Қоғам

Қаржы пирамидасының тұзағына түспеу үшін нені білу керек

© Sputnik / Абзал КалиевҚаржы пирамидасы, иллюстративті сурет
Қаржы пирамидасы, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2022
Жазылу
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тек былтырғы жылдың өзінде 31 мыңнан аса адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 54 млрд теңгеден асады
Бүгінде табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ашынған азаматтар, тіпті, өз-өзіне қол салады. Ал оңай олжаға құныққан алаяқтар халықты алдап-арбаудың айла-амалын ойластырып, қаржы пирамидаларының жұмысын әртараптандырып алған.
Қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады? Күмәнді ұйымға тап болсаңыз, не істеу керек? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Қаржы пирамидасының түрлері

Заман ағымына қарай қаржы пирамидалары да түрленіп келеді. Телекоммуникация құралдарының дамуымен олардың саны да артуда. Қазір қаржы пирамидалары бағалы қағаздар, зергерлік бұйымдар, туристік жолдамалар, криптовалюта сатамыз дегенді желеу етіп, жұрттың қалтасына түсіп жүр. Бұған қоса, заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері мен үлеспұлдық инвестициялық қорлардың атын жамылып жүргендері де жетерлік.
Классикалық пирамида
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар компания құрып, адамдарға "байытамыз" деп уәде беріп, сеніміне кіреді. Мұндай пирамиданың жұмыс схемасы қарапайым – қатарға жаңа қосылғандардың есебінен ақша төлейді. Азын-аулақ табыс тапқан алғашқы салымшылар айналасындағы адамдармен өз қуанышын бөлісіп, компанияны туыстары мен достарына жарнамалай бастайды. Сөйтіп қаржы пирамидасына адам жинайды.
Қысқа мерзімді жобаларға инвестиция құю
Осы тектес пирамидалар халықтан аз уақыт ішінде тез ақша жинап алуды көздейді. Әлеуметтік желілерде жаппай жарнамалап, адамдарды онлайн чаттарға, топтар мен каналдарға шақырады.
Бағдарламаға қосылу үшін ақша төлеп, басқа клиенттерді тартуың қажет. Адам көбейген сайын, табыс та молая түседі.
Мысалы, қатысушы 1 000 теңге төлеп кірді делік. Одан кейін өзі шақырған әр адам үшін 500 теңгеден төленеді.
қаржы пирамидасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2022
Қаржы пирамидасын жарнамалаған вайнерлерге қатысты тергеу аяқталуға жақын - ІІМ
Онлайн ойындарға ставка
Қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселердің де атын жамылуы мүмкін. Олар спорттық жарыста бәске ақша тігіп, жылдам баюдың жолын ұсынады.
Алайда ресми букмекерлік кеңселердің міндетті түрде лицензиясы болады және қызметі Қазақстан заңымен реттеледі. Ал алаяқтық ұйымдардың лицензиясы жоқ. Мұндай пирамидалар көбіне мессенджер арқылы жалған чек жібереді.
Сондай-ақ қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар түрлі "серіктестік бағдарлама" ұсынуы мүмкін. Мысалы, сіз жарысқа бәс тігетін адам іздеп тапсаңыз, сол үшін қосымша ақша аласыз. Яғни өзіңізбен бірге неғұрлым көп адам ертіп әкелсеңіз, табысыңыз да соғұрлым көп болады.
Бұған қоса, алаяқтар онлайн ойындар арқылы да жұртты алдайды. "Котел", "Черная касса" мұның айқын мысалы. Азаматтарға топқа қосылып, тұрақты түрде жарна төлеп, қысқа мерзім ішінде жоғары кіріс табуды ұсынады. Бұл ретте өзіңмен бірге басқа адамдарды кіргізудің қажеті жоқ. Жарна ұйымдастырушылардың картасына түседі. Олар оны шешіп алады немесе басқа банкке аударады. Кейін қаржы пирамидасын құрғандар ізін жасырады.
Үйге немесе көлікке ақша жинауға көмектесу
Әдетте, мұндай қаржы ұйымдары жинақ бағдарламасына аздаған жарна енгізуді сұрайды. Бағдарлама аяқталған уақытта клиент мол табысқа кенелетініне уәде береді.
Мәселен, қатысушы бастапқыда 500 мың теңге салса, жарты жылдан сайын 1,2 млн теңге сыйақы алады. Бұл ретте сыйақы мөлшеріне клиент шақырған адамдар саны мен олар салған ақша сомасы әсер етуі мүмкін.
Финансовая пирамида, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.04.2022
Нұр-Сұлтанда қаржы пирамидасына алданған салымшы өзін өртеп жіберді – видео
Тұтыну кооперативі түріндегі қаржы пирамидасы
Қазіргі таңда тұтыну кооперативтерін заңсыз қызметке пайдалану жағдайлары кездесе бастады. Мұндай қаржы пирамидалары өз мүшелеріне басқа қатысушыларды тартқан жағдайда, үй немесе автокөлік сатып алуға қажетті бастапқы жарнаға жеңілдік ұсынады.

