Театр қалай құрылды
Театр 1955 жылы Талдықорған қаласындағы Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде шаңырақ көтерді. Театрдың 1955-1959 жылдардағы репертуарында қазақ драматургиясынан Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің "Абай", Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз", "Қарақыпшақ Қобланды", Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" және т.б. пьесалары қойылды. Аталған шығармаларды театрдың бас режиссері қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев сахналады.
Театр іргетасының берік қалануына Жақып Әбілтаев пен Виктор Дьяковтың орасан зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өткен орынды. Олар актерлердің басын қосып, труппаны үлкен ұжымға айналдыра алды.
1960 жылы Қазақстан мәдениет министрлігінің наурыз айындағы қаулысынан кейін театр Сыр өңіріне қоныс аударып, шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері – Ақтоқты" трагедиясымен ашты.
Тағы оқыңыз: "Екі езу" сатира театры туралы қызықты деректер
Театр Талдықорған қаласында қойылған бүкіл репертуарын қызылордалық көрермендерге де тарту етті. Атап айтқанда, Карло Гольдонидің "Екі қожаға бір қызметші", Николай Гогольдің "Үйлену", "Ревизор", Ғабит Мүсіреповтің "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш– Баян Сұлу" спектакльдерін көпшілік қауым қызыға тамашалады. Сондай-ақ, Қалтай Мұхамеджановтың "Бөлтірік бөрік астында", "Қуырдақ дайын", Садықбек Адамбековтің "Күн мен көлеңке" пьесалары да аншлагпен жүрді. Жақып Әбілтаев репертуар саясатын басты назарда ұстады. Оның режиссурасындағы Әлжаппар Әбішевтің "Кімге күлеміз?", Шахмет Хұсайыновтың "Есірткен ерке", Сәбит Мұқановтың "Мөлдір махаббат", Ақан Сатаевтың "Ақбөпе" пьесалары бойынша қойылған спектакльдерді көрермендер жылы қабылдады.
Театрдың шығармашылық ұжымы
Алғашқы жылдары театрдың әртістері құрамында қазір театр тарихында есімдері алтын әріппен жазылған майталман орындаушылар Жақып Әбілтаев, Баймолда Баймұқанов, Кәден Балғынбаев, Шолпан Бәкірова, Әбдіғұмар Кәнетов, Сағымбек Рақышев, Қыдырма Көпбаев, Кәшифа Көпбаева, Айнатай Манасбаева, Шәріп Мәрденов, Халық Саурықов, Раиса Тәшібаевалар болған еді. Осы кезеңде театр директоры Сағымбек Рақышев, бас режиссері Жақып Әбілтаев (1955-1962) болды. Аталған сахна дүлдүлдерінің өкшесін баса театрға келген жастар: Жібек Бағысова, Серік Шотықов, Рыстай Алдамжарова, Тұрысжан Айнақұлов, Фатима Айнақұлова талай рөлдердің шырайын ашты.
Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, ұлағатты ұстаз, Қазақ ССР-ның халық әртісі Асқар Тоқпановтың театрға келіп, спектакль қоюы үлкен өнер мектебіне айналды. Спектакльде Абайды ойнаған Сағымбек Рақышев, Әйгерім – Шолпан Бәкірова, Ажар – Жібек Бағысова, Айдар – Жорабек Шүленбаев, Баймағанбет – Баймолда Баймұқанов, Мағауия – Серік Шотықов өз кейіпкерін жете меңгеріп, әдемі актерлік ансамбль түзді. Бұл спектакльде Тәкежан –Тынымбек Пірімжанов, Әбіш – Тұрғанбек Әшімов тырнақалды рөлдерімен өзінің бойындағы талант ұшқынын танытып, болашағынан мол үміт күттіретінін аңғартты.
Алғашқы жылдардағы қиыншылықтарға қарамастан театр ұжымы Орал, Оңтүстік Қазақстан, Жезқазған облыстары мен Қарақалпақстан, Өзбекстанның Бұхара облыстарына гастрольдік сапарларға шығып, көпшіліктің эстетикалық талғамының артуына ықпал етті.
