Қоғам

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: полковниктің қызына сот үкімі шықты

© Sputnik / Владислав ВодневМалика Мұхитова сот залында
Малика Мұхитова сот залында - Sputnik Қазақстан
Жазылу
27 жастағы Ескендір Сүлейменов осы жылдың 22 маусымында Астанада жол апатынан көз жұмған болатын

АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында Ескендір Сүлейменов қаза болған жол апаты бойынша іске нүкте қойылды. Сот айыпталушыны кінəлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, сондай-ақ бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырды, деп хабарлады тілшісі сот залынан. 

"Малика Мұхитованы Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша кінəлі деп танып, 5 жылға көлік  жүргізу құқығынан айыра отырып, қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде (қоныс колониясы — Sputnik) жазасын өтеумен екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін", — деп үкімді оқыды судья Қанат Тобағалиұлы. 

Сот Мұхитоваға қатысты бұлтартпау шарасын үкім заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырды. Кейін қызды қамауға алады. 

"Сіздің тарапыңыздан заң бұзушылықтар болғаннан кейін, сот сізді қылмыстық заң бұзушылық жасағаныңыз үшін айыпты деп таныды. Барлық сарапшыдан жауап алынғаннан кейін, сот осындай қорытындыға келіп отыр. Сіздің татуласуға ниетіңіз болғаны ескерілді, алайда зардап шеккен тараптың ұстанымын ескере отырып, сот қатаң жаза белгіледі. Дегенмен сот сізді үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауға алмайды. Егер сіз үкіммен келіспесеңіз, 15 күн ішінде шағымдана аласыз", — деп түсіндірді судья Қанат Тобағалиұлы.

Малика Мұхитованың адвокаты Дмитрий Куряченко журналистерге сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеді. 

"Сот үкіміне шағым түсіруге 15 күн беріледі. Менің қорғауымдағы адам бұл мүмкіндікті пайдаланады деп ойлаймын. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Бірақ мен қорғаушы ретінде оның бұл істегі жағдайын жеңілдету үшін барлық мүмкіндікті, амал-тәсілдерді қолдануым керек", — деді ол.

Жол апаты қалай болды?

Малика Мұхитова - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: ата-анасы халыққа үндеу жасады

Жол апаты осы жылдың 22 маусымында Астанадағы Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болды. Белгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменовтің немересі мотоцикл жүргізіп келе жатқан. 27 жастағы Ескендір Сүлейменовтің мотоциклі Hyundai жеңіл көлігімен соқтығысады. Көлік рөлінде Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова отырған. 29 жастағы қыз солға бұрылу кезінде мотоциклшіге жол бермей, салдарынан жас жігіт оқиға орнында көз жұмды.

Малика Мұхитоваға  ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-тармағы бойынша (Жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) айып тағылды. 

Марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады

Жол апатына қатысты сот процесі алғаш басталғанда 29 жастағы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді. Сот отырыстарына зардап шеккен тараптан Ескендірдің анасы Лейла Сүлейменова мен әкесі Сергей Хан қатысып жүрген еді. Жас жігіттің атасы, белгілі ақын Олжас Сүлейменов немересі қаза болғаннан кейін денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп қалған. Сондықтан ем қабылдауына байланысты сот процесіне қатыса алмайтынын айтып, хат жазып жіберген еді. Оны сотта зардап шеккен тараптың адвокаты Дамир Сандинов оқып берді.

Олжас Сүлейменов - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Жалғыз немерем". Адвокат сотта Олжас Сүлейменовтің хатын оқып берді

24 қазанда өткен сот отырысында марқұмның ата-анасы сотталушыдан 14 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өндіруді талап етті. Оған жанып кеткен мотоциклдің құны, жерлеу рәсіміне жұмсалған шығын мен сот процесімен байланысты шығындар кірген. Журналистерге берген сұқбатында марқұмның анасы Лейла Сүлейменова материалдық шығынды көрсетуді судья Қанат Тобағалиұлы талап еткенін мәлімдеді. Алайда судья оның сөзін жоққа шығарып, оларды ешкім мәжбүрлемегенін, бұл жәбірленуші тараптың құқығы екенін түсіндірді. 

Кейін марқұмның отбасы материалдық шығынды өтеу туралы талап-арызды қайтарып алды. 

Прокурор қанша жыл сұрады?

9 қарашада өткен жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Әлішер Бараев сотталушы Малика Мұхитованы екі жылға бас бостандығынан айыруды және үш жыл көлік жүргізуге тыйым салуды сұрады.  

"Жаза мерзімін белгілеу кезінде Қылмыстық кодекстің 53 пен 54-баптарында қарастырылған қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды қарастыру керек деп санаймын. Қылмысты алғаш рет жасап тұрғаны және өз кінәсін мойындауы жазаны жеңілдететін жайт болды. Айыптаушы тарап жазаны ауырлататын жайтты байқаған жоқ", —деп мәлімдеді прокурор. 

Марқұмның ата-анасы да мемлекеттік айыптаушының сұрауымен келісіп, сотталушының қамауға алынуын талап етті.

Малика Мұхитова сотта соңғы сөзін сөйледі

Малика Мұхитова - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Ескендірді түсімде көрдім" Полковниктің қызы сотта соңғы сөзін сөйледі

12 қарашада өткен сот отырысында айыпталушы Малика Мұхитова сотта соңғы сөзін сөйледі. Ол Ескендір Сүлейменовтің ата-анасынан тағы бір мәрте кешірім сұрап, бас бостандығынан айырмауды өтініп жылап жіберді. 

"Бұлай болғанын қалаған жоқпын. Егер сіздерде бір тамшыдай түсіністік болса, тағы бір мәрте өтінемін, мені кешіріңіздерші", — деп жылады ол. 

Айыпталушы осыдан екі ай бұрын Ескендір оның түсіне кіргенін айтты. 

"Ақ киіммен жағажай маңында жүгіріп жүр екен. Маған қарап күлімсіреді, бір кішкентай қызбен ойнап жүрді. Сол сәтте мен онда бәрі жақсы шығар деп ойладым", — деді Малика. 

Ал кеше таңертең марқұмның ата-анасы қазақстандықтарға үндеу жасап, сотталушының шын өкінгеніне сенбейтінін айтқан болатын.

Жаңалықтар
0