Денсаулық

Ұйқы безі ауруының белгілері және емдеу жолдары

Ұйқы безі аурулары өте қауіпті болуы мүмкін және оның туындауынан тек ауырсыну синдромы арқылы ғана күдіктенуге болады. Ұйқы безінің белгілі бір патология кезінде қалай ауыратынын және басқа қандай белгілері болатынын материалдан оқыңыз.
Sputnik
Ұйқы безі (pancreas) ас қорыту жүйесінің органдарына жатады. Өйткені ол ақуыздарды, көмірсуларды және майларды қорытуға арналған көп көлемдегі фермент бар ұйқы безі сөлін шығарады.
Ұйқы безінің бір мезгілде эндокриндік функцияны атқаруы, яғни инсулин мен глюкагон гормондарын шығаруы оның бірегейлігі болып табылады. Инсулин глюкозаны жасушалар мен тіндерге "тасымалдауға" көмектеседі. Мұнда ол энергия көзіне айналады және осылайша оның қандағы деңгейін төмендетеді. Инсулин антагонисі – глюкагон керісінше әрекет етіп, қандағы глюкоза деңгейін арттырады. Бұл гормондардың бірлескен жұмысы ағзадағы глюкозаның қалыпты концентрациясын сақтауға мүмкіндік береді.
Денсаулық
Қант диабеті туралы не білу керек: белгілері және емі
Ұйқы безінің аурулары өзекті медициналық мәселе болып отыр. Қант диабетіне (инсулин белсенділігінің бұзылуымен байланысты ауру) бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам шалдыққан. Панкреатит өлім-жітім саны көп болатын ең қауіпті патологиялардың бірі болып саналады. Ұйқы безінің қатерлі ісігі өмір сүру деңгейі 5 жылдан төмен ең қауіпті ісік түрлерінің бірі болып табылады.
Ұйқы безінің патологиялары әртүрлі сипаттағы ауырсыну ретінде көрініс табуы мүмкін: қатты және сыздау, әлсіз және қарқынды.
Әйелдер мен еркектердегі ұйқы безінің құрылымы мен орналасуы бірдей. Сондықтан ерлер мен әйелдерде ұйқы безінің қалай ауыратыны арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ауырсынудың сипаты жынысқа емес, басқа факторларға байланысты болады: ауырсыну себептері (ауру, жарақат) және адамның жеке ерекшеліктері.

Ұйқы безі неге ауырады

Ұйқы безіндегі ауырсыну ісік пен жарақатқа байланысты қабыну процесінің аясында пайда болуы мүмкін. Қабыну процесі жедел және созылмалы панкреатит кезінде асқынады. Бұл ауру кезіндегі ауырсыну синдромы әдетте ұйқы безі сөлінің ферменттері тағамның орнына ұйқы безі тінін қорыта бастауымен байланысты болады.
Панкреонекроз (панкреатиттің асқынуы) кезінде ұйқы безі жасушаларының бір бөлігі өледі, кейде бүкіл орган зардап шегеді.
Ұйқы безінің қатерлі ісігі кезінде ауырсыну әдетте ісік көлемі ұлғайып, айналасындағы органдар мен тіндерді қыса бастағанда пайда болады.
Денсаулық
Бауыр неге ауырады: белгілері мен емдеу жолдары
Ұйқы безі ауруларының асқынуын тудыруы мүмкін бірнеше фактор бар:
біркелкі тағам, фаст-фуд пен майлы тағамды жиі тұтыну;
алкогольді ішімдікті шамадан көп мөлшерде ішу;
темекі шегу;
кейбір дәрі-дәрмекті бақылаусыз қабылдау: ішке қабылдайтын контрацептивтер, антибиотиктер, зәр айдау құралдары;
паразит зақымдауы.
Созылмалы панкреатиттің 60-70%-і алкогольге байлнысты туындайды, ал темекі шегу алкогольдің ұйқы безіне кері әсерін күшейтеді және аурудың асқыну қаупін арттырады.
Егер ұйқы безінің қатерлі ісігі туралы айтатын болсақ, онда шамамен ауру анықталған жағдайдың 10%-інде ауру тұқым қуалайтын бейімділікке байланысты болса, 90%-і қант диабеті, созылмалы панкреатит, темекі шегу, Д3 витаминінің жетіспеушілігі сияқты басқа факторларға байланысты дамиды.