Осы жылдары өскелең өнер көрсеткен Шөлпан Бәкірова, Кәшифа Көпбаева қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі деген атақтармен марапатталды.
Театр репертуарында қандай қойылымдар бар
Театрдың биік шығармашылық белестерді бағындыруына айрықша еңбек сіңірген режиссердің бірі - Мен Дон Ук (1962-1963). Оның режиссурасымен қойылған "Қаракөз" спектаклі көркемдік тұтастығымен, эмоциялық терең сезімдерді қозғай алуымен ерекшеленді. Режиссер театрдың талантты орындаушылары Жібек Бағысованың (Қаракөз), Серік Шотықов (Дулат) пен Тұрысжан Айнақұловтың (Асан) актерлік шеберлігін жарқыратып аша білді.
Тағы оқыңыз: Құдыс Қожамияров атындағы театр туралы қызықты деректер
Театрдың өсіп жетілуіне өз үлесін қосқан режиссердің бірі - 1963-1964 жылдардағы театрдың бас режисері Рубен Суренович Андриасян. Оның режиссурасымен қойылған Карла Гольдонидің "Қонақ үйдің қожасы", Оразбек Бодықовтың "Қайдасың, әке?", Шыңғыс Айтматовтың "Жәмила" спектакльдері театрдың даму жолында өзгеше із қалдырды.
1964 жылы театрға Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультетін бітірген Маман Байсеркенов режиссер болып келді. Бір жылдан кейін бас режиссерлік қызметке тағайындалып, 1970-жылдарға дейін театрдың көркемдік жетекшісі болды. Бұл тұста театр репертуарына күрделі пьесалар таңдау, кейіпкерлердің психологиялық көңіл-күйіне назар аудару, орындаушылардың рөл үстіндегі жұмысын жандандыру әдістері қарастырылып, театрдың кәсіби қалыптасуына мән берілді. Бұрынғы этнографиялық-натуралистік сарыннан біртіндеп арылып, шарттылыққа ден қойылды.
Жастық жалынмен өз ісіне қызу кіріскен Маман Байсеркенов шығармашылық батыл эксперименттерге бара алды. Ол Цырен Шагжиннің "Сандықтан шыққан сайтан", Бейімбет Майлиннің "Майдан", Мұхаметқали Хасеновтың "Бетпе-бет", Берқайыр Аманшиннің "Таныстық керек", Шыңғыс Айтматовтың "Ана -Жер ана", Асқар Тоқмағамбетов пен Оразбек Бодықовтың "Арман азабы" пьесаларын сахналады.
Осы спектакльдегі комиссар Шолпан Бәкірова, Алексей – Тұрысжан Айнақұлов, Вожак – Халық Саурықов, Қырылдауық – Оралбек Әбдімомынов ойындары әдемі актерлік ансамбльге ұласып, шынайы бейнелер жасалды. 1968 жылы "Оптимистік трагедия" спектаклі үшін театрға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Сол 1967 жылы театр эстетикалық талабы мен талғамы биік Алматы қаласының көрермендеріне алғаш рет есеп беру ниетімен гастрольдік сапар жасады. Гастрольде Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз", Карла Гольдонидің "Қонақ үйдің қожасы", Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер ана", Асқар Тоқмағанбетов пен Оразбек Бодықовтың "Арман азабы", Всеволод Вишневскийдің "Оптимистік трагедиясы" астаналық көрермендердің талқысына ұсынылды. Гастроль қорытындысымен Шолпан Бәкірова – Қазақстанның халық әртісі, Жібек Бағысова, Тұрысжан Айнақұлов, Оралбек Әбдімомынов – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі деген атақтарға ие болды.
Тағы оқыңыз: Театр әртістерінің жалақысы қанша
Көрнекті авторлардың айтар ойы салмақты күрделі шығармаларын сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қарқынды дамудың үлгісін көрсеткен ұжымға 1967 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді.
