Бауыр неге ауырады: белгілері мен емдеу жолдары
12:56 08.05.2023 (жаңартылды: 12:56 11.05.2023)
© Sputnik / Владислав ВодневПриступ, иллюстративное фото
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
Оң жақ қабырға астындағы жайсыздық пен ауырлық сезімі бауыр ауруын білдіруі мүмкін. Адамның бауыры қалай ауыратыны, ерлер мен әйелдердегі ауырсыну белгілерінің ерекшелігі және дәрігерге қашан көріну керектігі туралы оқыңыз.
Бауыр іштің оң жағында қабырға астынан сәл төмен орналасқан. Бұл ас қорыту, темір, ағуыз, майлар, көмірсулар мен дәрумендер алмасу процесінде, сондай-ақ токсиндер мен уларды шығаруда маңызды рөл атқаратын көп функциялы орган. Бауыр ауруы тұқым қуалауы (генетикалық) мүмкін. Сондай-ақ бауыр жұмысындағы проблемаларға вирустар, алкоголь өнімдерін тұтыну, семіздік және басқа факторлар себеп болуы мүмкін.
Егер ерлер мен әйелдердің бауырындағы ауырсыну туралы айтатын болсақ, онда оның көрінісінде ешқандай айырмашылық жоқ. Гендерлік фактор ауырсыну синдромының ағымына әсер етпейді.
"Дегенмен бауыр аурулары ерлер мен әйелдерде әртүрлі ерекшелікпен жүруі мүмкін. Сондай-ақ әйелдерде тек өздеріне тән бірқатар бауыр ауруы бар. Ең алдымен бұл жүктілікке байланысты туындайтын бауыр аурулары", - дейді гастроэнтеролог, гепатолог, терапевт дәрігер Андрей Якушев.
Бауыр неге ауырады
Сарапшының айтуынша, бауыр ешқашан ауырмайды. Бауырда жүйке талшықтары жоқ, сондықтан ол ауырмайды. Тек бір жағдайда ғана – бауыр мөлшері ұлғайған кезде ауырсыну пайда болуы мүмкін.
"Анатомиялық тұрғыдан бауыр ұлпасы капсуламен қоршалған. Қабынуға байланысты оның мөлшері ұлғайған кезде, ол осы капсулаға қысым жасай бастайды, ал капсулада ауырсыну кезінде сезілетін жүйке талшықтары бар. Яғни капсула созылған кезде бауырда "ауырсыну" басталады. Бұл оң жақ қабырға астындағы жайсыздықпен, ауырлықпен сезіледі. Бауырдың ұлғаятыны соншалық, біз оны қолымызбен сезе аламыз", - дейді Андрей Якушев.
Көбінесе оң жақ қабырға астында ауырсыну басқа органдармен, мысалы, тоқ ішектің көтерілу бөлігімен, өт қабымен байланысты болады. Кейде асқазанның, он екі елі ішектің ойық жарасына байланысты осы аймақта ауырсыну туындауы мүмкін.
Бауыр метаболикалық себептерге байланысты бауыр аурулары кезінде (бұрын бұл ауру "майлы гепатоз" деп аталды), органдағы қан тамырларының бұзылуымен, инфекциялық зақымданулармен, аутоиммундық бұзылулармен, эндокриндік бұзылулармен, жарақаттармен және басқа ауруларға байланысты ұлғаюы мүмкін.
Бауыр қалай ауырады
Жоғарыда жазылғандай, бауырдың өзі ауырмайды, орган орналасқан капсула ауырады. Бауырдың зақымдануы кезінде туындайдын белгілерге тоқталайық.
Қолайсыздық
Бауырдың ұлғаюы оң жақ қабырға астындағы жайсыздықпен сезілуі мүмкін. Көбінесе бұл тырысатын, түйіп ауыратын, бірақ шыдауға болатын ауырсынулар. Өткір ауырсыну бұл органның көптеген ауруына тән емес және көбінесе өттегі тас түзілуі ауруынан туындайды.
Ауырсыну
Бауыр аурулары кезінде адам қабырға астындағы ауырлықты сезінуі мүмкін. Бұл белгілер бауыр капсуласының созылуымен, ішек пен өт қабының ауруларымен, газ түзілуінің артуымен байланысты болуы мүмкін.
Сарғаю
Егер бауырдың зақымдалуына қатысты күдік болса, басқа белгілерге назар аудару керек. Бұл орган ауруларының жиі кездесетін белгілерінің бірі – терінің, көздің және шырышты қабаттардың сарғаюы.