Ұйқы безі қалай ауырады

Ұйқы безінің көптеген ауруларына ауырсыну тән. Көбінесе ауырсыну ошағы сол жақ қабырға астында және эпигастрий аймағында орналасады. Бірақ адам арқамен жатқан кезде ауырсыну белге қарай ығысып, күшейе түсетін жағдайлар да кездеседі.
Ешкім тек ауырсыну синдромы негізінде диагноз қоя алмайды. Бұл кешенді зерттеуді қажет етеді. Дегенмен дәрігер ұйқы безінің қалай ауыратынына байланысты белгілі бір проблеманы болжауы мүмкін.
Қатты ауырсыну
Көбінесе қатты ауырсыну сол жақ қабырға астында және асқазан аумағында пайда болады, белде және арқада болуы мүмкін немесе бүкіл денені қамтуы мүмкін. Мұндай ауырсыну әдетте жедел панкреатит және созылмалы панкреатиттің асқынуы кезінде пайда болады, ал алкоголь мен майлы тағамдар асқынуды өршітуі мүмкін. Панкреатит кезінде ауырсыну әдетте тұрақты және ауырсынуды басатын және спазмолитиктерді қабылдағаннан кейін бәсеңдемейді. Бірақ денені алға еңкейтсе немесе іштің жоғарғы бөлігіне салқын нәрсе қойса, ауырсыну синдромы әлсіреуі мүмкін.
Сыздаған ауырсыну
Сыздаған ауырсыну – бұл өткір және созылмалы ауру кезінде пайда болуы мүмкін, қарқындылығы төмен біртіндеп күшейетін ауырсыну. Сыздаған ауырсыну созылмалы панкреатиттің соңғы сатыларында, ұйқы безінің атрофиясында жиі байқалады.
Жүрек айнуы, құсу, жүрек қыжылы бар ауырсыну
Іш бұлшықеттерінің тырысуы және қатты ауырсынумен біріктірілген бірнеше рет қайталанған құсу өткір панкреатиттің белгісі болып табылады. Панкреонекроз кезінде іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, сарысу мен қан бар құсуы жиі кездеседі.
Қарқындылықтың біртіндеп төмендеуі байқалатын ауырсыну
Панкреонекроз кезінде әрқашан белдегі ауырсынудың арқаға қарай ығысуы байқалады. Ұйқы безі тіндерінің зақымдануы неғұрлым ауыр болса, ауырсыну синдромы соғұрлым күшті болады. Дегенмен біраз уақыттан кейін ауырсыну біршама бәсеңдеуі мүмкін. Бұл патологиялық процесс жүйке талшықтарының өліміне себеп болған жағдайда туындайды. Сондықтан панкреонекроз кезінде ауырсынудың төмендеуі жағымсыз белгі болып саналады.
Улану үйлескен ауырсыну
Жүрек айну, құсу, терінің және шырышты қабаттардың сарғаюы, салмақ жоғалту – бұл белгілер созылмалы панкреатитке және ұйқы безінің асқынған қатерлі ісігіне тән. Бірақ кейбір науқастарда бұл аурулар симптомсыз болатынын және белгілі бір уақытқа дейін белгі бермей өтетінін айту керек.
Денсаулық
Буын аурулары және оны емдеу жолдары

Ұйқы безі ауырған кездегі дәрігер кеңесі

Мамандардың пікірінше, ұйқы безі ауырған адам гастроэнтеролог дәрігермен кеңесуі керек. Дәрі-дәрмекті, соның ішінде ауырсынуды басатын дәрілерді өз бетіңізше қабылдауға болмайды. Емдеудің халық арасында таралған әдістерін қолданбау керек. Себебі бұл аурудың асқынуын арттыруы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері кезінде, әсіресе ауырсыну синдромы пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну керек.

Жиі қойылатын сұрақтарға жауап

Ұйқы безінің аурулары өте қауіпті. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, шара қолдану маңызды.
Ұйқы безі проблемаларының қандай белгілері бірінші кезекте көңіл аударуды қажет етеді?
Жайсыздықтар ұйқы безімен байланысты екенін адам бірден түсіне бермейді. Дегенмен сол жақ қабырға астындағы ауырсыну мен ыңғайсыздық сияқты белгілер, әсіресе алкогольді ішімдік ішім, қуырылған және майлы тағамдарды ішкеннен кейін осындай жайсыздық туындаса, онда алаңдауға болады.
Ұйқы безін кімдер тексергені дұрыс?
Ең алдымен "панкреатит" және "өт-тас ауруы" диагнозы бар адамдар және қауіп тобындағы адамдар ұйқы безін жиі тексеріп отыруы керек.
Ұйқы безі аурулары кімдерде туындау қаупі жоғары?
Бұл өт-тас ауруымен ауыратын науқастар, сондай-ақ алкогольді ішімдікті жиі шамадан тыс тұтынатын, дәрі-дәрмекті бақылаусыз қабылдайтын, артық салмағы бар және қимылы аз өмір салтын ұстанатын адамдар.
Денсаулық
Жатыр мойны обыры: ауруды емдеу және алдын алу жолдары