Маман Байсеркенов режиссурасымен жарық көрген келесі спектакль – Мұхтар Әуезовтің "Қарақыпшақ Қобыландысы" актерлердің кеңінен танылуына жол ашты. Атап айтқанда, Қобыланды – Тынымбек Пірімжанов, Қазан – Мейірманов, Алшағыр – Тұрысжан Айнақұлов, Көбікті – Шәріп Мәрденов, Көклан – Шолпан Бәкірова, Қарлыға – Жібек Бағысова, Құртқа – Сәнім Масина, Бірсімбай – Теміров, Қараман – Оралбек Әбдімомынов пен Серік Шотықов спектакльде жаңа қырынан көрінді.
Маман Байсеркеновтің батыл ізденісін танытқан келесі туынды – Александр Штейннің "Толасы". Мұнда жас актер Тынымбек Пірімжановтың Ленин бейнесін сомдауы үлкен құбылыс ретінде қабылданды. Өйткені кеңестік идеология салтанат құрып тұрған сол кезде пролетариаттың "күн көсемін" батылдықпен сомдап, көрермен алдына "тірі" Ленинді шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік болатын.
Сонымен қатар, Мейірмановтың – Позднышевы, Тұрысжан Айнақұловтың – Гущасы, Әбдібаевтың – Иваны, Жібек Бағысованың – Таськасы жан-жақты бедерленіп, қазақ сахнасына тағы бір сүбелі туындының келгенін паш етті.
"Толас" спектаклі театрға қазақ ССР мәдениет министрлігінің дипломын алып берді. Сондай-ақ, Маман Байсеркенов кезінде Шолпан Бәкірова, Жібек Бағысова, Тұрысжан Айнақұлов, Кәшифа Көпбаева, Оралбек Әбдімомынов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атақтарын алды.
Өнер ордасында жұмыс істеген режиссерлер
Театрда белсенді қызмет еткен режиссерлер Исмайыл Құрымов, Төлеш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев театрдың әрі қарай дами түсуіне аянбай атсалысты.
Төлеш Тұңғышбаев қойған Сәкен Жүнісовтің "Ажар мен ажал", "Тұтқындар" спектакльдері режиссердің ұтымды шешімдерімен, шебер мизансценалық иірімдерімен есте қалды.
Тағы оқыңыз: Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының құрылу тарихы
Исмайыл Құрымов сахналаған Мұстай Кәрімнің "Ай тұтылған түн", Мар Байджиевтің "Жекпе-жек" спектакльдері сол кездегі КСРО халықтарының шығармаларын сахналау талабына нақты жауап бере алды. Мұстай Кәрімнің трагедиясында Таңқабике – Шолпан Бәкірова, Дәруіш – Оралбек Әбдімомынов, "Жекпе-жекте" Әбдібаев пен Пірімжанов шеберлігін танытты.
Театрлардың бір-біріне режиссерлерді шақыруы, спектакльдер қойғызып тәжірибе алмасуы заңды құбылыс. Бұл жас актерлердің шеберлігін шыңдап, әрбір ұжымға жаңа серпіліс беру үшін аса қажет. Қызылорда театры да әр кездері әртүрлі спектакль қоюға Райымбек Сейітметов, Есмұхан Обаев, Анархан Садирова, Иван Ширшов, Тұрғанбек Ашимов, Таңат Досбаев және т.б. режиссерлерді шақырып, репертуарды жаңартып отырды.
Тағы оқыңыз: "Наз" мемлекеттік би театры туралы не білеміз
Театр тарихында қазақ сахна өнерінің жұлдыздары – Қазақстанның халық әртісі, социалистік еңбек ері Серке Қожамқұлов пен КСРО халық әртісі Сәбира Майқанова Сыр сахнасы үшін арнайы келіп, өз шәкірттерімен бірге сахнада өнер көрсетуі үлкен мәдени құбылыс болды. Сол кездері жалындаған жастық қуатымен күрделі рөлдерді еркін игере бастаған Ізбасқан Шәкіров пен Рашида Түгелбаева осы тарлан актерлермен бірге өнер көрсетті. Бұл актерлік ойынды шыңдаудың салиқалы мектебіне айналды.
