АСТАНА, 31 нау – Sputnik. Қазақстаның сегіз облысында су тасқыны күшейіп тұр. 12 мың құтқарушы апатпен күреске дайын.
Төтенше жағдайды алдын алу бойынша жұмыстар қызу жүріп жатыр: су басқан үйлерден адамдар, мал қауіпсіз жерге көшірілуде, бөгеттер нығайтылып, өзендердегі мұз жарылып жатыр.
Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Жарлы ауылында қар суы 9 жеке үйді басқан. 31 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар туыстарының үйлеріне орналастырылды.
"Қарқаралыда қар әлі де көп. Оңтүстікте – Балқаш пен Приозерскіде қар жауды. Соңғы екі күн бойы жауған нөсер жауын мен жылы жел қарды жылдам ерітті. Бірақ әлі 30 пайыз қар бар", — деп хабарлады облыстық ТЖД басшысы Ибрагим Күлшімбаев.
Сондай ақ, Шет, Нұры және Осакаровск аудандарын су басу қаупі зор. Мұны ғарыштық мониторинг пен мамандардың жасаған өлшемі көрсетіп отыр. Құтқарушылар қар қоры әлі де зиян келтіруі мүмкін деген сенімде. Сондықтан өзендерге тәуліктік бақылау жүргізу жалғасып жатыр.
Еріген қар суы Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында жолдарды басты.
Ал Павлодар облысында су тасқыны темір жолды шайып кетті. Жолаушылар пойыздары 31 наурыз күні Ресей аумағымен айналып өтуге мәжбүр болды. Осылайша, кейбір пойыздардың жолы 16 сағатқа дейін жетті. Қазіргі уақытта темір жол бойынша пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Боралдай өзенінде су деңгейі көтеріліп, соның салдарынан Боралдай және Тайманов елді мекендері арасындағы күнделікті жаяу жүргіншілер көпірі бұзылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта су деңгейі біршама төмендеді. Мониторинг жүргізілуде. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ.
Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы "Қоңыртөбе-1" су қоймасында қар еріп, су бөгеттен шығып кетті. Шұғыл түрде су ағызылып, дамба күшейтілді. Қазіргі уақытта жағдай қалпына келтірілді. Жамбыл облысының "Жаңажамбылдық" саяжай аймағында Аса өзені тасып, 9 саяжай учаскесі мен бір үйді су басты.
Қостанай облысында өзендердегі мұздың жиналуына жол бермеу мақсатында Қамысты ауданындағы Тобыл өзенінде жару жұмыстары жүргізілді. Құтқару бөлімшелері тәулік бойы толық дайындық үстінде.