Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Қазақстан экономикасын елдегі бүліктен кейін не күтіп тұр – сарапшылар болжамы

© AP Photo Алматы, архивтегі сурет
Алматы, архивтегі сурет  - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.01.2022
Жазылу
Yandex newsTelegram
Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ел экономикасы қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін? Экономиканы аяққа тұрғызу үшін билік қандай қадам жасауға тиіс? Сарапшылар өз пікірін бөлісті
НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Барыс жылы қазақ елі үшін өте ауыр басталды. Қаңтар айының басындағы бүлік елді есеңгіретіп жіберді. Адам шығынымен қоса ел экономикасына үлкен шығын келді. Республикалық бюджеттің басты донорларының бірі саналатын Алматыда кәсіпкерлердің бизнесі тұралап қалды. Соңғы деректер бойынша жаппай тәртіпсіздіктер бизнеске 112 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар Қазақстан экономикасына қатысты өз болжамын бөлісті.

"Жығылған үстіне жұдырық"

Экономист Айдар Әлібаев Алматыдағы бүлік пандемия кесірінен онсызда жұмысы ақсаған кәсіпкерлерге тағы бір соққы болғанын айтты. Өйткені екі жылға созылған пандемия шағын және орта бизнесті әбден титықтатып жіберді.
"Көптеген адам жұмыссыз қалды, қашықтан істеуге ауысты, жалақы қысқарды. Кәсіпорындардың біразы "көлеңкелі" нарыққа кетті, көбі жабылды. Осының кесірінен бюджетке түсім, түрлі есептеуге сүйенсек, 30-40%-ке азайған. Ал қаңтарда болған оқиғалар бұл тенденцияны одан сайын ұлғайтып отыр. Білуімше, 200-ден аса дүкен мен түрлі қызмет орны бүлінді, тоналды. Көбісі әлі жабық тұр. Олар енді экономикалық өсімге үлес қоспайды. Тиісінше қазынаға құйылатын салықтар азаяды. Сондықтан осы оқиғалардың бәрі Қазақстан экономикасына өте ауыр соққы болып тиді", - дейді сарапшы.  
Әлібаевтың пікірінше, жылдар бойы қысым көріп келген отандық бизнеске енді аяқтан тұру қиынға соғады.
"Неге дейсіз ғой. Біріншіден, әр бизнесмен қандай проблемаға тап болады? Ақша жетіспеушілігі. Ақшаны ол ешкімнен ала алмайды, ал коммерциялық банктер беретін кредиттердің пайызы тым жоғары. Ондай несиемен өндірісті дамыту мүмкін емес. Екіншіден, кез келген өндіріске міндетті түрде бір алаң, орын-жай керек. Ал коммерциялық орын-жайларды жалға алу нарығында не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Қазіргі таңда бұл сала да қолжетімсіз", - дейді Әлібаев.
Оқи отырыңыз: Таңға қарай оқ-дәрі таусылды – Таймерденов полицияға жасалған шабуыл туралы айтты
Ал экономист Асылхан Андашовтың ойынша, жаппай тәртіпсіздіктердің экономикалық салдары бірнеше айға созылады.
"Біріншіден, мемлекет әдеттегідей әлеуметтік саланы қолдауын күшейтеді, ал ол онсыз да дефициттік бюджетке қосымша қысым түсіреді. Тапшылықты жамау үшін ақшаны тағы да Ұлттық қордан алады. Екіншіден, қаңтар оқиғаларынан кейін президент Ұлттық банкке теңге бағамын тұрақтандыруды тапсырған еді. Ал теңге жай ғана президент сөзінен соң тұрақтала салмайды. Теңгені тұрақты ұстау үшін Ұлттық банкке жаңа интервенция жүргізуге тура келеді. Ал әрбір интервенцияға Ұлттық банк өзінің қаржылық немесе алтын резервтерін пайдаланады", - дейді ол.
Ал үшіншіден, Андашовтың болжамынша, елдегі төрт донор аймақтың бірі саналатын, жалпы ішкі өнімнің 1/5 бөлігін беретін Алматы қаласында мұндай  оқиғалардың орын алуы қаладағы, бәлкім бүкіл елдегі бизнес және іскерлік климатқа кері әсер етеді.
"Тікелей шығын 100 миллиард теңге шамасында болжанса да, жанама шығындар Тоқаевтың Еуропа одағы төрағасы Шарль Мишельмен сөйлескенде айтылған 2-3 миллиард АҚШ долларына тең деуге келеді. Ол тікелей шығыннан 10 есе көп. Ал бұл экономикасы шикізатқа және шетелдік инвесторларға тәуелді, бюджет тапшылығы байқалатын Қазақстан үшін өте үлкен сома", - қапаланды сарапшы.
Оқи отырыңыз: Әкімдер наразы халықпен тіл табыса алмады – сарапшылар негізгі себебін айтты
Андашов елдегі бүліктен кейін шетелдік инвесторлар өз инвестициясын Қазақстаннан шығаруы мүмкін деп қауіптенеді. Оған себеп те жоқ емес. Айтуынша, Лондон қор биржасында саудаланатын қазақстандық ірі компаниялардың акциялары қаңтар айының басындағы оқиғалардан кейін құлаған соң, әлі тұрақталмаған. 
"Бұл Қазақстанға деген сенім толығымен қалпына келмегенін білдіреді. Сондықтан алдағы уақытта инвесторлар тарапынан өз инвестициясын Қазақстаннан шығару мүмкіндігін жоққа шығара алмаймын. Олай болған жағдайда инвестицияны елден шығару теңге бағамына қысым көрсетеді", - деп санайды экономист.
Сондай-ақ, оның сөзінше, Қазақстан бензин мен газ бағасын өсіруге 6 айға тыйым салу арқылы энергетикалық нарықтағы еркін бәсекені жоғалтып алуы мүмкін. Ал егер үкімет ұзақ уақыт бойы нарықтық ережелерге қарсы шықса, онда КСРО-ның соңғы жылдарындағыдай тауар тапшылығы туындайды. Сондықтан бензин мен газ бағасын тұрақты ұстау және бағаны өндірушілерге де тиімді ету – мемлекеттің алдағы жарты жылдағы басты міндеттерінің бірі, деп атап өтті сарапшы.

