Дерекқор

Әйтеке би туралы не білеміз

© SputnikАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2023
Жазылу
Қазақтың атақты шешен биі, ел бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет қайраткері Әйтеке би жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Әйтеке бидің туған жері

Тарихи деректерде Әйтеке Байбекұлы Төле би мен Қазыбек биден жасы үлкен болғаны айтылады.
Әйтеке би 1644 жылы қазіргі Өзбекстан жеріндегі Нұрата тауының Бұхара жеріне қарай созылып жатқан Қызбибі тауының етегінде өмірге келген. Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының төртқара руы. Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы.
Оның арғы атасы әулие Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Сейтқұл әулиенің баласы Ақшадан Шан, Байбек, Қонысбек, Жоламан, Бекмембет, Бекенші ұрпақтары өсіп өнген. Байбектен Кешубай, Қашқын, Әйтеке туған. Әйтекеден Қонысбай, Жылтыр деген екі ұл қалған. Бұлардан тараған ұрпақтар ұзақ жылдар Самархан, Нұрата тауының төңірегін мекен еткен.
Жалаңтас батыр да – Әйтеке бидің атасы.

Әйтеке бидің шын есімі

Әйтеке бидің шын есімі – Айтық. Оның шешендік қасиетінің ашылуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің ықпалы тиген.
Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. Жеті жасынан бастап Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның тәрбиесінде болады. Самарқанға келіп-кетіп жүретін хандар мен шахтарды, шетел елшілерін қабылдау, олармен ресми кездесу өткізу рәсімдеріне куә болады. Небір шешендік, даналық сөздерді естіп, санасына сіңіріп, көсем де шешен сөйлеуге төселеді. Ақша бабасынан елшілік, ел басқару жолдарын үйренсе, Жалаңтөстен әскери қолбасшылық дағдыларын меңгерген.
Әйтеке би өз заманында жан-жақты білім алған. Алғаш Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс салдырған әйгілі "Тіллә-кари"(Алтынмен апталған), "Шердор" (Арыстанды) медресесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерінен дәріс алып, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін үйреніп шыққан.
Медресені тәмамдағаннан кейін Әйтеке еліне оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды. 21 жасында Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақтардың бас биі болады.

Әйтеке қай жүздің биі

Әйтеке 25 жасында Кіші жүздің бас биі болып сайланады. Төбе би ретінде үш жүздің басшылары мен беделді адамдары бас қосқан жиындарға тұрақты қатысып тұрады. Әйтеке би 1680 жылы Салқам Жәңгірдің ұлы Тәукені хан етіп сайлауға айрықша атсалысады. Кейін Тәуке хан "Хан кеңесін" сайлап, Әйтеке бабамыз Кіші жүз атынан осы кеңестің мүшесі болады.
Осы кезеңде Әйтеке би Төле, Қазыбек билермен бірге әйгілі "Жеті жарғы" заңдар кодексін шығарады. Бұл заңдар жинағы қазақ қоғамында маңызды рөл атқарған. "Жеті жарғыға" Әйтекенің ұсынысымен "Сүйек құны", "Өнер құны" баптары енгізіледі.
Әйтеке би Тəуке ханның тұсында қазақ жұртының бір орталыққа бағынып, біртұтас ел болуына зор үлес қосқан. Жоңғарлармен ұрыстарда қол бастаған батыр да болды. Қазақ даласына көз тіккен көрші мемлекеттерден қауіптенген Əйтеке би іргелі жиындардың бірінде "шекара аймақтарда әскери жасақ ұстап, сол маңдағы ауылдарды ішкі бетке көшірейік" деген ұсыныс білдіреді. Сонымен қатар "бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын, қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның əскери өнері жетік бір елінде оқытылсын", қолбасшы "қарадан шыққан адам болсын" деген де көреген ой айтқан.
Үш жүздің тату-тәтті, бірлікте өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі жөне халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді.

