Қоғам

Әкімдер наразы халықпен тіл табыса алмады – сарапшылар негізгі себебін айтты

© Sputnik / Камшат АбдирайымМитинг в Актау
Митинг в Актау - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.01.2022
Жазылу
Саясаттанушылардың пікірінше, мемлекеттің әрбір қадамы халыққа түсінікті болуы керек, сонда ғана саяси реформалар ойдағыдай іске асады
НҰР-СҰЛТАН, 18 қаңтар – Sputnik. Қаңтардың басындағы оқиғалар билік пен халықтың арасындағы диалогтың деңгейін көрсетті. Әкімдер наразы халықтың алдына шықса да, жұртты сабырға шақыра алмады. Кейбір шенеуніктердің жүйкесі сыр берді. Халықтың шамына тиетін сөздер айтылды. "Жеке қауіпсіздігін" ойлап, орынбасарларын жібере салған басшылар да болды. Әкімдер жыл сайынғы есеп беру кездесуімен құтылғанды жөн көретін секілді. Содан болар, президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы мәлімдемесінде мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың трансформациясын жасау қажеттігін баса айтты. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген саясаттанушылар наразылықтар кезінде әкімдердің халықпен тіл табыса алмауына себеп болған негізгі мәселелерді атап, билік пен халықты жақындастыру жолдарын ұсынды.

 Бұрынғы тәжірибені жандандыру қажет

Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, президент бұған дейін мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмағанын білді. Сол себепті ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған болатын. Бірақ биліктің барлық тармағы өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындмаса, жалғыз кеңес арқылы халықтың сеніміне ие болу мүмкін емес.
"Мен өзім 90-жылдары үкіметте істеген адаммын. Сол кезде әрбір министрлік үнемі бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу өткізіп тұратын. Басшылар да редакторларды жиі жинап, "біз мынаны істеп жатырмыз, мына жерде былай сынаған екен, біз онымен келіспейміз, шын мәнінде, жағдай былай" деп өз жұмысын түсіндіріп отыратын. Иә, наразылықтар болды. Кеншілер де ереуілге шықты. Бірақ әкімдерден халықпен тікелей жұмыс істеуді талап ететін. Меніңше, сол форматты қайтаруымыз қажет, бәрібір тікелей қарым-қатынастан артық ештеңе жоқ", - дейді Сарым.
Бүгінде интернет дамыған заманда ақпаратты жедел жеткізуге де мүмкіндік бар. Алайда халықпен кері байланыс жоқ. Сол себепті пандемия аяқталғаннан кейін тікелей байланысты күшейту керек.
"Тәртібі бұрынғыдан еш өзгерген жоқ. Дәл солай шығу керек, дәл солай түсіндіру керек, дәл солай бәрімен ақылдасу керек. Бұрын министрлер редакцияларға өзі барып, журналистерге бәрін ежіктеп, түсіндіріп отыратын. Қазір ондайды көрмейсің", - деп қынжылыс білдірді Сарым.
Осы орайда сарапшы маңызды бір мәселеге назар аударды. Мемлекеттің әрбір қадамы халыққа түсінікті болуы керек. Сонда ғана саяси реформалар ойдағыдай іске асады.
"Грузияда реформа жасаған Каха Бендукидзе деген идеологтың бір сөзі бар еді. Кез келген реформаны іске асыру үшін үш адам қажет. Біреуі саяси шешімді қабылдайтын тұлға, екіншісі осының бәрін қағазға салып, орындауды талап етеді. Ал үшіншісі күні-түні теледидар арқылы халыққа түсіндіретін тұлға депті. Бізде саяси шешімді қабылдап, жауапкершілікті алып отырған тұлға бар. Ол – президент. Нақты тапсырма берілді. Әлихан Смайылов президенттің айтқанын қағазға түсірді. Енді осының бәрін орындауды талап етуі керек. Сосын ақпараттық тұрғыда тиісті жұмысты қолға алу қажет", - деді сарапшы.

