір оқиға болды. Патша билігіне арқа сүйеген жергілікті байлардың бірі батырдың туыстары - Бегімбет руының 50 отбасын шөл далаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Майдамтал деген жерге 60 киіз үй тігіп, Торғай уезінің ықпалды деген 13 болысын да жинайды. Туыстарына жаны ашыған Амангелді Иманов қарсылық көрсетеді. Сол кезде оны тағы да қамауға алған.
Патшаның жарлығы
Патшаның отарлық саясаты бәсеңдеген жоқ. I Дүниежүзілік соғыстың қарсаңында елде алым-салық көбейеді. Ал 1916 жылы 25 маусымдағы Ресей патшасы Николайдың Қазақстан, Орта Азия және Сібір бұратана халықтарын тылдағы жұмысқа алу жөніндегі жарлығы жығылғанның үстіне жұдырық болды. Екі күннен кейін ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің "бұратана халықтарды тыл жұмыстарына реквизициялау" (мүлікті мемлекет қармағына еріксіз алу туралы) бұйрығы Қазақстанға телеграф арқылы келді.
Халық бұратана елдің азаматын мүлікке теңеп жатқанына қорланды. Күшпен қара жұмысқа алуға қарсы болды. Әсіресе, Торғай уезінде (қазіргі Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында) халықтың наразылығы күшейді. 2–3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер әскер мен мемлекеттік басқарудың уақытша баламалы жүйесін, автономиялық патша билігін құрды. Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосыновты хан, ал Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы (сардар) етіп сайлады. Амангелді бастаған көтерілісшілердің саны алғашында 8 мың, кейіннен 15 мыңға жетті. Ал көтерілістің ең қызған шағында 50 мыңға өсті.
Парақорлық белең алды
Сол кезде қазақтарда метірке куәлігі болған жоқ. Патша жарлығын орындауға кіріскен байлар осыны пайдаланып, кедейлерді жасына қарамай, тізімге қоса бастады. Байлармен қатар ауыл басқарушылары, имамдар, молдалар, есепшілер, мемлекеттік мекемелердің шенеуніктері тыл жұмыстарынан босатылды. Олардың туыстары мен балалары да тізімге ілінбей қалды. Парақорлық белең алды. Болыстық басқарушыға жұмылдырудан босатылған әр адам үшін 20, тіпті, 30 басқа дейін жылқы төленді. Қара халық оған шыдай алмады.
1916 жылы 9 шілдеде Торғай уезінің Қарабалық болысында болыс съезіне жиналған қазақ еңбекшілері ауыл старшиналарын өлімші етіп сабап, жеке тізімдерді өртеп жіберді. Ал үш күннен кейін қарулы шабандоздар болыс билеушісінің және үш ауыл старшинасының кеңсесін өрттеп жіберді. Бір болыс пен бір ауыл хатшысы хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Патша үкіметі Қарабалық болысындағы көтерілісшілерге қарсы жазалаушы отрядын да жіберген. Бірақ түн жамылып, Торғай жаққа өтіп кетті. Сол жерде Амангелді Имановқа қосылды.
Қазақстанның әр жерінде жекелеген наразылық шерулер басылған жоқ.Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.А. Сухомлинов мұның арты көтеріліске ұласатынын сезді. Содан 1916 жылғы 31 шілдеде "Қазақтарды тыл жұмыстарына шақыруды ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін шегеру" туралы хабарландыру жариялады. Шегеру туралы хабар далаға тез тарады. Алайда халық оған сенбеді, жасырын түрде көтеріліске дайындалды.
Көтеріліс қалай басталды
Амангелді Иманов Қостанай, Ырғыз, Торғай, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Семей сынды аймақтардан көтеріліске қатысуға келген қазақтардың басын біріктірді. Адам төзгісіз қанауға ұшырап, жерінен айырылған қазақ кедейлері лек-легімен келіп қосылып жатты. 1916 жылдың қазан айында тек Торғай мен Ырғыз уездерінде ғана 20 шақты отряд құрылды. Амангелді отрядтарға қатаң тәртіп енгізді. Көтерілісшілерді қару-жарақты қолдана білуге жөне соғыс өнерін меңгеруге үйретті. Кейіннен шайқасқа өзі бастап барды.
