Мәдениет

Дулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...

© Sputnik / Тимур БатыршинДулыға Ақмолда
Дулыға Ақмолда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі театрдың көрермені кім? Театрда қандай жаңашылдықтар бар? Актерлік мамандықтың қиындықтары қандай? Бұл туралы белгілі актер Дулыға Ақмолдамен сұхбаттастық

АСТАНА, 19 қаңтар — Sputnik, Айгерім Таубай. Театр мен кино саласында жетістікке жетіп, көзі қарақты көрерменнің көзайымына айналған танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолдамен тілшісі бүгінгі театрдағы жаңашылдық пен актердің алдағы жоспарлары жайында әңгімелесті.  

— Театрда ауыс–түйіс болып жатқаны белгілі. Қандай өзгерістер күтесіз?

— Осы уақытқа дейін театрды өнерге деген, өнер азаматына деген көзқарасы өте жоғары азамат Асхат Маемиров басқаран болатын. Қазір Жүргенов атындағы өнер академиясына ауысты. 

Смағұл Елубай - Sputnik Қазақстан
Смағұл Елубай: Құдайын ұмытқан қазіргі қоғамнан қорқамын...
Ал бізге Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына көпшілікке танымал Сәбит Әбдіхалықов басшылық қызметке келді. Сәбит тек эстрадада ғана емес, өзін продюсерлік бағытта да танытып жүрген азамат. Дәл қазір осындай өнер саласындағы жігіттердің басшылыққа келіп жатқаны қуантады. Театр басшысының өнер саласын түсінетін, театр үшін жаны ашитын өнер адамының болуын құптаймын. 

Жаңа келген басшылықтан әрқашан жақсылық күтеміз. Өзім өнер адамы болғандықтан творчестволық серпіліс күтемін. Театр репертуарына классикалық жаңа қойылымдар қосылуы мүмкін. Сәбит бұл қызметке жақында ғана келді. Осы істерді қолға алатынына сенемін. Барлығымызға белгілі Сәбит Әбдіхалықов осы уақытқа дейін Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрын басқарды. Бұл салада тәжірибесі мол азамат.  

- Театрдағы қойылым қандай  себеппен тоқтатылады? Көрермені таусылғанда ма? Әлде арнайы бір уақыт белгіленген бе?

— Көрерменге байланып қалған ештеңе жоқ. Спектакль өз мәресіне жеткен кезде тоқтауы керек. Актерлердің жасы есейіп кетуі мүмкін немесе қойылым өз өзектілігін жояды. Одан кейін декорация, костюм тозады. Дегенмен, театрда ұзақ жылдан бері үзіліссіз қойылып келе жатқан қойылымдар бар. Көп жағдайда  спектакльдің  тоқтауы өзектілігін жоюдан болады.

Бірақ біз көрерменді кінәламауымыз керек. "Мына қойылымға неге көп келеді, неге мынаған аз келеді" деп айып таға алмаймыз. Өйткені көрерменнің талғамына қарау керек. Терең философияға құрылған қойылымның көрермені аз болады. Ал оның көрермені аз екен деп көрсетілімнен алып тастауға болмайды. Комедиялық қойылымдар көрерменге жақын болады. Бұрыннан солай болған, солай жалғаса бермек. Театрдағы комедия мен әзіл–сықақ театрларының арасын ажырата білу қажет. Театрдағы әзілдің астарында өз айтары болады.  

Тағы оқыңыз: 

- Қазіргі театрдың көрермені кім? Зиялы қауым өкідерін театрдың тұрақты көрермені деп айта аламыз ба? 