Өрелі өнерпаз ұлттық драматургиядан Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісов, Қалтай Мұхамеджанов, Құдаш Мұқашев, Қапан Сатыбалдин, Амантай Сатаев, Шахмет Құсайынов, Әнуар Әлімжанов, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Нұрлан Оразалин шығармаларын сахналап, ұлт драматургиясының дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, Асқар Тоқмағамбетовтен бастап, Оразбек Бодықов, Зейнолла Шүкіров, Саид Баязитов, Қомшабай Сүйенішов секілді жергілікті драматургтер еңбегіне ден қойып, Сыр топырағында да драматургия жанрының өсіп-жетілуіне мұрындық болды.
Тағы оқыңыз: Әлем жұртын өнерімен баураған "Астана балет" театры
Жоғарыда аталған ондаған қойылым арқылы сатыланып барып биіктеп, классикалық туындыларға қадам басқан режиссер Хұсейін Теміровтің "Король Лир" спектаклі 1977 жылғы классикалық шығармалардың республикалық байқауында ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Осында басты рөлдерді сомдаған Серік Шотықовтың Сайқымазағы І дәрежелі, Тұрысжан Айнақұловтың Лирі мен суретші Серік Пірмаханов еңбегі ІІ-ші дәрежелі дипломды иеленді. Шолпан Бәкірова мен Жібек Бағысованың, жас орындаушы Әйгерім Арысбаеваның еңбектері театр сыншылары мен мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
Ол пьесаның өзегінен өрілген комедиялық оқиғаларды ащы әзіл-оспақпен трагедиялық әжуаға дейін көтеріп, моральдық таным-тәрбиені шенеп, адамның теріс қылықтарын сыншыл күлкімен өткір әшкерелейді. Бұл спектакль үшін театр Венгер Халық Республикасы мәдениет министрлігінің арнайы қола жүлдесіне ие болса, режиссурасы үшін Хұсейін Теміров бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды.
Театр иеленген жүлделер мен марапаттар
1976 және 1978 жылдары Қызылорда театры ВЦСПС пен КСРО мәдениет министрлігінің ауыспалы Қызыл туын және ақшалай сыйлығын екі мәрте жеңіп алды. Сондай-ақ, театр 1978 жылы Қарақалпақ АССР-ы жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен де марапатталып, үлкен абыройға ие болды.
Тағы оқыңыз: Максим Горький атындағы театр туралы қызықты деректер
1979 жылдың 15-31 мамыр аралығында театр ұжымы Нүкіс қаласына үлкен гастрольдік сапармен барды. Онда Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері –Ақтоқтысы", Уильям Шекспирдің "Король Лирі", Мұхтар Әуезовтің "Түнгі сарыны" мен "Еңлік – Кебегі", Шахмет Құсайыновтың "Біздің Ғаниі", Дулат Исабековтің "Әпкесі", Тахауи Ахтановтың "Күшік күйеуі", Ақан Сатаевтың "Ақбөпесі" және Қарақалпақ драматургі Кеңесбай Рахмановтың "Келін" комедиясы көрсетілді. Репертуардағы шоқтығы биік спектакльдерімен барған театр ұжымы қарақалпақтықтарға үлкен өнер мерекесін сыйлап, өздері де көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді.
1981 жылы театр ұжымы Фридрих Шиллердің "Зұлымдық пен махаббат" трагедиясымен КСРО-дағы ГДР драматургиясының фестиваліне қатысып, фестиваль лауреаты деп танылды. Бұл атаққа Хұсейін Теміров пен суретші Серік Пірмаханов та ие болды. Мәскеуден келген театр сыншылары облыстық қазақ театрының классикалық шығарманы қоюдағы талпынысына, суретші мен режиссердің көркемдік шешімдеріне оң бағасын берді.
