Денсаулық

Қант диабеті туралы не білу керек: белгілері және емі

© Photo : Рixabay/stevepbСахарный диабет, иллюстративное фото
Сахарный диабет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2021
Жазылу
Әлемде "қант диабеті" деген диагнозы бар адамдар саны жылдан-жылға артып келеді. Оның жиі кездесетіні соншалық, ол дерт инфекциялық емес пандемия сипатына ие болып отыр. Бұл аурудың туындау себебі не және оны қалай емдейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Жер ғалашмарындағы тұрғындардың шамамен 6%-і қант диабетіне шалдыққан. Ең өкініштісі, бұл дерт жылдан-жылға жасарып келеді: егер бұрындары қант диабетінің 2-ші түрі көбіне 50 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір бұл ауру 30 жастағы науқастардан да анықталып жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын қант диабетінің 2-ші түрі қарт адамдардың дерті деп саналды.

Қант диабеті дегеніміз не

Қант диабеті – бұл гипергликемия, яғни қандағы глюкоза деңгейінің артуы біріктіретін аурулардың бүтіндей бір тобы. Бұл ұйқы безіндегі белгілі бір жасушалардың өліміне алып келетін инсулин түзілуіндегі немесе жұмысындағы ақау салдарынан болады.

Қант диабеті кейбір органдардың, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына алып келеді.

Оның себептері әртүрлі болады және диабет түрі осыған байланысты.

Ресми статистикаға сүйенсек, қант диабетінің 2-ші түрі кең таралған. ДДҰ статистикасы бойынша 2025 жылға қарай әлемде осы ауруға шалдыққан адам саны 380 миллионға жетеді. Алайда бұл болжамды көрсеткіш іс жүзінде әлдеқайда көп болатыны анық. Себебі қазірдің өзінде қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққандар саны 422 миллионға жетіп отыр.

Ресми есептеулерге сүйенсек, әрбір 10 секунд сайын әлемде қант диабетімен ауыратындар саны екі адамға артып отыр. Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күнінің болуы да таңғаларлық жайт емес. Ал әлемдегі барлық дерлік мемлекет осы дерттің өсуін төмендетіп, адам өлімін азайту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр.

Қант диабетінің түрлері

Қант диабетінің бірнеше түрі бар.

Қант диабетінің 1-ші түрі. Бұл ұйқы безінің өздігінен инсулин өндіре алмауы салдарынан қан құрамында осы гормонның тапшылығы туындауы. Бұл көбіне жас адамдарда кездеседі.

Қант диабетінің 2-ші түрі. Бұл ең көп таралған түрі. Ол ұйқы безі тым көп инсулин түзіп, бірақ глюкоза молекуласының ағза жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз ете алмауы кезінде туындайды.

"Глюкоза – бұл энергетикалық субстрат. Ол машинаға арналған жанармай секілді энергия береді. Егер қандағы инсулин жұмыс істемесе, ол ағзада жеткіліксіз деңгейде болса, онда глюкоза жасушаларға жетпейді. Соның салдарынан жасуша жұмыс істей алмайды. Ол кейбір жасушаларға қарапайым диффузия жолы арқылы түсе алады. Ол жасушаға еніп, бір бөліктен екіншісіне өтеді. Сондай-ақ глюкоза өздігінен жете алмайтын жасушалар да бар. Оларды ақуыз жеткізуі керек. Бұл ақуыз көлік рөлін атқарады. Оны глют 4 деп атайды. Бұл ақуыз инсулин әсерімен түзіледі", - дейді эндокринолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Зухра Павлова.

Гестациялық қант диабеті. Ол тек жүкті әйелдерде кездеседі. Босанғаннан кейін көміртек алмасуы қалпына келіп жатқан кезде оның  жоғалуы жиі болады. Бірақ қант диабетінің 2-ші түріне айналуы да мүмкін.

