Денсаулық

Жатыр мойны обыры: ауруды емдеу және алдын алу жолдары

© AFP 2024 / SAM PANTHAKYРезиновая модель матки в натуральную величину, архивное фото
Резиновая модель матки в натуральную величину, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2021
Жазылу
Жатыр мойнының обыры әйел адамдарда кездесетін онкологиялық аурулардың үштігіне кіреді. Негізінен бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер. Жатыр мойны обырының симптомдары, сатылары және алдын алу туралы оқи отырыңыздар

Жатыр мойны обыры деген не

Жатыр мойнының обыры әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық дерттің бірі. Жатырдың төменгі бөлігінде жатыр мен қынапты біріктіріп тұратын мойын, яғни босану жолы бар. Жатыр мойнының обыры 16, 18, 31, 33, 35 немесе 39 түрге жататын адам папилломасының вирусынан туындаған цервикалды интраэпителиалды неоплазияя (CIN) нәтижесі болып саналады. Көбіне жатыр мойнының обырына 45-50 жастағы әйелдер шалдығады. Алайда онкологтар соңғы уақытта бұл аурудың жас әйелдерден де анықталып жатқанын айтуда.

Жатыр мойнының обыры алдында қатерлі емес және обыралды процестер болады. Қарапайым эктопия, эндоцервикоз, лейкоплакия, эндометриоз, жатыр мойнының тыртықты дефформациясы қатерлі емес процестерге, түрлі деңгейдегі жатыр мойнының дисплазиясы обыралды процеске жатқызылған.

"Жатыр мойнының обыры әйелдерде ең көп кездесетін онкологиялық аурудың үштігіне кіреді. Қазір бұл аурудың жасарып жатқаны байқалады. Егер бұрын бұл обыр дерті көбіне 50 жастан асқан әйлдерде кездессе, қазір мен өз тәжірибемде тіпті жыныстық қатынасқа түспеген 16-18 жастағы жас бойжеткендерден де осы ауруды кездестірдім", - дейді Дина Сакаева.

Жатыр мойны обырының пайда болу себептері

  • темекі шегу;
  • бей-берекет төсек қатынасы;
  • иммундық жүйенің әлсіреуі;
  • бұрын болған немесе ағымдағы хламидий және жыныс жолымен берілетін басқа да инфекциялар;
  • артық салмақ;
  • үш немесе одан да көп мерзіміне жеткен жүктілік;
  • жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау;
  • 17 жасқа дейін бала көтеру;
  • ерте басталған жыныстық қатынас;
  • әлеуметтік төмен статус;
  • онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойынының обырына тұқымдық бейімділік.

Жатыр мойны обырының белгілері

"Менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі болып саналады. Сонымен қатар иісі жағымсыз ақшыл бөлініс, іштің төменгі жағының аурулары, салмақ жоғалту, шаршаңқылық және кейде зәрде қан пайда болуы да осы ауру белгілеріне жатады", - дейді дәрігер.

Мына белгілер туындаса, дереу дәрігерге қаралу керек:

  • қан кету;
  • зәр шығару кезіндегі ауырсыну;
  • менопаузадан кейін қан кету;
  • төсек қатынасы кезіндегі ауырсыну немесе қан кету;
  • кіші жамбастағы ауырсыну белгілері;
  • вагиналды жайсыздық.

Жатыр мойны обырының кезеңдері

Обырдың басқа түрлері секілді жатыр мойны обырының да төрт даму кезеңі бар:

Бірінші саты – ісік жатыр мойнында орналасқан, бірақ жатырға немесе жақын орналасқан лимфалық түйіндерге қарай таралуы мүмкін;

Екінші саты – обыр жатыр мойнынан тыс аумаққа, қынаптың жоғарғы жағына қарай өседі;

Үшінші саты – ісік төменгі қынап, жамбас қабырғаларын зақымдап, зәр шығару жолдарын бұғаттауы мүмкін;

Төртінші саты – обыр тік ішекке немесе қуыққа және алыс орналасқан органдарға жетеді.

