Қоғам

Бірлескен зейнетақы аннуитеті: ерлі-зайыптылар зейнетке қалай ерте шыға алады

© Photo : Pixabay / Mabel AmberАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.08.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 21 тамыз – Sputnik. Келесі айдан бастап заңды некеде тұрған ерлі-зайыптылар зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Оны туған-туыстардың арасында жасауға да болады. Sputnik Қазақстан бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдеу тәртібін ұсынады.

Бұған дейін қалай болған?

Қазақстанда зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетке ерте шығу тәртібі бұрыннан бері бар. Ол үшін зейнетақы шотында белгілі бір сома болуы керек.
2020 жылы 55 жастағы ер адамдар үшін зейнетақы аннуитетін рәсімдеу үшін жеткілікті сома 11,3 миллион теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 миллион теңге болған. Былтыр шекті соманы төмендетті. Осылайша, ер адамдар 6,7 миллион теңгеден және әйелдер 9 миллион теңгеден бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдеуге мүмкіндік алады. Оны алдын ала 45 жаста да жасап қоюға болады. Ол үшін есепшотта 6,1-7,7 миллион теңге болуы шарт. Ал 55 жастан бастап зейнетақы төлемдері беріледі.
Заң бойынша зейнетақы аннуитеті өмірді сақтандыру компаниясында рәсімделеді. Сол келісімшарт негізінде зейнетақы өмір бойы төленеді. Бұдан бөлек, кепілдік берілген кезең бар. Оны рәсімдеген жағдайда адам қайтыс болса да, зейнетақы төлемдері туған-туыстарына төленеді.

Ерлі-зайыптылардың зейнетақы аннуитеті

Биыл зейнетақы аннуитеті тәртібіне тағы бір өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Мәселен, ерлі-зайыптылардың біреуінде жинаған ақшасы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жетпей тұрса, жолдасының есепшотында артылған қаражатпен қосып, бірлескен зейнетақы аннуитетін жасауға болады.
"Ерлі-зайыптылардың 55 жастағы күйеуі мен әйелі сәйкесінше 10 млн теңге және 8 млн теңге көлемінде зейнетақы жинағына ие делік. Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшеріндегі (2022 жылы 26 173 теңге) ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төменгі құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін 9,2 млн теңгені құрайды. Бұл мысалда әйелдің жинақ сомасы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Жинақтарды біріктіріп және 18 млн теңге сақтандыру сыйлықақысымен бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасып, ерлі-зайыптылардың әрбіреуі келесі төлемдерге жыл сайынғы индексацияны ескерумен ай сайын 28 430 теңге мөлшерде өмір бойы төлемдер ала алады", - дейді Fingramota.kz мамандары.
Сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді ерлер 55 жастан, ал әйелдер 2022 жылы 52,5 жастан бастап ала алады. Сол сияқты жақын туыстар да бір-біріне қаражат аударса болады. Бірақ оны тек зейнетақы аннуитеті үшін ғана пайдалануға рұқсат бар.
Теңге, монета - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2022
Жеткілікті шек болмайды: зейнетақы жинағын жеке компанияға аударуға рұқсат берілуі мүмкін

Мұрагерлер төлемді ала береді

Бірлескен зейнетақы аннуитеті туралы келісімшартпен қоса әрбір адамның дербес төлемдер, нақты мөлшері мен кестесі болады. Ерлі-зайыптылардың біреуі қайтыс болған жағдайда екіншісі өзінің дербес төлемдерін ала береді.
Ал зейнетақы аннуитеті шартында сақтандыру төлемдерінің кепілдік берілген кезеңі қарастырылса, онда ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі қайтыс болған жағдайда олардың мұрагерлері кепілдік берілген мерзім ішінде кесте бойынша төлемдер алады.

Заң бойынша жақын туысқа кімдер жатады?

Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес, ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер жақын туыстар болып саналады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен зейнетақы аннуитетін рәсімдегенде алдымен сақтандыру ұйымының лицензиясын тексеріп алуға кеңес беріп отыр. Оны қаржы реттеушісінің ресми сайтында жасауға болады. Ал келісімшартқа қол қоярдың алдында барлық тармағын мұқият оқып шыққан дұрыс. Зейнетақы аннуитеті туралы келісімшартты рәсімдегеннен кейін 10 күннің ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хабар беру керек. Қор барлық ақшаны сақтандыру компаниясына аударады.
Шахта - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.07.2022
Зейнетке ерте шыққысы келмейтін шахтерлер де бар – Тоғжанов
Жаңалықтар
0