Әйтеке бидің шешендік сөздері

Ел аузында Әйтеке би айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар мен баталар көп таралған. Биді халық "айыр тілді Әйтеке" деп атаған.
Әйтеке бала кезінде үш жолаушыға кездеседі. Сонда ол:
- Ассалаумағалейкум, ағалар! - деп, үлкендерге ізетпен сәлем береді.
Жолаушының жасы үлкені:
- Сәлемет бол балам, мынау қай ауыл?
- Сейітқұл ауылы.
- Өзің кімнің баласысың?
- Байбектің баласымын.
- Есімің кім?
- Есімім Айтық.
- Қосуақ бидің үйі қайда?
- Анау астында, онда не шаруаларыңыз бар еді? - деп сұрайды бала.
- Даулы болып келеміз, - дейді әлгі қарт жолаушы. - Ойнап жүрген баламызды сол ауылдың бір жолаушысының аты теуіп өлтірді. Соның құнын даулап келеміз. Әйтеке болса, сәл ойланып тұрып:
- Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін құн, жабықта тепсе – жарты құн, түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса қосып айтар. Жолдарыңыз болсын,- дейді.
Үш жолаушы қырдан асып, Қосуақ бидің үйіне барады. Үйлерінің дауларын баян етеді. Қосуақ би далада ойнап жүрген Әйтеке баланың кесімін айтып, балаңызды ат түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар деп, әлгі құн даулап барғандарды риза етіпті. Сонда өлген баланың әкесі: - Япырмай, осы билікті бізге ең әуелі далада ойнап жүрген бала айтып еді, түбі сол бала әділ би болар, деген екен.
Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін,
Бай болып, халқыңа пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауыңа найзаң тимесе,
Өзгеден бөтен өз үйің күйсін.
Үш бидің ескерткіші - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2023
Дерекқор
Қаз дауысты Қазыбек би туралы не білеміз
Әйтеке би бір жолы құн даулай Ұлы жүзге келеді. Төле би қарсы алып:
-Биеке жол болсын? -дейді.
-Айтқаныңыз келсін, би! Жол болмақ сізден болсын!
-Тірімен танысқалы келдік, өліге болысқалы келдік,-дейді Әйтеке.
-Бұйрығыңызға құлдық. Қылышыңыз болса – мойнымызға, құшағыңыз болса – қойнымызға, – деп Төле орнынан тұрады.
-Биеке, мойын бұрмас па екенсіз?
-Жарлық сізден болған соң, жабдық бізден!
Төле би тысқа шығып кеткен соң, Әйтеке бірге келген жолдастарына:
-Сіздер не ұқтыңыздар? Ердің құны екі ауыз сөз деген осы. Төле би отаулап қыз беретін болды, - депті.
-Оны қайдан білдіңіз? – дейді жолдастары.
-"Қылышың болса мойныма" дегені – айыбын мойындағаны. "Құшағыңыз болса – қойныма" дегені – кісінің құнына жасаулап қыз беремін дегені, мен тұспалдап айнып қалмайсыз ба деп едім, "Сіз келіссеңіз, біз қамына кірістік" деп шығып кетті, – деп мән-жайды түсіндіріп беріпті.
Айтқандай-ақ, Төле би құн даулай келген қонақтарын отаулап, жасаулап қыз беріп, екі-үш күнде разы етіп қайырыпты.
Ертеде ұлы жүздің бір жігітіне атастырып құда түсіп қойған орта жүздің бір қызы арғынның жігітімен қашып кетеді. Екі ел арасында жесір дауы басталады. Бірінің бірі жылқысын барымталап кетеді. Төбелес, жанжал шығады. Екі жақтың кісілері Төле би Қазыбекке жүгініседі. Қазыбек:
-Аға болып алдымен туасың
Барымталап жылқымды қуасың, десе, Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің?- деп өкпе артады.
Екеуі ұзақ сөз жарастырады, бір мәмілеге келе қоймайды. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:
-Сабыр етіңдер ағайын! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
-Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек
Сөз қуған бәлеге жолығады
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле сен, жылқысын қайыр
Қазыбек, сен жесірін қайыр! деп, екеуін келістіріп, қол алыстырыпты. Ел Әйтекенің бұл билігіне риза болып, екі жағы бітімге келіп, тынышталыпты.

Әйтеке би қайда жерленген

Әйтеке бидің қайтыс болған күні туралы нақты ақпарат жоқ. Ғалымдардың пайымдауынша, ол 1700 жылы 56-57 жасында өмірден өткен. Өзбекстанның Навои облысы қазіргі Нұрата ауданының аумағында жерленген.
Әйтеке би қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Әйтекенің тікелей езінен тарайтын алтыншы-жетінші ұрпақтары мен аталастары Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатары Өзбекстанның Навои облысындағы Нұрата ауданында тұрады.
Ташкенттегі Төле бидің кесенесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2023
Дерекқор
Төле би туралы қызықты деректер
Жаңалықтар
0