Қаржы пирамидасының белгілері

Алаяқтарға алданып, сан соғып қалмас үшін, қаржы пирамидасының мына белгілеріне назар аударған жөн.
Нарықтағы деңгейден бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді. Қазір нарық заманы болғандықтан, заңды инвестициялық компаниялар жоғары кірістілікке кепіл бере алмайды. Бұған заңнамамен тыйым салынған. Ал егер әлдекім 100 пайыз мол пайдаға кенелесіз деп уәде берсе, онда бұл алаяқтық белгісі.
Ұйымға тартқан әрбір клиент үшін сыйақы уәде етеді.
Қажетті лицензиясы болмайды. Заңды ұйымда қаржы нарығында ақша тарту бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсат беретін өкілетті органның лицензиясы болуы шарт. Егер лицензия болмаса, оған ақшаңызды бере салуға асықпаңыз. Өйткені мұндай компаниялар Қаржы мониторингі агенттігіне бағынбайды. Яғни сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды.
Компанияға мүше болу үшін міндетті түрде жарна талап етеді. Әдетте, бұл қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар үшін негізгі табыс көзі саналады.
Қаржы пирамидасының өз қаражаты, қымбат активтері болмайды. Егер бағалы мүлкі, капиталы болса, салымшылардың ақшасын жартылай болсын қайтаруға болар еді.
Әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама науқанын жүргізеді. Жарнама аз уақытта көп адам тартуға бағытталған және онда қаржы пирамидасының құрылтайшыларына ғана тиімді мағлұмат айтылады. Яғни, жарнама берушілер клиенттерге қандай тәуекелдер мен қауіп-қатерге тап болатынын ескертпейді.
Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып қалады. Бұл ретте ұйым иелері мен басшылығы туралы ақпаратты мұқият зерделеп шыққан абзал. Компанияның қайда тіркелгенін білу де өте маңызды. Егер басшылық туралы мәлімет табылмай, ал компанияның өзі оффшорлық аймақта тіркелсе, мұндай ұйымға ақшаны сеніп тапсырмаған дұрыс. Өйткені қаржы пирамидасының ерекше белгілерінің бірі – құрылтайшылары ман басшылары шетелде тұрады және шетелдік мемлекеттің азаматы болады.
Жеке кездесуде ғана консультация береді. Себебі жеке кездесуде түрлі психологиялық амал-шарғыларды қолданып, адамның сеніміне кіріп, алдап-арбау оңайға түседі.
Келісімшартқа ойланбай қол қоюға үндейді. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалмау үшін келісімшарт үлгісін сұрап алып, үйде мұқият оқып шығу керек. Құжаттың заңды күші бар ма, жоқ па, соған назар аударған жөн.
Компания корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақырады. Бұл пирамидаға жаңа салымшыларды тартудың кең таралған әдістерінің бірі.
Компания ақшаны қандай жолмен қабылдайтынына назар аударыңыз. Көптеген күмәнді компания ақшаны қолма-қол немесе интернет-төлем арқылы қабылдайды.
Жарнама жасағанда мына сөздерді жиі пайдаланады: "бірегей", "мол пайда әкелетін бизнес", "жоғары кіріске кепілдік береміз" және тағы басқа.

Қаржы пирамидасына тап болсаңыз, не істеу керек

Егер сіз қаржы пирамидасына тап болғаныңызды сезсеңіз, бірден полицияға хабар беріңіз. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігіне, Қаржы мониторингі агенттігіне шағымдануға болады.
Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің 217-бабы "Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар, қаржылық пирамида қызметiн жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 150-бабында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған:
жеке тұлғаларға – 150 АЕК немесе 2022 жылы – 459 450 теңге;
лауазымды адамдарға – 170 АЕК немесе 520 710 теңге;
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК немесе 612 600 теңге;
орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 300 АЕК немесе 918 900 теңге;
ірi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 600 АЕК немесе 1 837 800 теңге.
Ал жуырда мәжіліс депутаттары қаржы пирамидаларын жарнамалайтын әртістер, блогерлер мен вайнерлерді қылмыстық жауапқа тартуды ұсынды. Тиісті заң жобасы әзірленіп қойған, мамыр айында қаралады деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0