Қоғам

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2023
Жазылу
Жалақы мен стипендия өседі, ит-мысықты тіркеу міндеттеледі, блогерлер салық төлейді – осы және өзге де өзгерістер туралы толығырақ біздің материалдан оқыңыз
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Күздің алғашқы айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Дәрігерлер мен тәрбиешілердің жалақысы көтеріледі

Қыркүйек айында мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын ұйымдардың медициналық қызметкерлерінің жалақысы артады. Бюджеттік ұйымдарда істейтін дәрігерлердің еңбекақысына түзету коэффициенті 2,73-тен 3,42-ге дейін, орта деңгейдегі медқызметкерлерде 2,05-тен 2,34-ке дейін өседі.
2023-2025 жылдар аралығында мемлекеттік бюджеттен 22 мың қызметкер үшін 36,11 млрд теңге қажет.
Сондай-ақ осы айдан бастап балабақша тәрбиешілері де көбірек жалақы алады деп жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмасымен 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ке өсті. Биыл 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ке өседі. Осылайша еліміздегі 97 мыңнан астам педагогтің жалақысы 2,5 есеге артады. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатынын атап өтті.

Бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін тамақ ішеді

Жаңа оқу жылынан бастап республика бойынша жалпы білім беретін мектептерде барлық 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанады.
"Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыға, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беру жоспарланып отыр", - деп хабарлады бұған дейін оқу-ағарту министрлігі.
Республика бойынша тегін тамақпен қамту құны орта есеппен 577 теңге тұрады, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге.

Стипендия өседі

1 қыркүйектен бастап студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы көтеріледі.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ке, магистранттар мен докторанттардікі 15%-ке, техникалық және кәсіптік білім студенттерінің стипендиясы 50%-ке өседі.
Үкіметтің ақпаратынша, барлығы 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы ұлғаяды.
Бұған қоса жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ке артады.
Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы нақты қанша теңге болатынын мына жерден оқыңыз.

Жатақханада тұру шығындары өтеледі

Президенттің тапсырмасымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттарға кіретін студенттердің жатақханада тұру шығыстары субсидияланады.
Яғни еліміздің колледждері мен университеттерінде білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төленеді. Өтемақы сомасы – жылына 29 АЕК (қазір бұл 100 050 теңге).
Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алады. Оның ішінде 4 651-і – жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер, 2 494-і – мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар. Өтемақы осы айдан бастап беріледі.

Оқу орындары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеледі

1 қыркүйектен бастап "Білім туралы" заңның жаңа редакциясы күшіне енеді. Оған сәйкес, оқу орындары студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті болады. Заңды орындамаған жағдайда оларға айыппұл салынады.
Жатақханалардан орын жетпеген студенттерге проблема шешілгенге дейін хостелдер мен қонақ үйлерден орын беріледі.

Жарнамамен табыс табатын блогерлер салық төлейді

Қыркүйек айында "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама" туралы заң күшіне енеді. Заңда "онлайн-платформа пайдаланушысы" және "инфлюенсер (блогер)" деген ұғымдардың анықтамасы жазылған. Сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген.
Енді интернетте жарнамамен ақша табатын блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі және салық төлейді. Сондай-ақ олар өз парақшасында онлайн-жарнама жариялағанда жарнаманың белгісін қоюға міндетті.
 WhatsApp - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2023
Блогерлер кәсіпкер ретінде тіркелуі керек – жаңа заңның талаптары
Бұған қоса блогерлер әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланады. Ол үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске "456-2" деген жаңа бап енгізіледі. Онда онлайн платформа пайдаланушылары мен блогерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар онлайн-платформа иелері жалған ақпаратпен күрес және салықтан жалтару бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндеттеледі.

Ит пен мысықты тіркеу міндеті

Бүгіннен бастап елімізде ит пен мысықтарға чип салу міндеті енгізіледі. Одан бас тартқан адамдар айыппұл арқалайды.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңның 11-бабына сәйкес, ит пен мысық міндетті түрде есепке қойылуға тиіс. Ал басқа жануарлар есепке қойыла ма, жоқ па, иесінің өз еркі. Ал иелердің қатарына жеке тұлғалар да, арнайы ұйымдар да кіреді.
Үй жануарларын есепке алу шараларын әкімдікке қарасты мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүргізеді. Сондай-ақ, осы қызметпен жеке кәсіпкерлер – ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар айналыса алады.
Ит-мысыққа чипті енгізгені үшін ақша төлеу керек. Қазіргі кезде ветеринарлық клиникалар осы қызметке 3,5-8 мың теңге алады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үй жануарлары бюджет қаржысы есебінен есепке қойылады. Тіркеуге алынған жануарға жеке нөмір беріледі.
Собака и кошка - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2023
Үй жануарларын тіркеу: заңның негізгі талаптары қандай

Қытайға астық жеткізу шектеледі

Қазақстан-Қытай шекарасындағы Достық станциясында астық контейнерлері 1 қыркүйектен бастап қабылданбайды. ҚТЖ ақпаратынша, тыйым Қытай тарапынан жасалған шектеуге байланысты.
Қытай Алашанькоу станциясының қайта тиеу алаңындағы жөндеу жұмыстарына байланысты контейнерлермен жүктерді қабылдауға шектеу енгізген. Сондықтан ҚТЖ 1-10 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық станциясынан ҚХР-дағы Достық станциясы арқылы контейнерлермен астық жүктерін, ұнтақтау өнімдерін, кебекті, дақылдарды тасымалдауға уақытша тыйым салады.
Бұл ретте Қытай тарапы астық жүктерін қабылдауды жабық вагондарда (қаптарда) және астық тасымалдаушыларда жүзеге асырады.
Жаңалықтар
0