Тағы оқыңыз: Қазақтың "Қыз Жібегі" Меруерт Өтекешова жайлы не білеміз
1985 жылы театрдың жаңа ғимаратқа көшірілуі, сахналық көрініске кең мүмкіндік ашты. Әсіресе, айналмалы сахнаны пайдалану, дыбыс беру жүйесінің кең тынысты үні мен жарық аппаратураларының жақсаруы орындаушылардың шабыттана ойнауына ықпалын тигізді.
1990 жылы Алматыға гастрольдік сапар кезінде Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш–Баян сұлу", Шыңғыс Айтматовтың "Жанпида" романы бойынша қойылған "Ақырзаман", Иран-Ғайыптың "Күшігінен таланған", Қомшабай Сүйенішовтің "Сен де жалғыз, мен де жалғыз" пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көрсетілді.
Театрдың биік белестерден көрінуіне режиссер Ерғали Оразымбетовтың (1988-2001) сіңірген еңбегі елеулі болды. Жаңашыл режиссер ондаған тамаша спектакльдерді жарыққа шығарды және жергілікті авторлармен де шығармашылық бірлікте жұмыс жасады. Ол Дулат Исабековтың, Сұлтанәлі Балғабаевтың, Тынымбай Нұрмағамбетов пен Қалдарбек Найманбаевтың, жергілікті драматургтер Қомшабай Сүйенішов, А.Кіребаевтардың драмалық шығармаларын сахналады.
Тағы оқыңыз: "Оскар" жүлдесін кімдер иеленді
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін театрдың жаңа тынысы ашылып, 1997 жылы Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театры болып, бүгінгі атауын алды.
Кез келген театрдың шығармашылық келбетін театр фестивальдері кезінде анық байқауға болады. Өйткені фестиваль нағыз мықтылардың күш сынасар мәресі екенін ешкім жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан қарасақ Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театры жоғарыда айтып кеткеніміздей, өздерінің көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальдерге қатысып, қанжағаларын майлап қайтқаны мәлім.
2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арнап өткізілген XI республикалық театрлар фестиваліне драматург Тұрар Әліпбайдың "Исатайдың барында" спектаклімен қатысып, II орынды иеленді.
Сол сияқты Қостанай қаласындағы Қапан Бадыровтың 100 жылдығына арналған XIІ республикалық театрлар фестиваліне (2004 жыл) Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің шығармаларынан құрастырылған "Аласапыран" спектаклімен қатысып, II орынды иеленді.
Тағы оқыңыз: Жасампаз "Жастар" театрының құрылу тарихы
2005 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған түркі халықтары театрларының халықаралық "Наурыз" фестиваліне де осы спектакльмен қатысып, Талтаңбаевтың бейнесін сомдаған әртіс Руслан Ахметов "Ең үздік ерлер бейнесін жасағаны үшін" номинациясын жеңіп алып, фестиваль лауреаты атанды.
Осы жылы Қызылорда қаласында өткен Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтің 100 жылдық мерейтойына арналған XII республикалық театрлар фестиваліне Уильям Шекспирдің "Макбет" трагедиясымен қатысып, бас жүлдеге ие болды.
Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған XVII республикалық театр фестиваліне (2009 жыл) Сұлтанәлі Балғабаевтың "Өтірік айтпайтын адам" трагикомедиясымен қатысып, театр әртісі Байдалиева "Әйел бейнесін үздік сомдағаны үшін" номинациясымен марапатталды.
Алматы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III халықаралық театр фестиваліне (2010 жыл) Рақымжан Отарбаевтың "Мұстафа Шоқай" драмасымен қатысып, "Саяси әлеуметтік тақырыпты көтергені үшін" номинациясын иеленді.
Тағы оқыңыз: Халық әртісі Әмина Өмірзақова туралы қызықты деректер
2012 жылы Түркия мемлекетінің Кония қаласында өткен "Мың тыныс және бір дауыс" атты түркітілдес театрларының халықаралық фестиваліне Тургай Нардың "Төбекөз" спектаклімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды.
