Шерзаттың әкесі дүкеннен пышақты не себепті алып шыққанын айтты
© Photo : © Верховный суд Казахстана/YouTube/скрин видеоҚаржаубай Нұрымов

Жазылу
Нұрбол "хуторскийміз" дегенде сескеніп қалдық, дейді марқұмның әкесі
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов төбелестің қалай басталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сол күні Шерзат Полат сотталушы Дархан Әскентайды дөрекі сөйлегені үшін бір рет ұрған. Ал әкесі екеуін ажыратып алды. Одан кейін Дарханнан бірнеше рет кешірім сұрады. Емін де, ақысын да төлеуді ұсынды.
"Ол кешірмеймін деді. Балаң жауап береді, денсаулығын қойып тастайды деді. Енді, сен шешесін боқтадың ғой деп, қолымнан келгенше кешірім сұрадым", - деді Нұрымов бүгінгі сот отырысында.
Бірақ Дархан телефонмен достарын шақыра бастады. Сонда бірінші болып Нұрбол Тоқтаубаев келген.
"Нұрбол кішкене мас екен. Көліктен түсіп, кім ұрды деп сұрай бастады. Мен Шерзатқа тимесін деп, мен ұрдым дедім. Нұрбол "бізді танымайсыңдар ма, "Хуторский" жігіттеріміз ғой" деп шықты. Біз бәрін түсіндіріп бердік. Сонда екеуі көліктегі жас баламен бірге кетіп қалғандай болды. Бірақ 5-10 минуттан кейін қайтадан келді", - деді Нұрымов.
Сол екі арада оқиға орнына Нұрғанат (Шерзаттың ағасы - Sputnik) келді. Ол да кешірім сұрап көрген. Дархан Нұрбол екеуі тағы кетіп қалды. Ал Қаржаубай Нұрымов баласын үйге қайтарып жіберді. Біршама уақыттан кейін Дархан мен Нұрбол өздерімен бірге басқа сотталушыларды алып келді.
"Адам көбейгесін мен 102-ге звондадым. Екі рет звондадым, ешкім алған жоқ. 102-ні ала алмағаннан кейін 103-ке звондадым. 103 те алмады. Дүкенге үш жігіт кірді. Олар сыра аламыз деді. Мен дүкенді жабамын, шығыңыздар дедім. Сол кезде төбелес басталып кетті. Мен қорғану мақсатында қолыма май кесетін пышақты алып шықтым. Неге десеңіз, біз Нұрбол "хуторскийміз" дегенде сескеніп қалдық. Түсінбейді, төбелес тоқтамайды деген ой болды. Өзіміздің көршімізді де пышақтап кеткен", - дейді Шерзаттың әкесі.
Оның айтуынша, далаға шығамын деген кезде Азамат Тоқтаубаев есікті тепкен. Шерзаттың әкесі ішке қарай құлаған.
"Мен есіктің алдына шыққан кезде Дархан ішіп тұрған бөтелкесімен бетімнен ұрды. Ал Азамат кірпішпен жауырынымнан ұрды. Мен құлап бара жатқанда Шыңғыс пышақпен жүгіріп келді. Пышақтың ұшы жауырыныма тиді. Мен сол жерде құлап қалдым", - деді Нұрымов.
Сол кезде оқиға орнына Шерзаттың әжесі де, анасы да келді. Оған дейін Шерзат қайтып келіп, Нұрқияс және Нұрболмен төбелесіп кеткен.
"Мен Шерзатқа қарай емес, анама қарай жүгірдім. Себебі ол құлап жатты, арықтың ішінде су болды. Соған тұншығып қалмасын деп, алдымен оны көтеріп алдым. Оны шығарып алдым да, отырғызам дегенше жаңағы жағдайлар болып жатыр. Қарасам, Нұрқияс сөйлеп жатқан баламды басынан мылтықпен ұрып жатыр", - деді Шерзаттың әкесі.
Қаржаубай Нұрымов нақты кімнің пышақ сұққанын айта алмады. Бірақ Равиль, Абзал, Шыңғыс пен Азаматтың қолынан пышақты анық көргенін мәлімдеді.
Айта кетері, бүгін Шерзаттың әжесі сотталушылардың біреуін кешіретінін мәлімдеді. Ал анасы трагедияның мән-жайын айтып берді.