"Яндекс Такси" жүргізушілерінің табысы туралы ақпарат прокуратураға жіберіледі

Яндекс Такси арқылы табыс тапса да, қасақана алимент төлемейтін адамдар бар
Sputnik
АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. Алматы прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Меморандумның негізгі мақсаты - алимент төлеуден жалтарғандарды анықтау. Себебі бүгінде қабылданған шараларға қарамастан, формальді түрде жұмыссыз, бірақ іс жүзінде сандық платформалар, соның ішінде Яндекс Такси арқылы табыс тапса да, қасақана алимент төлемейтін адамдар бар.
Былтыр Яндекс.Таксиде табысын жасырып жүрген 110 адам анықталған болатын. Сол кезде 57-сіне әкімшілік шара қолданылса, 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу қолға алынған болатын.
"Ал келісім, жүйелі және заңды ақпараттық өзара іс-қимылды, жедел мәлімет алмасуды, сондай-ақ кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге жәрдемдесуді көздейді", - дейді прокурорлар.
Айта кетері, бұған дейін Астанада төрт баланың әкесінен алимент бойынша 196 миллион теңгенің берешегі өндіріп алынды.
Алимент төлеудің орнына ақшаны құмар ойынға жұмсаған алматылық жауапқа тартылды