Қызылорда қаласында Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII республикалық фестиваліне (2014 жыл) Мұхтар Әуезовтің "Қаракөз" трагедиясымен қатысып, "Сахналық актерлік ұзақ ғұмыр" номинациясымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Алпысбаев, "Үздік сценографиялық шешім" номинациясымен қоюшы-суретші Пірмаханов марапатталды.
2014 жылы театр Астана қаласында өткен халықаралық тілдер фестиваліне қатысып, Лондоннан, Санк-Петербургтен келген театрлармен Дулат Исабековтің "Өкпек жолаушы" пьесасы бойынша ағылшын, орыс тілінде қойылған спектакльдермен жарысқа түсті. Қазақстан театрлары атынан қатысқан Сыр театры қазақ тілінде Дулат Исабековтің "Ескі үйдегі екі кездесу" спектаклін көрсетті. Шетелдік қонақтар сыр бойының өнерпаздары ұсынған спектакльді жоғары бағалап, Нартай Бекежанов театрын тілдер фестивалінің жеңімпазы ретінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы өнер күндеріне аталған спектакльмен шақырды.
Театр қай елдер мен қалаларға гастрольдік сапармен барды
2015 жылдың сәуір айында театр ұжымы Лондонға барып, алғаш рет ағылшын сахнасында қазақ тіліндегі спектакльді көрсетті. Англия астанасы Лондонның төрінде орналасқан Британ корольдік музыкалық театр сахнасында қойылған бұл спектакльді ағылшынның өнер сүйер қауымы тамашалап қазақ артистеріне зор ілтипат білдірді.
Тағы оқыңыз: Әйелі Әбілхан Қастеевке неліктен иіліп сәлем салды
Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына орай 2017 жылы сәуір айында Әзербайжан елінде Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері аясында театр ұжымы Әзербайжанның ақын, жазушы-драматургі, қоғам қайраткері, философ Мирза Фатали Ахундзаденің "Кетпейсің! Болды, кетпейсің…" комедиясын Баку және Шеки қаласының көрермендеріне ұсынып қайтты. 2018 жылдың мамыр айында Әзербайжан елінің Шеки қаласына арнайы гастрольдік сапармен барып, Дулат Исабековтің "Ескі үйдегі екі кездесу" драмасын сәтті ұсынып қайтты.
Сонымен қатар, 2018 жылы Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестиваліне Рақымжан Отарбаевтың "Нарком Жүргенов" драмасы үш бірдей номинацияны қанжығасына байлады. Театр ұжымы "Ұлттық авторлардың үздік драмасы" номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара рөлін сомдаған Бақытбек Алпысбаев "Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі" номинациясымен және Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов марапатталды.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда көп балалы жұлдыздар кімдер
Бүгінде театрда "Нартайдың бүлдіршіндері" атты қуыршақ тобы жұмыс атқарып келеді. Репертуарында "Достық қымбат бәрінен", "Ит пен мысық, тышқан дос", "Тапқыр бұзау", "Алдаркөсе, Қарадәу + супер тасбақа", "Балапан", "Қаңбақ шал", "Тосын сый", "Тоқта! сақтан, жол ашық!", "Адасқан тышқан", "Балапан қораз" және "Ауыл иті Ақбай" спектакльдері бар.
2014 жылдан бастап жастар труппасы қызмет атқаруда.
Қазіргі таңда театрдың көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темір өзінің мол тәжірибесімен шығармашылық ұжымға жүктелген күрделі міндеттерді жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек етуде.
Театрдың алғашқы іргетасы қаланған сәттен бастап-ақ оның әдеби-мәдени өмірі назардан тыс қалған жоқ. Бүгінге дейін шығармашылық жолы үздіксіз айтылып та, жазылып та келеді. Белгілі театр сыншылары Қуандықов, Құндақбайұлы, Сығай, Қадыров аталған театрдың жекелеген спектакльдеріне қатысты мақалаларын өз кітаптарында жариялаған. Одан басқа Байсеркеұлы, Оразалин, Рақышев және т.б. қайраткерлердің ой-толғамдары республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді.