АСТАНА, 31 тамыз – Sputnik. Қайғылы оқиға таңертең Қарағанды облысы Шахтинск қаласының маңында "Казахстанская" шахтасында орын алды. Алдын ала болжамдар бойынша, метанның жарылысы салдарынан үш кенші қаза тауып, төртеуі зардап шеккен.
Зардап шеккендер Қарағанды облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Олардың жағдайы орташа деп бағаланады. Оқиға орнында ТЖ жою жөніндегі комиссия жұмыс жасауда.
Сәтсіз таң
31 тамыз күні таңғы 4 шамасында АО "АрселорМиттал Теміртау" АҚ мәліметтері бойынша автоматтандырылған газды қорғаныс операторы тау-кен диспечеріне 332 Д6-1-3 желдетпе түйілісінің кенжарындағы метанды бақылау датчиктеріндегі ақпараттың жоғалғаны және шахтаның батыс бөлігіндегі желдетпе ұңғысында метан деңгейінің артқаны туралы хабар береді. Оқиға орнына тау-кен құтқарушыларының екі бөлімі жөнелтілді. Апат кезінде шахтада 136 адам, оның үшеуі апаттық қазба орнында болған.
Компания: "Таңғы сағат 6 шамасында бұл орында шахтерлердің жансыз денелері табылды", — деп хабарлайды.
Дәрігерлер қолында
ТЖ нәтижесінде қаза тапқандар: Ахметжанов Рустам Ренатович, 1983 жылы туған, Руденко Валерий Валентинович, 1980 жылы туған, және Шебанов Максим Сергеевич, 1986 жылы туған. Үшеуінің артында әйелдері мен балалары қалды.
1970, 1964 және 1991 жылдары дүниеге келген тағы үш ер адам – метанмен уланып, ауруханаға жеткізілді.
Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Исаның Sputnik Казахстан хабарлағанындай, "Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, орташа болып бағаланады. Қазір олардың естері кірді. Ауруханаға метанмен улану салдарынан келді. Оларға барлық қажетті емдеу шаралары мен тексерулер жүргізіліп жатыр". Тағы бір зардап шеккен азамат амбулаториялық ем қабылдауда.
Төтенші жағдайдың болуы мүмкін себептері
"Казахстанская" шахтасындағы төтенше жағдайдың алдын ала себептері газодинамикалық құбылыс деп аталды, соның салдарынан метан шашылған.
"Газодинамикалық құбылыс болды – газ бен метанның кенеттен шашылуы. Көмір пласттарын әзірлеу уақытша тоқтатылды, қазіргі уақытта газсыздану жүргізілуде", — деп хабарлады журналистерге шахта директоры Александр Забелин.
Сондай-ақ, құтқарушылардың жұмысын метанның көп концентрациясы қиындатқаны хабарланады.
"Мамандар түспек боған кезде, кенжардағы газ концентрациясы ұйғарынды 4%-да 70%-ды құрады. Қазір бастысы – шахтаны газсыздандыру. Содан кейін ғана оны іске қосуға болады" – деді облыстық ТЖД департамент басшысы Ибрагим Күлшімбаев.
Мән-жайды талқылау
ТЖ салдарын жоюға 60 тау құтқарушы қатысты. Қазіргі уақытта ТЖ себептерін тексеру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Оған облыстық ТЖД, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті, еңбек министрлігі және "АрселорМИттал Теміртау" компаниясының мамандары қатысты.
ТЖ дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 156-бабының 4-бөлімі бойынша "Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы" қылмыстық іс қозғалды.
Отбасыларға көмек
Бейсенбі күні түстен кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Компания басшылығы мен қызметкерлері қаза болғандардың отбасы мен туыстарына қайғысына ортақтаса көңіл айтады. Қаза тапқандардың отбасына толық көлемде көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімінің барлық шығындарын компания өз мойнына алады", — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Қарағандының маңында орналасқан "Казахстанская" шахтасында ТЖ 1994 жылғы 7 шілдеде болған. Ол кезде жарылыс салдарынан үйіндінің астында қалып қойған 14 адам қаза болған.
Соңғы ірі апат Қарағанды облысының шахталарында 2016 жылғы 10 қарашада болған.