Көтерілісшілер Шошқалы, Күйік қопаларында шайқасты. Амангелді Иманов 1917 жылы 21-23 ақпан аралығында подполковник Тургеневтің үлкен жасағына қарсы Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасады. Осы ұрыстардың қай-қайсында да екі жақтан да шығын аз болған жоқ. Әсіресе, Күйік соғысында сарбаздар жаудың басым күшін тас-талқан етіп өздерінің ерлігін таныта білді. Амангелді жауды айламен алуға тырысты. Себебі сарбаздардың басым көпшілігі қылыш, найза, айбалта сияқты қарулармен ғана жасақталған еді. Ал патша әскерлерінде зеңбіректер көп болды.
1916 жылы қазанда Амангелдінің сарбаздары Торғай қаласын қоршауға алды. Патша үкіметі шабуылды тойтару үшін жазалаушы корпус жіберуге мәжбүр болды. Тек жаудың негізгі күштері келіп жеткеннен кейін ғана 27 күн өткен соң Амангелді өз сарбаздарын қаладан алып кетті. Бір жылдан кейін тағы қаланы басып алуға әрекет жасады. Бірақ ойы іске аспады. Сол кезде Амангелді Иманов большевиктермен, соның ішінде Әліби Жангелдинмен байланысты күшейтті. Партиясының идеясымен қарулана түсті. Уақытша үкімет кезіндегі алашордашыларға қарсы күрес жүргізді.
Ұлт-азаттық көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жалғасты. Амангелді 1918 жылы наурыздың 21-і мен сәуірдің 2-і аралығында Орынборда өткен Торғай кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. Кеңес үкіметін орнатуға белсене атсалысты.
1919 жылы сәуірдің 20-ында Торғайда Кеңес өкіметі құлады. Ал Амангелді Иманов тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді.
Қазақтар неге екіге бөлінді
Патша тақтан құлағаннан кейін азамат соғысы басталды. Халық ақ-қызыл болып бөлінді. Қазақтың азаматтары де екіге жарылды. Бірі уақытша үкіметпен ымыраласса, екіншісі қызылдарды қолдады. Ел ішіндегі зиялылар мен атқамінерлер екі топқа бөлініп,бірі ақ, енді бірі қызыл болып сойыл көтеріп, қару кезенді.
Әлихан Бөкейхан бастаған "Алаш" партиясы патшаның бұйрығын орындау қажет деп санады. Олар патша жарлығына бағынбаудың салдарынан қарулы наразылық халықтың негізсіз өліміне әкеледі деп есептеді. Себебі патша әскерінде темірдей тәртіп орнаған, қатыгез жазалаушы отрядтары бар. Ондайда қарусыз адамдар қуғын-сүргіннің құрбанына айналады. Ал Амангелді Иманов ондай ұстанымға үзілді-кесілді қарсы болды.
Тарихшы ғалым Манаш Қозыбаев та өз еңбегінде Имановтың Алаш азаматтарымен қалай жолы екіге айырылғанын жазған.
"Әдебиеттерде Амангелді Алаш идеологиясына үзілді-кесілді қарсы шыққан жау есебінде қаралып келеді. Ал шындығына келсек, ғасыр басында Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан Сералин батаған алаш қозғалысы – реформаторлық ағым тұрды. Қазақ елінің есті адамдарына олардың осы ісі әсер еткені мәлім. Оның үстіне Ахмет пен Міржақып батырмен елдес. Міржақыптың "Оян қазағы" Торғай даласына кең тараған шығарма. Аманкелді істі болған кезде Міржақып талай рет қолының ұшын бергені туралы құжаттарда баршылық. Көзі ашық, көңіліне нұр сәулесі төгілген Иман немересі осы бір ағымның қазақ халқына шапағаты таралуына тілектес жанның бірі болатын. Ал жол айрық – бөліну 1916 жылы басталды. Алаш идеологтары патшаның жарлығына бағынуға, қантөгіс жасамауға шақырды. Міне, осы тұста Амангелді Алаш азаматтарымен айырылысты, баррикаданың екінші бетіне өтті", - дейді ғалым.
