Қоғам

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2022
Жазылу
Мемлекет басшысы жаңа жолдауын жариялайды, мектептердің оқу бағдарламасына енгізілген өзгерістер күшіне енеді, шәкіртақы көбейеді, ерлі-зайыптыларда зейнетке ерте шығу мүмкіндігі пайда болады
НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Қыркүйекте қазақстандықтарды бірқатар жаңашылдық күтіп тұр. Осы айда қандай өзгерістер болатынын толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Президент жолдау жариялайды

Бүгін, 1 қыркүйек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасайды. Президент елордада парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлейді. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналмақ.
Жолдау сағат 11.00-де басталады. Ол республикалық телеарналар мен ақпарат агенттіктерінің сайттарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ президенттің баспасөз қызметінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан жедел ақпарат таратылады.

Жаңа оқу жылының жаңашылдықтары

Бүгін бүкіл Қазақстанда – Білім күні. 3,7 млн оқушыны қамтитын 7,6 мыңнан астам мектепте Білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді.
Биыл республика бойынша 400 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.
Жаңа 2022-2023 оқу жылының басты өзгерісі – оқу жылының ұзаруы. Оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін 36 аптаға созылады. 1 маусымнан бастап оқушылар жазғы каникулға шығады.
Сондай-ақ биылдан бастап үш ауысымдық мектептерді қоспағанда, барлық мектеп бес күндік оқу аптасына көшеді. Соның нәтижесінде оқушылар, мұғалімдер, мектеп директорлары мен оның орынбасарлары оқу жылында қосымша 36 күн демалады.
Бұдан бөлек, мектептердің оқу бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді 1-сынып оқушылары үш тілді қатар оқымайды. Ағылшын тілі тек 3-сыныптан бастап оқытылады.
Осылайша, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді де, екінші сыныпта орыс тілі енгізіледі. Ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі қатар оқытылады. 3-сыныптан бастап барлығы ағылшын тілін меңгеруге кіріседі.
Бұған қоса, 1-сыныпта ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында "Еңбекке баулу" және "Бейнелеу өнері" пәндері оқытылады.
Жаңа оқу жылында тағы қандай өзгерістер болатынын біздің материалдан оқыңыз.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2022
Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады

Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

Бүгіннен бастап Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді. Ақпараттық жүйеде 6 млн отбасы немесе 19,4 млн азаматтың деректері жиналған.
Үкімет цифрлық картаның көмегімен қазақстандықтың өтініш жазғанын күтпей-ақ, проактивті форматта оған қолдау көрсетеді.
Цифрлық картада отбасылардың әл-ауқаты 5 критерий бойынша айқындалады: экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік жағдайлар, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі.
Ол қалай жұмыс істейді? Жәрдемақы алуға құқылы азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Егер ол келіссе, оған жәрдемақы тағайындалып, ақша банктегі шотына аударылады. Яғни, әлгі адам қандай да бір құжат жинап, әуре-сарсаңға түспейді.

Стипендия өседі

1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ке, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15%-ке көбейеді.
Мәселен, педагогика мамандарын даярлау бағыты бойынша оқитын студенттер 58 мың теңгеден астам, басқа бағыттар бойынша білім алатындар 37 мың теңгеге жуық шәкіртақы ала бастайды.
Ал магистранттардың шәкіртақысы 86 987 теңгеге дейін, докторанттардың стипендиясы 195 000 теңгеге дейін өседі.

Ерлі-зайыптылардың зейнетақы анниутеті

Қыркүйектен бастап заңды некеде тұрған ерлі-зайыптылар бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Оны жақын туыстардың арасында да жасауға болады. Осылайша зейнетке ерте шығу мүмкіндігі туып отыр.
Мысалы, әйелдің зейнетақы шотындағы ақшасы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жетпей тұрса, ол күйеуінің есепшотында артылған қаражатпен қосып, бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады.
Сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді ерлер 55 жастан, ал әйелдер 2022 жылы 52,5 жастан бастап ала алады. Сол сияқты жақын туыстар да бір-біріне қаражат аударса болады. Бірақ оны тек зейнетақы аннуитеті үшін ғана пайдалануға рұқсат бар.
Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес, ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жақын туыстар болып саналады.
Қазақстанда зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетке ерте шығу тәртібі бұрыннан бар. Ол үшін зейнетақы шотында белгілі бір сома болуы керек. Ер адамдар 6,7 млн теңгеден және әйелдер 9 млн теңгеден бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге мүмкіндік алады.
Заң бойынша зейнетақы аннуитеті өмірді сақтандыру компаниясында рәсімделеді. Сол келісімшарт негізінде зейнетақы өмір бойы төленеді.

