Үй жануарларын тіркеу: заңның негізгі талаптары қандай

CC0 / / Собака и кошка
Собака и кошка - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2023
Жазылу
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үй жануарлары бюджет қаржысы есебінен есепке қойылады
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ит пен мысықтарға чип салу міндеті енгізіледі. Одан бас тартқан адамдарға айыппұл салынады. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты заңның негізгі талаптары ұсынады.

Иесі ауысса, қайта есепке қою керек

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңның 11-бабына сәйкес, ит пен мысық міндетті түрде есепке қойылуы тиіс. Ал басқа жануарлар есепке қойыла ма, жоқ па, иесінің өз еркі. Ал иелердің қатарына жеке тұлғалар да, арнайы ұйымдар да кіреді.
Заңда үй жануарларын есепке қоюға міндетті тұлғалар мен мекемелердің тізімі бар.
Олар:
жеке және заңды тұлғалар;
жануарларға арналған панажайлар;
уақытша ұстау пункттері;
жануарларға арналған оңалту орталықтары;
зоологиялық питомниктер;
Ал жануардың иесі ауысқан жағдайда қайта есепке қою керек. Сонда дерекқорға өзгеріс енгізіледі.

Үй жануарларын кім тіркейді?

Министрліктің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ақпаратына сәйкес, үй жануарларын есепке алу шараларын әкімдікке қарасты мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар жүргізеді. Сондай-ақ, осы қызметпен жеке кәсіпкерлер - ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар айналыса алады.
Ал үй жануарларын тіркеу бойынша ақпараттық жүйе мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы анықталады. Иесі үй жануарларын есепке алу өнімін өзі таңдайды және сатып алады. Оған чиптер, болюстер және тағы басқа құралдар кіреді. Сосын чипті енгізгені үшін ақша төлеу керек. Қазіргі кезде ветеринарлық клиникалар осы қызметке 3,5-8 мың теңге алады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың үй жануарлары бюджет қаржысы есебінен есепке қойылады. Тіркеуге алынған жануарға жеке нөмір беріледі.

Тіркеуге қойылмаған жануарларды қалай анықтайды?

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, есепке қойылмаған үй жануарларын ешкім іздемейді. Арнайы рейдтер де болмайды.
"Ешкім пәтер аралап, есепке қойылмаған үй жануарларын іздемейді. Бірақ шағым түссе, мәселен, көршіңіз даладағы итіңіздің қарғыбаусыз жүргенін көріп, арыз түсірсе, учаскелік инспектор иесін іздейді. Сол кезде үй жануары есепке қойылды ма, жоқ па, осы мәселеге қатысты сұрақтар да қойылады", - дейді Ким.
Оның айтуынша, чипті анықтау үшін арнайы сканер бар. Сондай-ақ иесі жануардың тіркеуге қойылғаны туралы құжатты көрсете алады.
Заң бойынша үй жануарларын тіркейтін ұйымдар тоқсан сайын есепке алынған үй жануарлары туралы ақпаратты уәкілетті органға жіберуге міндетті.

Айыппұлдың көлемі қандай?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2 бабында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.
жеке тұлғаларға – 10 АЕК (34 500 теңге);
лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК (69 000 теңге);
заңды тұлғаларға – 30 АЕК (103 500 теңге);
Осы құқық бұзушылық бір жылдың қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады.
Ит талап өлтірген марқұмның туысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.04.2023
Өңірлер
Жаркентте ит талап өлтірген марқұмның туыстары: оны ит қаппаған, жеп қойған
Жаңалықтар
0