Енді не істеу керек

Ал сарапшы Арман Байғанов экономиканың тамырына қан жүгірту үшін үкімет қандай шаралар қабылдауы керек екеніне тоқталды. Оның айтуынша, елге қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалатын экономикалық реформалар қажет. Халықтың жалақысын өсіру жеткіліксіз. Айлық көтерілгенімен, ел экономикасы ақсаңдап тұрса, инфляция дәл былтырғыдай шарықтап кетеді. Сол себепті экономиканың өндірістік саласын қолға алған жөн.
"Қазақстанда, өкінішке қарай, кедей халықтың үлесі артып барады. Тұрғындардың табысы ең көп азық-түлікке жұмсалады. Бұл дегеніміз ауыл шаруашылығына, аграрлық-тамақ өнеркәсібіне реформа қажет екенін көрсетеді. Посткеңестік кеңістікті алып қарасақ, ең төмен еңбек өнімділігі – Қазақстанда. Ауыл фермерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдерімен бүкіл халықты қамтамасыз етпек түгіл, өз отбасын асырауға шамасы жетпейді. Бізде ауыл шаруашылығына қарағанда қорғаныс министрлігіне әлдеқайда көп ақша бөлінеді. Сыбайлас жемқорлық тағы бар. Бюджет қаржысы жымқырылып, шаруаларға жетпей қалып жатады. Осының бәрі, сайып келгенде, азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғып отыр", - дейді Байғанов.
Оқи отырыңыз: Тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған қарапайым азаматтардың кредиті кешіріледі
Сарапшы ауыл шаруашылығына шетелдік инвесторларды тарту қажет деп есептейді. Себебі олар ақша ғана емес, өзінің заманауи технологияларын, корпоративтік басқару мен мол тәжірибесін әкеледі. Бұдан бөлек, ол ауылдарға, жастардың жұмыссыздығы мен әлеуметтік жағдайына баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Байғановтың пікірінше, Қазақстанға мұнай-химия саласын дамытып, мемлекеттік кәсіпорындардың көбін жекешелендіру қажет.
Ал Асылхан Андашов қазіргі күрделі ахуалдан шығу үшін тек экономикалық реформалар жүргізу жеткіліксіз екенін айтады.
"Жаңаөзен мен Ақтауда әлеуметтік-экономикалық талаппен шыққан халықтың талабы артынша саяси салаға ауысты. Сондықтан Қазақстанға саяси реформалар да қажет. 2011 жылы Тунис, Египет, Сирия, Ливия сияқты елдерде әлеуметтік талаптармен басталған қозғалыстар неге алып келгенін жақсы білеміз. Сол себепті ондай сценарийді болдырмау үшін саяси реформа – үкіметтің басты назар аударуы қажет нәрсе деп білемін", - деді ол.