Қаржы пирамидасын жарнамалағандар қатаң жазаланады

Қыркүйекте қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жазаны қатаңдатуды көздейтін заң күшіне енеді.
Жаңа заңға сәйкес, танымал адамдар, блогерлер мен вайнерлер қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
Қаржы пирамидаларын жарнамалау бойынша Қылмыстық кодекске 217.1 бап енгізілді.
Бұл бап бойынша 2000 АЕК-ке дейін (6 млн теңгеден астам) айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту және 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы көзделген. Сондай-ақ қылмыстық жаза қарастырылған – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қаржы пирамидасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.06.2022
Қоғам
Қаржы пирамидасын жарнамалағандар қылмыстық жазаға тартылады - заң жобасы

Кейбір пойыздардың бағыты өзгерді

"Нұр-Сұлтан-Шымкент" бағыты бойынша:
1 қыркүйектен бастап әлеуметтік маңызы бар күнделікті №86/85 "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Шымкент" Тальго пойызы;
1 қыркүйектен бастап стандартты вагондармен жасақталған №71/72 "Нұр-Сұлтан-1 – Шымкент" күнделікті қатынайтын коммерциялық пойызы ашылады.
Сонымен қатар, 5 қыркүйектен бастап №71/72 пойыздың "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Шымкент" бағытындағы қатынасы өзгереді.
"Атырау-Алматы" бағыты бойынша:
1 қыркүйектен бастап стандартты вагондардан күнара қатынау кезеңділігімен №29/30 "Атырау-Алматы-2" коммерциялық пойызы;
3 қыркүйектен бастап әлеуметтік маңызы бар №41/42 "Алматы-2-Атырау" Тальго пойызы күнара қатынайтын болады.
Басқа бағыттар бойынша:
5 қыркүйектен бастап №10/9 пойыздың "Нұр-Сұлтан-1 – Алматы-1" бағытындағы қатынасы өзгереді;
5 қыркүйектен бастап құрамында Тальго вагондары бар (стандартты вагондардың орнына) №73/74 "Алматы-2 – Жезқазған" жедел пойызы күнара жиілігімен жүреді;
3 қыркүйектен бастап №69/70 "Алматы-2-Өскемен-1" Тальго коммерциялық пойызы тоқтайды.

Мал экспортына уақытша шектеу енгізілді

Қазақстанда ел аумағынан тірі ірі қара мал, қой мен ешкіні әкетуге алты айға тыйым салынды.
Бірлескен бұйрық 6 қыркүйекте күшіне енеді.

Алматыда Artsport бағдарламасы жабылады

Бұған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жаңа оқу жылынан бастап Artsport бағдарламасының тоқтатылатынын мәлімдеді. Айтуынша, жергілікті бюджетте оны жалғастыруға қаржы жоқ.
"Біз кәсіпкерлерге 1 қыркүйектен бастап қаржыландырудың тоқтатылатынын алдын ала ескерттік. Жергілікті бюджетте осы саладағы қызметтерді төлеуге ақша жоқ. Біз ата-аналар мен қызмет көрсетушілермен әділ болдық. Алдымен қаржыландыру мәселесін шешіп алу керек. Бюджетте қажетті қаражат қарастырылмаған", - деген еді Досаев тамыздың ортасында Наурызбай ауданының халқымен кездесу барысында.
Әкім әлеуметтік осал топтарға жататын балаларға спорттық секцияларға қатысуға мүмкіндік беру үшін қалалық бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты жөнделеді

Күзде Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Жөндеу жұмыстары қыркүйек-қазан айларында жүргізіледі.
Айта кетері, кәсіпорын толығымен жөндеуге жабылмайды, зауыт 50-70% қуатпен жұмысын жалғастырады.
Атырау МӨЗ-дің артықшылығы – мұнайды қайта өңдеудің екі ағынды схемасы, яғни объектілер кезекпен тоқтап, іске қосылады, деп атап өтті энергетика министрлігі.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді

13-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында ол еліміздің жоғары басшылығымен кездеседі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысады деп жоспарланған.
14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келетіндер үшін месса өткізеді.
Айта кетері, 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын.
Рим Папасы Франциск  - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.08.2022
Рим Папасы Франциск Тоқаевпен кездеседі
VII съезге, сондай-ақ әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм мен синтоизмның діни көшбасылары бар.
Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің пленарлық және секциялық отырыстары Тәуелсіздік сарайында өтеді. Осы шараны ұйымдастыруға 500-ден астам ерікті тартылады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі үш жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады.
Жаңалықтар
0