Ауыздағы ащы дәм
Сондай-ақ бауыр аурулары кезінде дене қызуы көтерілуі, ауызда ащы дәм пайда болуы, адам қатты әлсіздік сезінуі мүмкін. Егер бұл белгілер пайда болса, дәрігер қабылдауына жазылу керек.
Бауыр ауырған кездегі дәрігер кеңесі
Егер бауырыңыз ауырады деп ойласаңыз, дәрігерге бару керек. Симптомдарды елемеу және дұрыс емделмеу ауыр зардаптарға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
"Биохимиялық қан талдауын тапсыру керек. Ең алдымен бұл АСТ, АЛТ, сілтілі қышқыл, гамма-глютамилтранспептидаза және бұл бауырдың қабыну дәрежесінің көрсеткіштері болып саналады. Егер сілтілі фосфатазаның 2-3 нормадан жоғарылағанын анықталса, АСТ, АЛТ жоғары болса, дереу дәрігерге бару керек", - дейді гастроэнтеролог, гепатолог, терапевт дәрігер Андрей Якушев.
Маманның пікірінше, бауырдың зақымдану белгілері пайда болған кезде органға жүктемені азайту керек - алкогольді, темекі шегуді, кейбір дәрі-дәрмектен бас тарту керек. Дегенмен маманмен кеңеспей дәрі-дәрмектен өз бетінше бас тартуға болмайды. Бұл денсаулыққа пайдадан гөрі көп зиян келтіруі мүмкін.
"Айқын әлсіздік, терінің сарғаюы, мұрыннан және қызыл иектен шамадан тыс қан кету сияқты геморрагиялық синдромды, оң жақта ауырсынуды байқаған болсаңыз, дәрігерге жазылу керек", - дейді Андрей Якушев.
Жиі қойылатын сұрақтарға жауап
Бауыр ауруларына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға гастроэнтеролог, гепатолог, терапевт дәрігер Андрей Якушев жауап берді.
Бірінші кезекте бауыр проблемаларының қандай белгілерін ескеру керек?
- Егер қатты әлсіздік, субфебрильді температура, терінің сарғаюы, бұрын болмаған қан кетулер болса, теріде көгерген жерлер пайда бола бастаса, бұл белгілерді ескерусіз қалдыруға болмайды. Егер туыстарыңыз сізді "мүлдем басқа адам секілді болып жүрсің" десе, бұл бауыр энцефалопатиясы деп аталады. Мұндайда бауырдың нашар жұмыс істеуіне байланысты ми зардап шегеді. Мұны сіз байқамайсыз, бірақ туыстарыңыз байқайды.
Терінің қышуы сияқты маңызды симптом да бар. Егер терінің қандай да бір түсініксіз қышуы болса және бұл аллергиямен байланысты болмаса немесе нақты себебін білмесеңіз, онда гастроэнтерологқа бару керек. Бұл бастапқы билиарлы холангит сияқты сирек кездесетін аурудың симптомы болуы мүмкін.
Бауырды тексеру ең алдымен кімдерге қажет?
– Біріншіден, скрининг аясында бауырды 30 жастан кейін тексеру ұсынылады. Кем дегенде биохимиялық қан талдауын тапсыру керек. Сонымен қатар мына топтағы адамдар міндетті түрде бауырды тексеруі керек:
артық салмағы бар, аз қимылдайтын өмір салтын ұстанатын, қандағы қанттың деңгейі жоғары, қант диабетіне шалдыққан;
созылмалы вирусты гепатит ауруы бар;
алкогольді ішімдікті шамадын тыс тұтынатын;
туыстарында бауыр ауруы бар адамдар;
себебі анықталмаған бауыр ферменттері жоғары деңгейдегі жастар;
иммундық аурулары бар адамдар (мысалы, Шегрен синдромы, аутоиммунды тиреоидит немесе жүйелі қызыл жегі), өйткені олар көбінесе бауырдың аутоиммунды ауруымен байланысты;
метотрексат сияқты препараттарды ұзақ уақыт қабылдайтын;
туберкулезге қарсы терапия қабылдайтын адамдар.
Бауыр ауруы туындау қаупі кімдерде жоғары?
- Сондай-ақ белсенді жыныстық өмір салтын ұстанатын (вирустық гепатит немесе АҚТҚ жұқтыру қаупіне байланысты), қанмен тұрақты байланыста әрекеттер орындайтын адамдарда (дәрігерлер, полицейлер, құтқарушылар) бауыр ауруы туындау қаупі жоғары. Балықты шикідей жеуге әдеттенген кейбір ұлт өкілдері мен адамдар да осы топқа кіреді. Себебі балық етін шикідей жеумен байланысты бауыр аурулары бар.