АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik, Нұргүл Абай. Бір жұмадан кейін мәңгіге тарих қойнауына енетін 2018 жыл қуанышты жаңалықтарға кенде болған жоқ. Десе де ақ пен қара алмасқан өмірде көңілге қаяу түсіретін оқиғалар да болатыны заңдылық. Санаулы күндерден кейін есіктен қол бұлғайтын Ит жылы қазақстандықтар үшін жанға батар жаңалықтарымен де есте қалғалы отыр. Осы орайда Sputnik Қазақстан тілшісі өткен жылы елді елең еткізген атышулы оқиғаларға шолу жасағанды жөн көрді.
Ақтөбеде тірідей өртеніп кеткен 52 өзбек
Ит жылының басы Қазақстан үшін ауыр трагедиядан басталды. 18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара-Шымкент тас жолында 57 жолаушы мінген автобус түгі қалмай жанып кетті. Қайғылы оқиға Қалыбай ауылына жақын маңда болған еді. Қызыл жалын 52 адамның өмірін жалмап кетті. Оның барлығы – Өзбекстан азаматтары. Қазақстандық үш жүргізуші мен екі өзбек азаматы өлім аузынан аман қалған. "Ажал" автобусы Қазан қаласына бет алған болатын.
Тергеу барысында жанып кеткен автобустың жолаушылар тасымалын жүргізуге рұқсаты болмағаны анықталды. Оның үстіне, техникалық тексерістің мерзімі өтіп кеткеніне екі жыл болған.
Жүргізушілердің сөзіне сенсек, автобус жолда тоқтап қалған соң, жолаушылар дәнекерлеуші шамды қосып, жылынып отырған. Сол сәтте ер адамдар арасында жанжал шығып, ашуға булыққан жолаушы шамды теуіп, құлатып жібереді. Салдарынан көлік өртене бастайды. Ал жүргізушілер есікті ашқан бетте автобус ішіне оттегі кіріп, өрт одан бетер күшейген. Екі қабатты автобустың жоғарғы қабатында жолаушылар отырса, бірінші қабатына жүк тиелген екен. Сондықтан жолаушылар көліктен шығып үлгермеген. Автобус небәрі жеті минут ішінде түгі қалмай жанып кетті.
9 қарашада аталған іске нүкте қойылды. Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен жүргізушілер Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, олар жеті жыл бойы көлік жүргізе алмайды. Ал Шымкенттегі "Азия транзит" ЖШС құрылтайшысы Нұрлыбек Тілепбаев 3 жыл 6 айға, автопарк механигі Бахадүр Пердебаев 3 жыл 6 айға сотталды.
Бұған қоса, сотталғандар жәбірленушілердің әрқайсысының отбасына 2 миллион теңге моральдық шығын өтейтін болды.
Биыл көктемде 7 жасар баланың зорланғаны туралы тараған ақпарат күнгей жұртшылығын ғана емес, бүкіл елді дүрліктірді. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы бес-алты ай бойы зорлап келген. Бала бұл жайт туралы отбасына былтыр тамызда айтқан екен. Туған-туысқандары бірнеше мәрте полицияға барып, мекеменің табалдырығын тоздырса да, тәртіп сақшылары арызды тек қаңтар айында қабылдаған. Істің жүруіне аудандық білім бөлімі мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытқан.
Қоғам наразылығын тудырған оқиғаға облыс әкімі де бей-жай қарап отыра алмады. Жансейіт Түймебаев Абай ауылында болған келеңсіз жайтқа байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық жайлы Қазақстан президенті де айтқан болатын.
"Іс ұзаққа созылып, туған-туысқандарын әуре-сарсаңға салды. Бәрібір ештеңе таба алмай, дәлелдей алмадық. Неге екенін білесіздер ме? Барлық жерде туысқандары отырған. Бұл іспен айналысқан полицейлер де – туыстары, жоғары органдарда да туыстар, одан жоғарыда да – туыстары, бәрі істі жабу үшін жасалған", — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Тіпті бүлдіршіннің зорланған-зорланбағанын анықтау үшін халықаралық сарапшылар тартылды.
Төрт күдіктінің ішінде қылмыс жасалған сәтте тек біреуі ғана осындай жаста болған. Оның әрекеті ҚК 121-бабы 4-тармағы (көрінеу жас балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық) бойынша сараланды. Қалғандарына қатысты 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Жаз ортасында Абай ауылының тағы да "атағы" шықты. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 22 жастағы жігіт Sputnik Қазақстан тілшісіне екі ер адамның үш жыл бойы өзін қалай зорлағанын айтып берді. Ауыл тұрғыны ол кезде 16 жаста болған. Екі ер адам оны зорлап қана қоймай, өздерінің лас әрекетін видеоға түсіріп отырған. Кейін видеоны интернетте таратпау үшін жәбірленушіден ақша бопсалаған.
Содан бері алты жыл ішінде бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, айғақтың жетіспеушілігіне байланысты іс тоқтатылып келген. Кінәлілер әлі бостандықта жүр. Әділдік іздеген жас жігіт амалсыздан бұқаралық ақпарат құралдарының көмегіне жүгінді.