Жатыр мойны обырын емдеу

Жатыр мойнының обырын емдеу әдісін дәрігер науқастың жағдайы және аурудың сатысын есепке ала отырып белгілейді. Негізінен жатыр мойнының обырына шалдыққандар хирургиялық, сәулелік терапия, химиотерапия сынды әдістермен емделеді.

Хирургиялық емдеу. Бұл обырды емдеудің ең кең таралған әдісі. Ол қатерлі жасушалар сол органның шегінде орналасқан жағдайда қолданылады. Онкологияның осы түрінде операциялық араласудың негізгі үш түрі бар. Біріншісі – хирург жатыр мойнын, оның тіндерін және қынаптың жоғарғы жағын алып тастайды. Бірақ жатыр өз орнында қалады. Екіншісі – жоғарыда аталған барлық орган және жатырды алып тастайды, сондай-ақ аналық бездер және жатыр түтігін алып тастау да қажет болуы мүмкін. Үшіншісі – ота кезінде жатыр мойны, аналық бездер, қынап, қуық, жатыр, жатыр түтігі, тік ішекті алып тастайды. Операция негізінен дерт қайта қозған кезде қажет болады.

Химиотерапия. Бұл жағдайда обырды азайту немесе көзін жоюға арналған арнайы дәрі-дәрмек қолданылады. Препарат науқастың тамырына егіледі немесе оны дәрі түрінде қабылдайды. Бұл әдіс ауру қатты дендеген жағдайда, яғни дерт қайталанса немесе метастаз бар ісіктер денедегі шеткі аймақтарға енген болса қолданылады.

Сәулелік терапия. Бұл жағдайда обыр жасушаларын өлтіру үшін жоғары энергетикалық сәулелер қолданылады.

Аурудың кеш сатысында емдеу әдістері араластыра қолданылуы, яғни сәулеленуді химиотерапиямен бірге қолдануы мүмкін.

Диагностика

Әйел адамның гинекологтың тексеруіне тұрақты баруы өте маңызды. Қандай да бір өзгерісті анықтау үшін жатыр мойны обырының дифференциалды диагностикасы қажет. Ол мыналарды қамтиды:

  • цитологиялық скрининг;
  • жыныс мүшелерін көзбен шолып тексеру;
  • кольпоскопия;
  • жатыр мойнының биопсиясы;
  • жатыр мойнындағы күдік тудырып тұрған учаскелердегі тіндерге биопсия жасау;
  • мойын арнасынан қырынды алу;
  • жыныс жолы арқылы жұғатын инфекцияларға тексеру;
  • ПТР-диагностика: онкогендік қаупі жоғары АПВ анықтауға арналған тексеру.

"Ауру анықталған жағдайдың 90%-інде жатыр мойны обыры адам папилломасы вирусынан туындаған. Қазір бірқатар елде жатыр мойны обырын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін сұйықтық цитологиясы әдісі қолданылады. Жылына бір рет осындай тексеруден өтетін әйелдер обыралды өзгерісті алдын ала анықтай алады. Жыныстық қатынасқа түскен әйелдердің барлығы АПВ-тест тапсыруы керек. Онкогенді типтегі АПВ тесті, сұйықтық биопсиясы және жылына екі рет гинекологтың тексеруінен өту – жатыр мойны обырының ең жақсы диагностикасы", - дейді онколог дәрігер.

Жатыр мойны обырының алдын алу

"Жатыр мойны обырының профилактикасы – адамдардағы папиллома вирусына қарсы екпелердің болуы. Бұл екпе интимдік қатынас болмаған кезде жасалады. Ол обыр дертіне шалдығу және АПВ жұқтыру қаупін едәуір төмендетеді", - дейді дәрігер Дина Сакаева.

Жатыр мойнын циологиялық тексеру ең тиімді әдістің бірі саналады. Оны үш жылда бір рет орындау қажет.

Жатыр мойнын тұрақты тексеру - бұл осы аурудың дамуын болдырмаудың негізгі әдісі. Сондықтан барлық қыз-келіншек өз денсаулығына әркез қамқорлық көрсетуі керек.

Жаңалықтар
0