АСТАНА, 18 қыркүйек — Sputnik. Әскери қызметшілерді баспанамен қамту жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Бүгін Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Заң жобасы арнаулы мемлекеттік органдардың, атап айтқанда қарулы күштердің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне арнайы ақшалай төлемақы арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған", — деді мәжілісте жаңа заң жобасын таныстырған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету олардың әскери қызметте еңбек еткен жылдарына байланысты жүзеге асырылады. Осылайша қазіргі уақытта әскери қызметшілер үш санатқа бөлінген.
"Бірінші санаттағы қызмет мерзімі 10 жылға жетпейтін әскери қызметшілерге қызмет ететін уақытында ғана қызметтік баспана беріледі, ол болмаса үй жалдауға нысаналы өтемақы төленеді. Екінші санаттағы қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін болатын әскерилерге қалған құнын өтеп, жекешелендіру құқығымен баспана беріледі. Үшінші санатқа 15 жылдан астам қызмет еткен әскерилер жатады, олардың 20 жыл қызметтен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіру құқығы бар. Қызметтік баспананы жекешелендіруге беру мүмкін болмаған жағдайда оған біржолғы ақшалай өтемақы төленеді", — деп баяндады министрдің орынбасары.
Дегенмен, оның айтуынша, әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесі бүгінде барлық мәселені толық шешуге қауқарсыз. Біріншіден, тұрғын үй қоры шектеулі болғандықтан, екінші және үшінші санаттағы әскерилерді қызметтік баспанамен толық қамту мүмкін емес. Ал оларға тұрғын үй жалдауға өтемақы қарастырылмаған.
"Бұл жерде әлеуметтік әділетсіздік бар. Екіншіден, әскерилер қызмет етіп жүрген жылдары баспанамен қамтылады да, ал зейнетке үйсіз шығады. Яғни, әрі қарай баспана мәселесін шешу жергілікті атқарушы органдардың құзырына өтеді, олардың да тұрғын үй қоры шектеулі", — дейді Сқақов.
Бұдан бөлек, бюджеттік қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр. Бірінші санаттағы әскерилердің 10 жыл бойы төленетін ай сайынғы өтемақысына жыл сайын республикалық бюджеттен 47 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
"Егер ештеңе өзгертпесек, біздің есептеуіміз бойынша, 2018 жылы бұл шығындар 14 миллиард теңгеге артуы мүмкін. Ақыр соңында әскери қызметшілер баспанасыз қалып, үй жалдауға шығынданады", — деп атап өтті ол.
Сондықтан тұрғын үй мәселелерін шешудің жаңа жүйесі әзірленіп отыр. Оны әзірлеген кезде бүгінде арнайы мемлекеттік органдар жүйесінде тиімді пайдаланылып жүрген тәжірибе негізге алыныпты.
"Заң жобасы бойынша, біріншіден, баспана жалдауға берілетін өтемақыны тұрғын үй төлемдеріне ауыстыру ұсынылып отыр және ол еңбек өтіліне байланыссыз баспанаға мұқтаж барлық санаттағы әскерилерге төленуі керек. Бұл тетік бюджеттік қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы үй жалдауға төленетін өтемақы жалға берушілер мен қарулы күштердің қызметтік үй қорын салуға бағдарланған. Нәтижесінде әскери қызметші де, мемлекет те үйді алмайды", — деді вице-министр.
Екіншіден, 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызмет мерзімі 10-нан 15 жылға дейінгі әскери қызметшілерге қызметінің 20 жылынан кейін өтеусіз жекешелендіру құқығын қайтару ұсынылып отыр. Осы норма екінші және үшінші санаттағы әскерилер арасындағы шектеуді жоюға мүмкіндік береді.
"Үшіншіден, жекешелендіруге жатпайтын, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставалары мен комендатураларда орналасқандықтан қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемінен екінші деңгейдегі банктегі шотына қаражатты 50 пайыз мөлшерінде аудару қарастырылады. Төртіншіден, әскери қызметтен шығару кезінде әскери қызметшілерге олардың тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген кезі үшін біржолғы ақшалай төлемақы төлеу ұсынылады. Бұдан бөлек, әскери қызметтен шығарылған, бірақ жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жатқан адамдарға жекешелендіру құқығының орнына өтемақы төлеу керек, бұл Қорғаныс министрлігі, ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бар қызметтік тұрғын үй қорын босатуға мүмкіндік береді", — деді вице-министр.
Сонымен қатар, әскери қызметте 20 жыл және одан да көп жыл еңбек ететін, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен тұрғын үйсіз шығарылған және жекешелендіру құқығының орнына өтемақы алмаған әскери қызметшілерге ақшалай өтемақы төлену қарастырылады.
Парламент заң жобасын 2018 жылдың бірінші қаңтарына дейін қабылдауды көздеп отыр.