АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Алматының әкімі Дархан Сатыбалды жөндеу жұмыстары кезінде асфальт пен жиектастарды жөнсіз ауыстыруға қатысты ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін қала басшысы Бостандық ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа сквер салу және Есентай өзеніндегі көпірдің қайта жаңарту жұмыстарымен танысты.
Ауданда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында Торайғыров көшесінде жаяу жүргіншілер аймағын көркейту шаралары атқарылып жатыр.
"Сапар соңында қала әкімі ақаусыз жиектер мен асфальтты жөнсіз ауыстыруға көңілі толмайтынын айтып, шынымен де зақымданған, мүжілген тұстарға ғана жөндеу жүргізуді тапсырды", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі қызметіне 24 мамырда кіріскен болатын. Екі күннен кейін Тоқаев оны Ақордада қабылдап, мегаполисті дамытудың негізгі міндеттерін айқындап берді.