"Үлкен күмәнім бар"

Экономист Айдар Әлібаев та экономиканы жолға қою үшін, ең алдымен, саяси реформалармен айналысу керек деп санайды.
"Мен Тоқаевтың командасы үлкен шаруа тындырады дегенге сеніңкіремеймін. Неге? Өйткені министрлер кабинеті өзгерген жоқ, құрамына тек жаңа төрт министр ғана қосылды. Бірақ олар да кезінде біреудің орынбасары болған. Яғни, бәрі бір жүйеден. Ал олар сол жүйеде жұмыс істеп жүріп, ешқашан ештеңені жүзеге асырмаған. Олардың бүкіл жұмысы бағдарлама жазумен ғана аяқталып келді. Сондықтан мен, өкінішке қарай, бір нәрсе өзгере қояды дегенге үлкен күмәнмен қараймын",- деді ол.
Бұл ретте сарапшы саяси реформалар дегенде нені меңзейтінін айтты.
  • жеке меншіктің жүз пайыз қорғалуын қамтамасыз ету;
  • кез келген бизнесмен әділ шешімге қол жеткізетіндей тәуелсіз сот жүйесі;
  • үкіметтен тапсырмалардың нақты орындалуын талап ететін белсенді әрі тәуелсіз парламент;
  • әкімдер сайлауын енгізу.
"Міне, дәл осындай қарапайым саяси реформаларсыз, үкіметті толық жаңартпай Қазақстан экономикасын қалпына келтіру мүмкін емес", дейді Әлібаев.

Бүліктен зардап шеккен бизнес қашан оңалады

Сарапшы Асылхан Андашовтың айтуынша, бизнеске келген тікелей шығын көлемі ЖІӨ-ге немесе ел бюджетіне шаққанда үлкен сома емес. 100 миллиард теңге Қазақстанның бір жылдық бюджетінің 1%-ін де құрамайды.
"Оның үстіне "Қазақстан халқына" қоры арқылы көмек көрсетілетінін ескерсек, бизнеске аяқтан тұруға көп уақыт кетпейді", - деп санайды экономист.
Оқи отырыңыз: Көлігі өртенген қазақстандықтар кредитін әрі қарай төлеуі керек пе
Ал Арман Байғанов әріптесімен келіспейді. Оның пайымынша, зардап шеккен бизнестің оңалуы ұзақ уақыт алады. Бір, тіпті екі жылға созылуы ғажап емес.
"Әдетте саяси тұрақсыздық болғанда, халықаралық агенттіктер сол елдің кредиттік рейтингін төмендетеді. Мұндай қауіп Қазақстанға да төнуі мүмкін. Ал егер кредиттік рейтинг төмендесе, шетелден ақша тартатын компанияларға қарыз алу қымбаттайды. Бизнесмендер үшін кредит қымбаттайды", - дейді сарапшы.

Қазақстандағы бүлік

Қаңтар айының басында елдің батысында бейбіт митингтер өтті. Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шығып, автогаз бағасын литріне 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, халықтың талабын орындады. 
Артынша басқа қалалардың халқы да наразылық шеруіне шыға бастады.
Ал Алматыда наразылық соңы бүлікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратып, әкімшілік ғимараттарды өртеп жіберді. Алматы полиция департаментінің ғимаратына бірнеше рет шабуыл жасалды. Дүкендер, сауда орындары, банктер тоналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға террористер шабуылдағанын мәлімдеді. 
Осы оқиғалардан кейін Қазақстан басшылығы ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Осылайша республикаға 2 мыңнан аса ҰҚШҰ күштері мен 250 техника кіргізілді. Олар стратегиялық маңызды объектілерді күзетті. 
Елдегі бүлікке байланысты президент Қазақстан аумағында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. 
Соңғы деректер бойынша Алматыдағы бүлік кезінде бизнеске 112,6 миллиард теңге шығын келген.
Жаңалықтар
0