Есеп берудің форматын өзгерту керек

Саясаттанушы Айдос Сарым министрлер мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулеріне де тоқталды. Ондай жиындардың форматын өзгертетін кез келді.
"Ондай кездесулердің қалай ұйымастырылатынын көріп жүрміз ғой. Алдын ала дайындалған сұрақтар, таныс аудитория. Сосын бюджет саласының қызметкерлерін жинап алады. Ашығын айту керек, бүгінде министрлер мен әкімдердің есеп беру кездесулері халық ұнатпайтын форматқа айналып кетті. Мысалы, бұрын әкім кәдімгідей аймақтарды аралап жүретін. Көлікпен шығып, халықпен төрт-бес сағат отырып әңгімелеседі. Халыққа осындай формат керек", - дейді Сарым.
Сарапшының ойынша, облыс әкімдерін жылына бір-екі рет әрбір ауданға баруды міндеттеп қою қажет.
"Газет арқылы осындай күні облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде халықты қабылдайды деп алдын ала хабарландыру беруге болады. Бір жағынан есеп береді, екінші жағынан нақты арыз-талаптарды жинайды. Міне, осыны бас кезінде міндеттеуге болады. Бірақ артынан әкімнің ішкі талабына, ішкі бір мәдениетіне айналуы керек", - деп атап өтті Сарым.
Қоғам да әкімдердің келгенін талап етуі керек. Бұрын халық ауданға келмей кеткен басшыларға газет арқылы "сәлем" жолдап тұрған. Қазір әлеуметтік желілерді пайдалануға болады. Сонда шенеуніктер жаңа нысанның лентасын кесуге емес, халықпен кездесуге келіп тұрады. 

Өркениетті түрде наразылық білдіру тетіктері жұмыс істемейді

Саясаттанушы Расул Жұмалы соңғы оқиғалар саяси жүйенің олқылығын көрсетті деп ойлайды. Өркениетті елдерде наразылықтар сайлау, жергілікті өзін-өзі басқару мен саяси партиялар құру арқылы шешіліп жатады. Қазақстанда ондай тетіктер бар. Бірақ толыққанды жұмыс істеп тұрмағаннан кейін халық көшеге шықты. Осы жолы наразылықтың арты қантөгіске ұласты.
"Бізде саяси партиялар бар. Бірақ халық оларға қаншалықты сенеді? Жалпы, халық олардың бәрін біле ме? Мәселен, қаңтардағы толқулар кезінде бірде-бір партия көрінген жоқ. Бастарын бұғып қалды. Сосын парламентке халықтың сөзін сөйлейтін бірен-саран адам өтсе де, парламенттің түпкілікті өзгергенін, жаңа бір лепті байқап отырған жоқпыз", - дейді Жұмалы.
Осы орайда сарапшы депутаттардың барлық шешімді бірауыздан қабылдайтынын сынға алды. "Көппартиялы парламент" деген мәртебесі болса да, балама пікір жоқ.
"Соңғы рет үкіметті тағайындаған кезде өздері сол үкіметті сынап келді де, ескі-жаңа үкімет ұсынылғанда барлығы бірауыздан қолдады. "Көппартиялы парламент" дейміз, алайда іс жүзінде көппартиялы парламентке ұқсамайды. Балама бір ой-пікірдің ортасы жоқ. Басқа елдерде сияқты дебат көрмейсің, қызу пікірталас жоқ. Ұйқылы-ояу сияқты. Меніңше, осы тетіктердің бәріне жан бітіру керек", - деп атап өтті Жұмалы.
Ал парламентте және мәслихатта халықтың сенімді өкілдері отырса, елдің талабы көшеде емес, залда айтылады. Биліктің құлағына да жетеді.
"Қазір халықта нарызылық бар, ашу-ыза бар. Бірақ соның бәрін өркениетті түрде шығаратын тетіктер жұмыс істемейді. Сондықтан алаңға шығу, қайтадан дүрбелең жасау және тағы басқа тәуекелдер сақталып отыр", - деді Жұмалы.
 
Жаңалықтар
0