Сонымен қатар генетикалық ақаулар салдарынан туындайтын қант диабетінің басқа да айрықша түрлері кездесіп жатады. Бірақ ол сирек кездесетін жағдай.

Қант диабетінің себептері

Қант диабетінің 1-ші түрі ағзадағы аутоимундық процесс аясында пайда болады: "жүйеде ақау" болып, ағзаны қорғауға тиіс иммундық жасушалар ұйқы безіне шабуыл жасай бастайды. Уақыт өте келе ұйқы безіндегі инсулин түзетін бета-жасушалар саны азаяды да, қант диабетінің симптомдары пайда болады.

Ал қант диабетінің 2-ші түрінің туындауына біз өзіміз кінәліміз.

"ХХІ ғасырдың дерті – семіздік екені ешкім үшін жасырын емес. Диабеттің қатысы қанша? Қатысы бар. Себебі семіздіктің 80%-і ерте ме, кеш пе, қант диабетіне алып келеді. Семіздікке ұшыраған әрбір екінші адам қант диабетіне тап болуы ықтимал", - дейді эндокринолог дәрігер Зухра Павлова.

Шамамен 20 жыл бұрын Америкада зерттеу жүргізіп, медбикелерді бақылады. Зерттеу бірнеше жылға созылды. Нәтижесі көрсеткендей, сынақ басталған кезде артық салмағы болған, бірақ семіздігі жоқ медбикелер семіздіктің 1-ші деңгейіне дейін артық салмақ қосқанда, қант диабетіне шалдығу қаупі 70%-ке артты.

"Семіздікті адамның жай ғана косметикалық ақауы деп қарастыруға болмайды. Бұл – ақырында қант диабетінің 2-ші түріне алып келетін метаболизмдік ақаулардың кешені. Оған адамның жасы да әсер етеді. Егер адам өзі қорыта алатын шамадан көп мөлшерде тамақтанса, онда оның ағзасына түскен энергетикалық ресурстар май жасушалары түрінде сақтала бастайды. Бұл май жасушалары шексіз көлемде ұлғая бермейді. Олар белгілі бір деңгейге – 10 мкм жеткеннен кейін одан әрі өсе алмайды. Себебі қанмен қамтамасыз ету процесінде ақау пайда болады", - деп түсіндірді дәрігер Павлова.

Соның салдарынан микрогипоксия – осы жасушалардағы қанның микроциркуляциясы бұзылады. Ағза мұндай жасушаларды қауіп ретінде бағалап, олардың көзін жоя бастайы.

"Егер мұнда жасушалар саны онша көп болмаса, онда аса сау емес жасушалардың жойылуымен ғана аяқталар еді. Бірақ артық салмағы бар адамның ағзасында мұндай жасуша өте көп болғандықтан, бұл жағымсыз жағдайдың басталуына алып келеді. Себебі шамадан көп түзілген май жасушаларының көзін жою процесі кезінде қабыну пайда болады. Көп және өліп жатқан адипоциттер айналасында ақ қан жасушалары жинала бастайды. Олар қабынуға қосымша себеп болады. Жасуша неғұрлым көп болса, қабыну да соғұрлым күшті жүріп, осы арқылы ақ қан жасушалары мен қабыну факторларын ынталандыра түседі. Былай айтқанда, қабыну өзін-өзі тудыратын процеске айналады", - деді Зухра Павлова.

Ағзадағы бұл созылмалы қабынудың белгілері аса қатты байқалмайтыны да жағдайды ушықтырады.

"Ол адамдардың бойында қауіп сезімін тудырмайды. Мысалы, біз тұмауға шалдықсақ, дене қызуы көтеріледі және тағы басқа симптомдар пайда болады. Соған қарай адам әрекет етіп, ем қабылдайды. Ал семіздік саналы түрде бола бермейді. Оны сезіп білу мүмкін емес. Әрине адам бойында әлсіздік пен шаршаңқылық секілді өзгерістер пайда болады. Бірақ ешкім оған жете мән бермейді", - деді дәрігер.

