Зейнетке ерте шыққысы келмейтін шахтерлер де бар – Тоғжанов

© Photo : http://kazminerals.infoШахта
Шахта - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.07.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Қазақстандық шахтерлердің бәрі бірдей зейнетке ерте шыққысы келмейді. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, кеншілердің бәрі үкіметтен зейнет жасын төмендетуді сұрап отырған жоқ. Арасында 63 жасты өзгеріссіз қалдыруды ұсынып жатқандар бар. Оған шахтерлердің жоғары жалақысы себеп.
"Ең ауыр жұмыс шахтерлердікі дегенмен келісемін. Өзім талай рет шахтаға түстім, кеншілермен кездестім. Шынымен де ауыр жұмыс. Бірақ шахтерлердің бәрі бірдей зейнетке ерте шыққысы келмейді. Себебі жерасты жұмыстары үшін жоғары жалақы алады. Мұндай ақшадан ешкім айырылғысы келмейді. Бізге түрлі ұсыныстар түседі: біреу зейнет жасын төмендеткісі келеді, енді біреулері сол күйі қалдыруды ұсынады", - деді Тоғжанов үкімет кулуарында.
Айтуынша, денсаулығы сыр берген кеншілер жерүсті жұмыстарына ауысады екен.
Ол қазір бүкіл әлемде зейнет жасы көтеріліп жатқанын атап өтті. Сондықтан Қазақстанда бұл мәселе жан-жақты талқыланады.
"Жұмыс тобы құрылды. Осы бастаманы көтерген топтармен кездесулер өткізіліп жатыр. Әлеуметтік кодексті әзірлеу аясында жұмыс тобымен тиісті жұмыс жүргізіледі", - деді вице-премьер.
Осы орайда журналистер зейнет жасына қатысты нақты шешім қашан қабылданатынын сұрады.
"Биыл Әлеуметтік кодексті қабылдаймыз. Жыл соңына дейін бір шешімге келеміз", - деп сендірді Тоғжанов.
Жаңалықтар
0