— Неге екені белгісіз зиялы қауымды театрдан көре бермейміз. Ащы да болса шындық – осы. Премьераларда анда–санда бой көрсетіп қалады. Ол кісілерді кінәламаймын. Театрдың көрермені қашан да жастар. Біз зиялы қауым деп атап отырған кісілер жас күнінде, студент кезінде театрдан шықпай, қойылымды жібермей, театрмен сусындап өскен, тұрақты көрермені болған азаматтар. Студенттер театрға келмесе, рухани өсу болмайды. Құрдастарыммен кездесуде театр жайында жиі айтылды. Себебі студенттік өмір театрмен тығыз байланыста өткен. Кейінгі кезде жұмыс бабымен келе алмай кеткендер өкінішін айтып жатады. Дегенмен, театрға деген көзқарас сол қалпында. 

© Sputnik / Тимур БатыршинДулыға Ақмолда
Дулыға Ақмолда - Sputnik Қазақстан
Дулыға Ақмолда

- Театрдағы жаңашылдық жайында әңгімелессек. Өткен жылы "Жүрегімнің иесі" қойылымының премьерасында болдым. Залдағы көрермен бұл бағыттағы қойылымға дайын болмаған секілді. "Шешінгендерді басқа да жерден көруге болады емес пе? Не түрткі болды екен?" деп қалдым. Аталған қойылым болсын, басқа да қойылымда сахнада әртістің, театр әртісінің жалаңаштануына деген көзқарасыңыз қандай?

— Театр бір орнында тұрмай, үнемі өзгерісте болуы керек. Әуезов атындағы драма театр –  қара шаңырақ, рухани байлықтың мекені, отандық театрлардың бастауы. Ол бір орнында, дәстүрлі қалпын сақтап тұруы керек деген оймен келіспеймін. 

қолына кісен салынған азамат - Sputnik Қазақстан
Әлем
Танымал актер 40 жыл бұрын қыз зорлағаны үшін сотқа шақыртылды
Дәстүрлі қойылымдар қалуы керек. Сонымен қатар театрда эксперимент деген бар. Экспериментке бармаса, театр өспейді. Бұл жағынан да Әуезов  театры құр алақан емес. "Жүрегімнің иесі" қойылымын эксперимент деп айта алмаймын.

Біз эксперимент десек, құлағын теріс жағынан қаситындар елестеп кетеді. Экперимент актердің, режиссер, драматург, суретшінің  ойындағы өзгеріс. Өзгерістен қорықпау керек. Ал кейде эксперименттен қорқып жатады. Себебі кейде шаш ал десе, бас алып, артық сілтеп жіберетін кездер болады. Мұны да жасырмау керек. Ол да керек.

Театр ешқашан көрерменнің жетегінде кетпеуі тиіс. Көрерменді керісінше өз соңынан ертуі керек. Ал "мына жерде неге жалаңаштанып кетті?", "мына жерде неге киімі басқаша болмады?" дейтін болсақ, онда әңгіме бөлек. Осы мәселеде көрермен дайын емес дегенді мен құптаймын. Өйткені театр болғаннан кейін түрлі әдіске  баруға болады. Ал актерлерді, әсіресе актрисаларды жалаңаштау, сахнада анайылыққа бару секілді көріністерді жібермеуге тырысу керек.

Тағы оқыңыз: 

Менің ойымша, бұл –  режиссердің шешімі. Мұны басқа жолмен де жеткізуге болатын еді. 

Мейлі, басты рөлдегі қыз шешінсін делік. Драматургия бойынша, бұл – әйел затын жалаңаштап тастау, яғни әйелде бүкпесіз сыр қалған жоқ. Ал әйел заты ешқашан да сырын жоғалтпайды. Сынын жоғалтса да, сырын жоғалтпайды.

- Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, сіз шертпе күйдің шебері, сазгер, қобызшы екенсіз. Және 1993 жылы "Үкілі үміт" байқауының жеңімпазы болыпсыз. Толығырақ айтып берсеңіз. 

— Сазгерлікпен, өлең жазумен әуестенбейтін өнер адамы жоқ деп ойлаймын. Ән шығарумен барлық шығармашылық адамы айналысады. Ал жұртшылыққа өзімнің әндерімді жариялаудан алыстаумын. 

Қылмыстық іс - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Әуезов атындағы театр директоры Ерлан Біләлдің ісіне қатысты жаңа дерек шықты
Ал "Үкілі үміт" байқауында Қадырғали Көбентай деген атақты курстасым және інім Саян Ақмолда үшеуміз топ болып шықтық. Саян қобызда ойнайды, мен домбыра, Қадырғали гитарамен өнер көрсетіп, лауреат болдық. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, Қалдыбек Құрманалиевтің "Қариялар азайып бара жатыр" әнін орындадық. Үш дауыста ән айттық. Өте ерекше топ болды. Сосын мен театрға кеттім.  Творчествомыз солай тоқтап қалды. Жақсы бастама болып, сол кезде бейнебаян түсірдік. Қазіргідей технологиялар жоқ, бірақ ерекше топ болдық деп айта аламын. Мағжан Жұмабаевтың "Қайың" өлеңіне ән жаздық.

Ал өзімнің композиторлығыма келер болсақ, ол тек өзім үшін ғана. Достармен бас қосқанда болмаса, халыққа менің әнім деп жариялап жүрген жоқпын. Ол менің мақсатым емес. Мені қобызшы деген ақпарат ғаламторға бір еніп алды да, оны шығару қиын болып қалды. Қайдан шыққаны маған белгісіз. Мен қобызшы емеспін. Менің інім қобызшы. Қобыз тартатыным бар, бірақ қобызшымын деп айта алмаймын.

Адам қобызды үйренбейді, қобыз адамға қонады. Кез келген қобыз тартатын адамды қобызшы деп атауға болмайды. Тұрып та қобыз тартып жүргендер бар. Оларды қобызшы деп есептемеймін. Қобыз аспаптардың ішінде киелі аспап. Қылқобызда жеңіл сарын жоқ. Қобызда әуен деп те, ән деп те атамайды. Қобызда сарын деп атайды. Ал сарын деген философия.

Тағы оқыңыз:

Мені қобызшы деп салып жіберіпті. "Біржан сал" фильмінде бір–екі жерде қобыз тартатыным бар. Соған қарап жазып жіберген болу керек. Осы жалған ақпараттан құтыла алмай жүрмін. Мен мектепте бес жыл музыкалық мектепте оқығаным бар. Облыстық жарыстан өтіп, республикалық жарысқа қатысқанмын. Сол кезде аудан бойынша республикалық байқауға өткен мен ғана екенмін. Сол тұста мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев болатын. Сол кісінің қолынан "Шертпе күйдің шебері" деген диплом алғанмын. Бұл сонау 1986 жылдарда болды. 

- Мақсатым композитор болу емес деп қалдыңыз. Нені көздеп келесіз?

— Қазақстанда профессионалдар азайып кеткен сияқты. Көп жағдайда  өз орнында отырмаған адамдарды көресің. Соларды көргенде әкемнің сөзі есіме түседі. Әкем "Бір жерден көгересің" дейтін. 

Жолаушылар - Sputnik Қазақстан
Танымал актер мас күйінде ұшақта жанжал шығарды - видео
Бір мамандықты алып, соның түбіне жет. Содан адам боласың деп айтатын. Актерлік жай мамандық емес. Оған неге мен ананы бір, мынаны бір қосуым керек? Алдымен бір мамандықтың иесі болып алайын. Соның биігіне жетейін деген мақсат қойдым. Өзімді өнердің шыңына жеттім деп айта алмаймын. Мен үнемі айтып жүремін, актерлік – жоғары мамандық.

Болған бір оқиғаны айтып берейін. Бір журналдың редакциясымен соттасамын дегенге дейін бардым. Атын атамай–ақ қояйын. Бір жігіт журналға сұхбат берген. Сонда үстіне әлгі жігіттің атының жанына әнші–актер деп жазып қойыпты. Ол тіпті әнші де емес. Әнші деген де үлкен статус. Сосын мен бұл жігітті отырып зерттедім. "Қандай әнші? Қандай актер?" дедім. Қарасам, екі сериалға түскен екен. Оның қандай сериал екенін де білмеймін. Қандай рөл ойнағанын білмеймін. Әншілігіне қарасам, бір–екі бейнебаян түсірген, фонограммамен өлең айтады екен. Өзін әнші, сосын актер деп жариялап қойыпты. Журналға хабарласып: "Бұл әнші ме? Актер ме? Вы какое имеете право?" дедім. Онда дәлелдеуі керек қой.

Мысалы, мен өзімді "Дулыға Ақмолда — актер" деп жазсам, қанша рөл ойнағанымды, сахнада қанша тер төккенімді, қанша  тамағымды жыртқанымды, қандай репетициядан өтетінімді, қандай ыстық пен суықта киноға түскенімді дәлелдеуім керек. Мен актер екенімді дәлелдей аламын. Ал ол жігіт бір–екі сериалға түсіп, өзін актермін деп жариялап жүр. Қолында не дипломы да жоқ. Актер деген мамандықты қалай төменге түсіріп жібердік. Ол қазір де бар. Қарасаң, екінің бірі актер. Талай осылай ерегіскен кездерім болды. Көрермен көрсін, саған баға берсін деймін. Көрерменнің ішінде де көзі қарақты көрерменнің бағасын білу керек. Сосын барып өзін әнші немесе актер деп атауға болады. 

Тағы оқыңыз:

- Актер деген кім?

— Актер, біріншіден мамандығын игерген, өз мамандығына адал адам. Егер актер өз мамандығына адал болмаса, одан ешқашан актер шықпайды. Актер күн сайын сынақта жүреді. Кейде менен "мына рөлге қалай келдіңіз?" деп сұрайды. Актер кез келген жағдайға дайын болуы керек. Психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да. Кез келген рөлге дайын жүруі керек. Бізде бір жыл бұрын мына рөлде ойнайсыз деп айтылмайды. Рөл берілген соң арада бір ай, көп дегенде екі ай өтеді. Сол аралықта дайындалып үлгеруің керек. Сол рөлді алып шығуың қажет. Актердің сүрінетін жері де осы, не болмаса бұрқ етіп көтерілетін жері де осы. 

—  Қиын сәттерде сахнаға шыққан кездеріңіз болды ма?

— Театрға 39-40 градус температурамен келіп, спектакльде ойнаған кез көп. Бір жылдары ангинам болды. Бұл актер үшін қауіпті. Өйткені сен кешке сахнаға шығуың керек. Дене қызуың ангинамен қатар көтеріледі. Сондай жағдайда сахнаға шығып ойнаймыз. Ол тек мен ғана емес, тетардағы әртістердің басынан өтетін жағдай.

Менің түсінігімде сахна қасиетті, құдіретті ұғым. Кейіпкеріңе еніп, ауруынан айығып кететін кездер болады. Арамызда "образға кіріп шыға алмай тұрмын" деген қалжың сөз бар. Негізінде, сол сөздің шындығы да бар. Өз кейіпкеріңді ойнамай, бұл рөлде шын мәнінде өмір сүрген кезде, аурыңды ұмытып кететін кездер болады.

- Дәл осылай сахнада өмір сүрген, жаныңызға ең жақын қойылым?

— "Іштен  шыққан шұбар жылан" деген сөз бар ғой қазақта. Ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Әрқайсысының мен үшін орны бөлек, бәрі биік.

- Бүгінде жеке театр ашып, жастарды театр әлеміне жетектеп жатқан ағаларымызды көріп жүрміз. Жеке театр құру ойыңызда бар ма?

— Ондай ойсыз болмайды, әрине. 