Соның салдарынан семіздік аясындағы қабыну инсулинге төзімділікке алып келеді. Яғни ағза инсулин әсеріне төзімді бола бастайды.

"Глюкоза жасушаға түсе алмайды, жасуша энергия жетіспейтіні туралы миға сигнал береді, ми аштық орталығын іске қосады. Соның салдарынан адамның тәтті жегісі келеді. Себебі тәтті тағам ағзаны энергиямен өте жылдам қамтамасыз етеді. Бұл қандағы глюкозаның көлемін тез арттыратын және энергия беретін ең қарапайым өнім. Қанда глюкоза саны тағы артады. Соның салдарынан инсулинның қосымша синтезі басталады. Ақырында қанда глюкоза да, инсулин де көп болады. Бірақ жасушада глюкоза жетіспейді", - деп дерттің туындау механизмін түсіндірді дәрігер.

Ми энергия тапшылығы туралы сигнал беруді жалғастыра береді де, адам бей-берекет тамақтана бастайды. Көбіне тәтті, құнарлы, энергияға толы тағам таңдайды. Соның салдарынан салмағы одан бетер артып, бұл қант диабетінің туындау қаупін еселей түседі.

Қазір қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққан адамдар саны семіздікке тап болғандардың өсімімен байланысты екеніне анық көз жетті. Жақында ғана дәрігерлер 2025 жылға қарай "диабет" диагнозы бар адамдар саны 380 миллионға жетеді деп болжаған еді. Алайда бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 400 миллионнан асып кететіні анық.

Қант диабетін емдеу және алдын алу

Қант диабетінің 1-ші түрі инсулин көмегімен ғана емделеді. Бірақ бұл тұста да бірнеше нұсқа бар.

Бұл адам күніне бірнеше рет ине салдыратын базис-болюсты терапия болуы мүмкін. Сондай-ақ науқас тұрақты режимде ағзаға инсулин жіберіп отыратын арнайы аппарат – помпаны қолдана алады.

Қазіргі уақытта донордағы ұйқы безін трансплантациялаудың тиімділігі туралы мәселе қарастырылып жатыр. Мұндай бірнеше ота жасалып та қойды.

Қант диабетінің 2-ші түрінде емдеу нұсқасы көбірек. Біріншіден, белгілі бір диета мен өмір салтын өзгерту жеткілікті болуы мүмкін. Дәрігер науқас жағдайына қарай дәрі тағайындауы мүмкін. Егер ұйқы безі өзінің инсулин қорын түгел жұмсап қойса, терапияға инсулин қосылады.

"Қазір диабетке қарсы тиімді препарат көп. Олар сіздің өміріңізді ұзартуға үлкен сеп бола алады. Бірақ мен бұл ауруға тап болмауға кеңес берер едім. Таразының бір басында тәттілер, бір басында сіздің өміріңіз, оның ұзақтығы тұрған кезде, дұрыс таңдау жасау керек деп ойлаймын. Өмірді өзгерту керек. Сапалы және сау өмір – бұл ешбір тәттіге алмастыруға келмейтін артықшылық", - дейді Павлова.

Бұл қант диабетінің 2-ші түрінің ең үздік профилактикасы. Дұрыс тамақтануға дене шынықтыру немесе жаяу жүрісті де қосқан абзал.

Ал қант диабетінің 1-ші түрінің алдын алу шаралары жоқ. Осы дертке шалдыққан ата-ананың балалары ерте жастан антиденелерге арналған анализ тапсыру керек болады. Егер антиденелердің бар екені анықталса, онда ата-анасына баланың жағдайын, гликемия көрсеткіштерін жіті бақылауда ұстауға тура келеді. Бірақ бұл да ешқандай кепілдік бермейді.

Жаңалықтар
0