Денис Теннің мезгілсіз қазасы қазақ қоғамына ой салды
2018 жыл, шілденің 19-ы. Бұл күнді қазақстандықтар мәңгі ұмытпайтыны анық. Тапа-тал түсте Алматының қақ ортасында мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді көлік ұрылары пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы бір айнаның кесірінен жарқ етті де, жоқ болды.
Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін қамауға алынды.
Ширек ғасырлық ғұмырында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның атын әлемге әйгілеп, спорттың осы түрін дамытуға білек сыбана кіріскен спортшының мезгілсіз қазасы қоғамға ой салғаны анық. Елді есеңгіреткен оқиғадан кейін жұртшылық Қалмұханбет Қасымовтың отставкаға кетуін ашықтан-ашық талап етті. Тіпті Қазақстан полициясына реформа жүргізуді сұрады.
Көп ұзамай Астана мен Алматы қалаларының полицейлері базарларға тексеріс жүргізіп, автобөлшектерді заңсыз сатып, пайда табатындардың ізіне түсті.
Ал осыдан он күн бұрын Денис Теннің өліміне қатысты іс сотқа жолданды. Жақын арада ол Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады. Процесті судья Кеңшілік Әбделдинов жүргізеді.
Қытайдан қашқан қазақ келіншегі
Отбасымен қауышу үшін Қытайдан қашуға мәжбүр болған Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына барша қазақ алаңдады. Осы жылдың мамыр айында шекараны заңсыз кесіп өткен қандасымызды Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері үйінен ұстап алып кеткен болатын.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай ұл-қызымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келуді жоспарлаған. Алайда Сайрагүл Қытайда құпия саналатын "саяси үйрену орталықтарында" жұмыс істегендіктен, оған "мемлекет құпиясын әшкерелемеу" туралы қолхат берген. Қытай оны тарихи отанына жібермеу үшін төлқұжатын тартып алады. Осылайша, қазақ келіншегі Қытайда қалып, ал жұбайы мен балалары Қазақстан азаматтығын алып, атажұртқа оралады.
Барша Қазақстан халқы екі жыл көрмеген балаларымен сағына қауышқан ананы Қытайға қайтармауды талап етті. Көптің тілегі қабыл болып, сот та оң үкім шығарды. Шілденің басында басталған сот бір айға жуық уақытқа созылды. Тамыздың бірінші жұлдызында Алматы облысының Панфилов аудандық соты этникалық қазақты 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмайды, Сайрагүл Сауытбай алты ай пробациялық бақылауда болады.
Сотта қандасымыздың мүддесін белгілі адвокат Абзал Құспан қорғады.
Алайда Сайрагүл Сауытбайдың босқын мәртебесін беруді сұрап жазған өтініші қанағаттандырылмады.
Олжас Сүлейменовтің жиені Ескендірдің өмірін қиған жол апаты
Жүргізуші қызға ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылды. Атышулы іске қатысты алғашқы сот отырысы Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында 12 қазанда басталды. Сот процестеріне зардап шеккен тараптан марқұмның анасы Лейла Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан қатысты. Ал Олжас Сүлейменов жиенінің қазасынан кейін денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп қалған. Сондықтан сот отырыстарына қатыса алмады.
Соттағы соңғы сөзінде 29 жастағы Малика марқұмның ата-анасынан тағы да жылап кешірім сұрады. Алайда марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға жасаған үндеуінде қыздың шын өкінгеніне сенбейтінін айтқан болатын.
Жол апатына қатысты іске 13 қарашада нүкте қойылды. Сот үкімімен Малика Мұхитова кінəлі деп танылып, екі жылға сотталды. Сондай-ақ сот оны бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Сотта Маликаның мүддесін қорғаған адвокат Дмитрий Куряченко сот үкімімен келіспейтінін айтып, шағым түсіретінін мәлімдеді.
Тағы оқыңыз: Полковниктің қызы сотта соңғы сөзін сөйледі
Қоғамда резонанс тудырған жол апатынан кейін журналистер ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан сотталушының әкесінің ендігі тағдыры туралы сұраған еді. Министр мырза Қызылорда облысы полиция департаментінің басшысы Қайрат Мұхитовтың өз қызметінде қалатынын айтты.
Ал жуырда Олжас Сүлейменов отандық БАҚ-тың біріне берген сұқбатында жиенінің өліміне кінәлі Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды сұраған еді.
Белгілі актердің бірінші әйелі "квартиранттың" қолынан көз жұмды
Баспананы үш қыз жалға алып тұрған. Марқұмның денесін үлкен ұлы Досхан Кәкімов балконнан тауыпты. Сол күні Досханның өзі де бір ажалдан аман қалған. Айтуынша, анасын пышақтаған әйел оны да өлтірмек болған. Алайда ол көшеге жүгіріп шығып, адамдарды көмекке шақырған.
Гүлдерайымның артында Досханнан басқа кәмелетке толмаған тағы екі ұлы қалды. Анасынан айырылған ұлдарын енді актер Рахман Омар өз қамқорлығына алмақ.