Самал Еслямова - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Самал Еслямова жаңа қырынан танылды
Театрдың көп болғаны жақсы. Жеке театрлардың ашылып жатқаны қуантады. Менің де ойымда бар. Бірақ "Арман густой, карман пустой" деген. Бұл бір спектакльдегі сөз. Театр ашу үшін үлкен қаражат керек. Бұл бірінші  мәселе. Спонсор іздеп театр ашуға болады, бірақ оның болашағы болу керек. Ары қарай жылжуы тиіс. Бюджеті үлкен болуы керек деген кезде, арман, ойдың барлығы жан–жаққа шашырап кетеді. Барлығы қаржыға тіреліп тұр. Қазақ театрларын көбейткен сайын көрерменнің театрға деген көзқарасы мен талғамы өсер еді. 

- Білуімше, тұрақты түрде күнделік жазасыз. Әдебиет пен театрды егіз ұғым десек, артық болмас. Өзіңіз драматургияда қалам тербеп, тың идеяларыңызды қаламгер ретінде қағазға түсіру ойыңызда бар ма?

— Бала күннен, студент шақтан бері күнделік жазамын, бірақ барлығы көшіп жүріп сақталмай қалды. Біразын жоғалтып алдым. Арасында күнделіктен бөлек өз ойымды жазғаным да бар еді. Ол да жоғалып кетті. Әлі күнге дейін жазып жүрмін. Оның да жазылу түрлері бар ғой. Мен барынша қарапайым жазғанды жақсы көремін. Өсек термеуді жөн көремін. Ал әзірге жазушылықпен айналысуға уақыт жоқ. Оған үлкен дайындықпен, сеніммен, жауапкершілікпен келу керек деп ойлаймын. Мынау менің жазғаным, ал оқыңдар деп оқырманды, көрерменді қинағым келмейді. 

© Sputnik / Тимур БатыршинДулыға Ақмолда Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр
Дулыға Ақмолда Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр - Sputnik Қазақстан
Дулыға Ақмолда Sputnik Қазақстан тілшісімен сұхбаттасып отыр

Анкеталық сұрақтарға келсек…

47 жасыңызда неге жеттіңіз?

— Жеттім деп айту өте қорқынышты нәрсе. 

10 жылдан кейінгі Дулыға Ақмолда?

— Оны бір Алла көрсетеді.

– Қандай әкесіз?

— Жақсы әкемін деп ойлаймын. Өйткені менің үш қызым бар. Ал қызға тәрбие беру өте қиын. Пайғамбарымыз айтқан ғой: үш қызы бар адам жұмаққа барады, – деп. Ол сөздің тереңіне  үңілсек, қызға тәрбие беру өте қиын. Пайғамбарымыз соны меңзеп отыр. Қыздарымды жетілдіріп, жеткізіп, аяқтандыру — өмірдегі мақсатымның бірі. Жақсы әке болмасқа шара жоқ.

- Қандай жарсыз?

— (Күледі) Өте кереметпін демей–ақ қояйын. Жақсы жармын.

– Актер болмасаңыз кім болар едіңіз?

— Актер болмасам, архитектор болар едім. Сызуды, сурет салғанды жақсы көргенмін. Тағы бірі сот болғым келген. Атам заңгер болды. Ол кісі заң қызметкері болғанымды қалады. Нумерологтар маған өздері "егерде сіз заң қызметкері болғаныңызда сіздің карьераңыз мықты болатын еді" деп айтып жатады.

– Нумерологияға сенесіз бе?

— Жоқ, сенбеймін.

Театрдағы ең жақын партнер?

— Барлығы жақын. Ішінде өнерде қатар келе жатқан үзеңгілес құрдастарымды ерекеше атар едім. 

Өзіңізді екі сөзбен сипаттап берсеңіз.

— Өзім емес, өзгелердің мені сипаттағаны дұрыс болар.

Жаңалықтар
0