Алашорда өкіметі күннен-күнге сан құбылған азамат соғысындағы саяси жағдайды бағамдай отырып, бірде ақтармен одақтасып, кейде ақтардың саяси тұрақсыздығынан большевиктермен ымыраласуына мәжбүр болды. Өйткені соғысып жатқан ақ пен қызылдардың кесірінен қазақ халқының жойылып кету қауіпі туды. Билікке таласқан қосанархиялық күш, тіпті, кейауылды еңкейген қартымен қоса, еңбектеген сәбиге дейін қырып салды.
Имановты өлтірген кім
ТорғайдағыАлашорданың әскери кеңесінің шешімімен Амангелді Иманов өлім жазасына кесілді. Академик Манаш Қозыбаев дәл осы жағдайды былай баяндайды: "Ол кезде ояз әкімшілігінін билігі Омар Алмасовта болатын, оның белсенді көмекшісінің бірі Мұзафар Қасымовтың есімі 1919 жылдың аяғында аталған-ды. Басы ашық мәселе Ахмет Байтұрсынұлы большевиктермен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге аттанған-ды. Бұл кезде үкімді орындап, түрмеішінде батырдың мойнына қыл арқан салып, ат құйрығына сүйреткен 18 жасар алашорданың 2-атты полкінің вахмистрі Б.Сисекенов, 10 жылжазасын кейін түрмеде өтеген".
Торғайда Имановтың өлімінің себептерін тексеру комиссиясы да құрылды. Оны Әліби Жангелдин басқарды. Одан Амангелдінің құнын Әбдіғапар ханнан өндіріп беруді сұрағандар да болыпты. Әбдіғапар хан Амангелдінің құнын өтеуге келіскен, бірақ Амангелдінің жақын туыстары "жанға-жан" деп бітіспей қойған. Содан екі оттың ортасында қалған Жангелдин сол талапқа үнсіз келісімін берген тәрізді. Өйткені көп ұзамай, Әбдіғапар ханның ауылына алты-жеті солдатпен өкіл келіп, оны Торғайға жеткізу керектігін айтады. Әбдіғапаросы сапардан оралмайтынын біліп, үй ішімен қоштасады. Жол ортасында бесін намазын оқуға әскерилерде рұқсат сұрайды. Әбдіғапарды сол намазын оқып отырған жерінде әскерилердің шендісі наганмен атып өлтіреді.
Амангелдінің мәйіті бірден табылған жоқ. Бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейінаудан орталығына әкелініп жерленді.
Амангелдінің балалары
Амангелді Имановтан Рамазан мен Шәріп атты екі бала қалған. Рамазан әкесі туралы "Батырдың балалық шағы" повесіне дерек жинап жүргенде, соғысқа аттанады. 1941 жылдың қара күзінде Мәскеу түбінде он үш фашистің көзін жойып, ерлікпен қаза тапты. Қабірі Мәскеуден 60 шақырым жердегі Серпухов қаласында орналасқан.
Шәріп Иманов Қазақ ұлттық әскери полкінде қызмет етті. Кейіннен Моңғолияға маңызды операциямен жіберілген. 1938 жылы Мәскеуде Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Екінші дүниежүзілік соғыста атты әскердің барлау отрядын басқарған. 1945 жылы Жеңісті Мажарстан жерінде гвардия майоры шенімен қарсы алып, елге 1949 жылы оралған.
Алматыдағы құрылыс мекемесінде есепші болып, зейнеткерлікке шықты. Әкесі туралы біраз мәлімет жинақтап, деректі фильм түсіруге ұйытқы болды. "Атаның асыл мұрасы" естелігін жазды. Шәріп Иманов 2000 жылы қайтыс болды.
Бүгінде Амангелді Имановтың есімі Қазақстанның көптеген қаласындағы көшелерге, Қостанай облысының бір ауданына берілді. 1939 жылы "Ленфильм" киностудиясы "Амангелді" фильмін түсірді. Бұл туынды қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды.